$ 448.15  483.46  4.86

16 жастағы қызды өлтірген Виталий Атапиннің ісіне соңғы нүкте қойылды

Айсұлу Жамбарбекті өлтіруге айыпты деп танылған такси жүргізушісі Виталий Атапин жазасын алды деп хабарлайды Skifnews.kz.

Tengrinews.kz порталының хабарлауынша, Алматы облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Виталий Атапинді 18 жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарған.

Облыстық мамандарылыған сот  «Кісі өлтіру» және «Қарақшылық шабуыл» баптары бойынша Виталий Атапин ді айыпты деп таныды. Атапинге мүлкін тәркілеумен бірге айрықша режимдегі колонияда 18 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарылды. Сонымен бірге, ол аса қауіпті рецидивист деп танылды. Сот оны 2,4 миллион теңге көлемінде материалдық, 1,5 миллион теңге көлемінде моральдық шығын өтеуге де міндеттеді.

Ал қайтыс болған қыздың ағасы сот шешімін тым жұмсақ деп есептейтінін айтты. Оның айтуынша, ол сотталушыны өмір бойына бас бостандығынан айырылады деп күткен. Жәбірленуші тарап бостандықта сотталушының сыбайластары болуы мүмкін деп топшылайды. 

Еске сала кетейік, мемлекеттік айыптаушы Атапин үшін 19 жыл жаза сұраған болатын. Атапин өзінің соңғы сөзінде кешірім сұрады. Мұның алдында 36 жастағы такси жүргізушісі өзінің кінәсін ішінара мойындап, жалғыз әрекет етпегенін айтқан еді. Оның айтуынша, бұл іске оған жиені мен онымен бірге тұратын басқа да адамдар көмектескен. Бірақ қосымша тергеуден кейін бұл қылмысқа өзге де адамдардың қатысы бары анықталмады. «Айыпталып отырған азаматтың кінәсі іске қатысты жиналған дәлелдермен, нақты айтқанда, оқиға болған жерді тексеру хаттамасымен, айыпталушының орнында берген жауабын нақтылануымен (тексеру барысында жәбірленген адамның мәйіті табылды), заттай айғақтармен, сараптама қорытындыларымен, куәгерлердің және жәбірленушілердің сөзімен, істің басқа да материалдарымен толық дәлелденді», – деп мәлімдеген  мемлекеттік айыптаушы Айдар Алмас.

16 жастағы Айсұлу Жамбарбек 2013 жылдың соңында кісі қолынан қаза тапқан болатын. Қыз 28 желтоқсан күні жоғалып кеткен. Келесі күні оның туысқандары Алатау аудандық ІІБ-на арызданады. Қыздың мәйіті 2014 жылдың 3 қаңтарында табылды. Күдікті видеобақылау камерасы арқылы анықталды. Таксист қылмысты пайда табу үшін жасағанын айтты. Қыздың қалтасында 35 мың теңге, ұялы телефон және туыстарына әкеле жатқан сыйлықтары болған.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары