$ 499.51  525.83  4.62

Ерлан Арынға тағылған айыптар шындыққа жанаспайды – қорғаушылар

Павлодар облысының бұрынғы әкімінің қорғаушылары оған тағылған айыптың расталмағанын айтты, деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Естеріңізге сала кетейік, осыған дейін Ерлан Арын өзіне тағылған айыптармен келіспейтіні және кінәсін мойындамайтыны хабарланған болатын.

«Ерлан Арынға тағылған айып қисынсыз әрі негізделмеген. Тағылған айып алдын ала тергеуде де, соттың іс қарауында да расталмады», – деді қорғаушы Айжан Сабирина.

«Менің пікірімше, адамға мұндай ауыр айып тағу үшін айқын дәлел керек. Бұл тергеудің 10 ай бойы жүргізілгені аз болғандай, оның үстіне тергеу сапасыз жүргізілді. Нәтижесінде қылмыстық іс материалдарындағы он эпизодтың екеуі ғана қалды», – деді қорғаушы.

Сонымен қатар, Ерлан Арынның адвокатының айтуынша, тергеу ақша өндіру мен оны алу дерегін, әрі кәсіпкерден ақша ұрлау дерегін дәлелдей алмады. «Тағылған айыпты заңсыз және ойдан шығарылған деп есептейміз. Сапаровтың (Бағұстар Сапаров – Ерлан Арынның бұрынғы көмекшісі – Авт.) барлық ақшаны менің қорғауымдағы адамның атын жамылып алған деп есептеуге негіз бар. Ал, Ерлан Арын бұл жағдайды білмеген. Айта кету керек, Сапаров өз кінәсін күдікті болғаннан кейін ғана мойынған. Ол жазадан құтылу үшін менің қорғауымдағы адамға жала жапқаны анық. Сотқа Ерлан Арын емес, Сапаров тартылуы керек еді. Оның өз қылмысын мойындауына келтірілген барлық деректер расталмады», - деп мәлімдеді Сабирина. Осылайша қорғаушы келтірілген дәлелдерге негізделе отырып, соттан бұрынғы әкімді айыпсыз деп танып, оның тыйым салынған мүлкін қайтару арқылы, сот залында босатуын сұрады.

Ерлан Арынның тағы бір қорғаушысы Күлжан Ержанова тергеудің біржақты айыптаумен жүргізілгенін айтты. «Тергеушілер Сапаровтың өз берген жауабын бірнеше рет өзгерткеніне назар аудармады. 2013 жылдың желтоқсанынан 2014 жылдың шілдесі аралығында ол күдікті статусында болды. 1 шілдеде ол айыпталушы болып, сол күні одан жауап алынады, дәл осы күні оған қатысты тергеу мен қылмыстық іс тоқтатылады. Яғни мұның бәрі тергеудің біржақты айыптаумен жүргізілгенін тағы да бір рет дәлелдейді», – деді ол. Ержанова Ерлан Арынның көмекшісіне қатысты қылмыстық істің уақытынан бұрын тоқтатылғанын айтты. "Оған қатысты қылмыстық істің қайта жүргізілуі мәселесін көтеру керек. Сонымен қатар жалған куәлік бергені үшін қылмыстық жауапкершілікке тарту мәселесін қарау қажет», - деді ол.

Естеріңізге сала кетейік, мемлекеттік айыптаушы Радимхан Дудаева Павлодар облысының бұрынғы әкімі Ерлан Арынды мүлкін тәркілеумен бірге бес жылға бас бостандығынан айыруды сұраған болатын. Ерлан Арын осы жылдың наурызында ұсталды.  Павлодар облысының бұрынғы әкімі 1,6 миллион теңге көлемінде қаржы жымқырды, сондай-ақ тендерде жеңу үшін 5 млн теңгеден астам пара алды деп айыпталған еді. Ол 2013 жылдың 20 желтоқсанында, қаржы полициясы оның көмекшісі Төлеген Бастеновты пара алды деген күдікпен ұстаған кезде Павлодар облысының әкімі өз еркімен қызметінен кеткен болатын.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары