$ 446.49  475.38  4.79

Ақтау халықаралық порты кеңейтілмек

Ақтау халықаралық порты солтүстік бағдарға 22 гектарға ұлғаяды. Бұл туралы откен аптада Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте мәлім болды, деп хабарлайды Skifnews.kz.

«Біз үшін маңызды жоба Ақтау теңіз портын солтүстік бағытта кеңейтуге байланысты. Бұл жоба жүзеге асырылуда. Желтоқсанда оның бірінші кезеңін тапсыруды жоспарлап отырмыз. Нақтырақ айтқанда, Ақтау портын солтүстік бағытында кеңейту үш терминалдың құрылысын қамтып отыр. Оның бірі біздің экспорттық өнімді, яғни астықты қайта өңдеуге жабдықталады. Осы орайда тиісті жүкті ауыстырып тиеу, сақтау базасы салынады. Сондай-ақ екі терминал өзге жүктер мен контейнерлерге негізделеді», — деді «ҚТЖ» ҰК» АҚ Логистика жөніндегі вице-президенті Қанат Алпысбаев.

 Ақтау халықаралық порты солтүстік бағдарға 22 гектарға ұлғаяды. Осы арқылы порттың аумағы 67 гектарға детіп, астық терминалы 60 тоннаға, контейнерлік алаң қоймасы 30 мың тоннаға жеткізіледі. Бұл жоба арқылы оның қуаттылығы басты жүктер үшін екі есеге, астық өнімдеріне үш есеге артады.

Оның сөзіне қарағанда, осы бағытта кеңейту нәтижесі Ақтау портында өңдеу көлемін 2,5 млн. тоннаға арттырып, жалпы көлемді 19 млн. тоннаға жеткізеді. Инвестицияның жалпы құны 38 млрд. теңгеге бағаланып отыр.

«Ақтау теңіз порты» еліміздің инфрақұрылымдық жобаларының қарқынды дамуына ерекше ықпал етіп отыр. Бұл орайда импортты алмастыру, жоғары технологиялар және басқа салаларда жоғары жетістіктерге жетуге болатындығына бугінгі порт әлеуетіне қарап сенім білдіре аламыз. Порт жаңа маршруттарды ұлғайтып, бағаның төмендеп әрі тасымалдың көбеюіне ықпал ететіні, сөйтіп Қазақстанның әлемдегі бәсекелестікке сай елу елінің қатарына қосылуына өзіндік үлес қосатындығы сөзсіз.

Қазақстанның арнайы экономикалық аймағына айналып отырған Ақтау халықаралық теңіз сауда порты Каспий теңізінің шығыс жағалауында орналасқан. Порттың негізгі қызметі - түрлі құрғақ жүктер, шикі мұнай мен мұнай өнімдерін шет елдерге шығарады. Халықаралық тасымал жолы арқылы ел экономикасының қарқынды дамуына үлес қосып келе жатқан Қазақстанның бірден-бір теңіз қақпасы болып табылатын Ақтау порты осыдан 45 жыл бұрын салынған. Тарихқа үңілсек, алғаш рет 1963 жылы Маңғыстау облысындағы уран өнеркәсібі мен мұнай кен орындарының өнімдерін тасымалдау үшін Каспийдің шығыс жақ беткейіне жүк айлақтары мен толқын тосқылар құрылған 1986 жылға дейін портта 4 мұнай құю айлақтары мен паром кешені салынған. Сол уақытта КСРО бойынша мұнай тасымалы өзге тауарларға қарағанда алдыңғы орында тұрды. Оған 80-ші жылдардың басында 7 млн тоннаға жуық мұнай Ақтау порты арқылы шет елдерге шығарылғаны туралы дерек дәлел. Ал құрғақ жүк тасымалдау жылына 300 мың тоннаға жеткен.

Жалпы порт құрылысы 1963 жылы аяқталды. Ақтау портынан алғашқы қазақстандық мұнайды тиеп шыққан «Джабрайл» танкері 1966 жылы 5 қазанда жол тартқан Ақтау порты сол уақытта БН-350 атом электр стансасын, химия саласындағы зауыттар мен Ақтау қаласының өзінің құрылысын салуда да маңызды рөл атқарды.

КСРО тарап, оның құрамындағы достастық елдері өз тәуелсіздігі үшін тайталасқан тұста порт қызметі біршама тұралап қалды. Еліміз егемендік алғаннан кейін ғана жаңаша қарқынмен дамудын; алғашқы көрсеткіштері 1995 жылдан басталды. Қазақстан металын экспорттау және «Теңізшевройл» ТШО бірлескен кәсіпорны өндіретін мұнайды теңіз арқылы шығаруда тасымалдау көлемі ұлғайып, өңірдің экономикалық даму жүйесіне де өзінің оң әсерін тигізді.

1999 жылы Ақтау портының халықаралық тасымалдау жолын қалпына келтіру негізінде Еуропалық жаңғырту және даму банкінен 74 млн АҚШ доллары көлемінде инвестиция салынды. Қуаттарды жаңарту жобалары жүзеге асырылды. Порт инфрақұрылымы мен басқару құрылымдары жақсартылды.

1999 жылы портты қайта құрудың бірінші кезең іаяқталып.қайта жаңғыртылуына орай өткізілген ашылу салтанатына Елбасымыз да қатысты. Жаңғырту үдерісінен кейін порттың жалпы жүк тасымалы 4,5 есеге дейін өсті, тиеу-түсіру кешенінің құрғақ жүктерге қызмет көрсету мүмкіндіктері, мұнайды ауыстырып тиеу жылына 1,55 млн тоннаға дейін жеткізілді.

Қазірге дейін Каспий бассейнінде орналасқан оннан астам теңіз порттарының ішінде ' Ақтау халықаралық теңіз сауда порты да қатаң нарық бәсекесінде өзінің орнын көрсетіп келеді. Қызмет сапасы да халықаралық стандарттарға сай орындалуда. Атап айтқанда, бұған оның ИСО 9000, экологиялық менеджмент жүиесінің ИСО 14000 халықаралық стандарттары талаптарына сәйкестігі және ИСО 18000 ОНSАS жүйесін енгізу жоспарлары дәлел бола алады. Бүтіндей Каспий бассейніндегі жалпы жүк тасымалы көлемі бүгінгі танда 32 млн. тонна болса, ондағы Ақтау портының үлесі 34% құрап, оны алдағы уақытта 46%-ға дейін жеткізу талаптары жоспарланып отыр.

Сарапшылардың бағалауы бойынша, келешекте Каспийдегі жалпы жүк тасымалы көлемі 70 млн тоннаға дейің оның ішінде мұнай бойынша 50 млн. тоннаға дейін жетуі мүмкің сондықтан Ақтау порты арқылы тасылатын жүк көлемін жылына 20 млн тоннаның деңгейіне дейін жеткізу көзделуде.

Маңғыстау облысының көлік кешенінің негізі болып табылатын Ақтау халықаралық теңіз сауда порты Қазақстанның көлік инфрақұрылымында ерекше орын алады. 2007-2011 жылдарға арналған шекаралық ынтымақтастықтың «Қорғас» Халықаралық орталығын одан әрі дамыту бағдарламасына сәйкес Ақтау теңіз порты орта азиялық көлік- өнеркәсіптік дәліздің біртұтас көлік-логистикалық жүйесі құрылымында стратегиялық порт- реттеуші ретінде айқындалды. Паромдық жүктерді қоса есептегенде, Ақтау портының жүк базасын негізгі және сұйық жүктер (мұнай және мұнай өнімдері), металл астық және басқа жүктер құрап отыр. Мұнайды тасымалдаудың негізгі бағыттары Ақтау-Махачкала, Ақтау-Нека, Ақтау-Баку болып табылады.

Баку-Тбилиси-Джейхан мұнай құбырын салу жөніндегі халықаралық келісім мұнайды Ақтау теңіз порты арқылы тасымалдаудың келешегі зор екендігін растайды. Арнайы экономикалық аймақтың аумағында инвестицияларының жалпы көлемі 405 млн доллар қаржыны құрайтын еліміздегі ең ірі көлік-логистикалық орталықтарының бірін құру басталды. Ол транзиттік жүктерді сақтау мен бөлу жұмыстарын жүзеге асырады, жүктердің көлемі жапондық JICA халықаралық ынтымақтастық орталығының бағалауы бойынша 2017 жылға қарай 5 млн.тоннаға дейін өседі.

ҚР Президентінің индустриалды- инновациялық даму стратегиясы мен 2003-2015 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының көліктік стратегиясы және Теңіз көлігін дамыту бағдарламасы негізінде «Ақтау халықаралық теңіз сауда портын солтүстік бағытта дамыту» жобасы қолға алынды.

Жалпы құны 41 млрд. 680,6 млн. теңгені құрайтын бұл жобаның жүзеге асуы мұндағы мұнайды және құрғақ жүктер тасымалын екі есе арттыруға мүмкіндік беретін болады. «АХТСП» РМК ақпараттандыру және маркетингтік зерттеулер бөлімінің жетекшісі Руслан Сиғалиевтің айтуынша, жобаның мақсаты - Ақтау портының қолданыстағы порт инфрақұрылымын кеңейту, өтім нарығына экспортты − бағытталған шикізат пен мұнай құю жүктерін жеткізуіне өсіп келе жатқан қажеттілігін және мемлекеттік бюджетке түсірілімдерді көбейтіп, жаңа жұмыс орындарын құруды қамтамасыз ету болып табылады.

«Ақтау халықаралық теңіз сауда портын солтүстік бағытта кеңейту» инвестициялық жобасы мынадай жұмыстардан тұрады. Олар: қорғаныш гидротехникалық құрылыстар - мол толқын тосқы салу, түбін тереңдету жұмыстарын жүргізу, порт инфрақұрылымын салу, яғни, мұнай құю, құрғақ жүкті айлақтар және жаңа порттың инфрақұрылымын құру.

Ақтау портын солтүстік бағытта кеңейту теңіз порты аумағының солтүстік -шығыс жағындағы көлемі 22 га телімінде 2006 жылы басталды. Жаңа айлақты дамыту порт қуаттылығын жылына 20 млн тоннадан астам мұнай құю және 3 млн тоннадан астам құрғақ жүктерге дейін тасымалдай алады деп болжанып отыр.

«Ақтау халықаралық теңіз сауда портын солтүстік бағытта кеңейту» жобасы 2013 жылдың аяғына дейін аяқталуы тиіс. Мол және толқын тосқықорғаныш

2006 жылы басталды. Авторлық және техникалық қадағалауды қоса есептегенде, құрылыстың жалпы құны 11 340,6 млн теңгеге бағаланып отыр. 2009 жылдың 1-ші шілдесіне дейін мол және толқын тосқы салу бойынша орындалған құрылыс -монтаждық жұмыстарына 9 451,4 млн теңге жұмсалған.

Порттағы жүк тасымалы маршруттарын әр тараптандыру саясатына сәйкес, Қытай елі мен Еуропа елдері бағытында, сондай-ақ Ресей Федерациясының Орал аймағы маршрутында, Парсы шығанағы аймағында екіжақты қатынастарды жетілдіруге басым бағыт ұсталуда.

Бұл орайда Ақтауды Ресей және Иран порттарымен байланыстыратын автопаром тасымалы және Ақтау-Баку, Ақтау-Махачкала маршруттарындағы теміржол-паром қатынастары да маңызды рөл атқарып отыр.

Қазіргі таңда Ақтау портының алдында көптеген міндеттер тұр. Олар: ҚР су көлігі жүйесінің дүниежүзілік көлік жүйесіне интеграциясын қамтамасыз ету; Ақтау портының көлік желісін барлық қатысушыларына арналған тартымды тобы ретінде қалыптастыру; Қазақстанның бірегей географиялық жағдайына орай Ақтау портының стратегиялық рөлін күшейту; Волга-Дон каналы арқылы Қара теңіз порттарына, Иранның солтүстік порттарына шығу арқылы баламалы көлік бағыттарын дамыту; Ақтау портының Қазақстанның халықаралық сауданы қамтамасыз ету, тасымалдар мен тауарлардың құнын төмендету қызметін кеңейту.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары