$ 443.85  474.3  4.8

Маңғыстау облысында саяси кеңес мәжілісі өтті

«Нұр Отан» партиясы Маңғыстау облыстық филиалында саяси кеңестің кеңейтілген мәжілісі өтті, деп хабарлайды облыстық партияның баспасөз қызметі.

Мәжіліске Саяси кеңестің мүшелері, облыстық мәжілістің депутаттары, аумақтық филиалдардың төрағалары, бастауыш партия ұйымдарының төрағалары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Мәжілісті «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Х.Х.Нұрғалиева кіріспесөз сөйлеп ашып, жүргізіп отырды.

Саяси кеңестің мәжілісінде қаралған бірінші мәселе бойынша «Нұр Отан» партиясының сайлауалды Тұғырнамасында белгіленген негізгі бағыттарды орындау барысы бойынша партиялық тәлімгерлердің есептері тыңдалды. Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша «Білім және ғылым»  сараптамалық тобының тәлімгері, облыстық мәслихат депутаты Т.Б.Болатбаеваның, «Жасыл экономика» сараптамалық тобының тәлімгері, облыстық мәслихат депутаты С.Н.Өтебаевтың, «Мемлекеттік басқару жүйесі»  сараптамалық тобының тәлімгері, облыстық мәслихат депутаты Б.Т.Сарманның есептері тыңдалды.

Аталған тәлімгерлер өздері жұмыстанып жүрген бағыттары бойынша кейбір мектептердің жайсыздығы, оқушылар тасымалындағы кемшіліктер, жылу, су, электр энергияларын үнемдеу, кәсіби біліктіліктің төмендігі, т.б. мәселелер жөнінде баяндады.

Осы мәселе бойынша «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының партияның сайлауалды тұғырнамасын жүзеге асыру және бақылау бөлімінің меңгерушісі Г.С.Нұрахметханова  қосымша баяндама жасады.

Баяндамашы депутаттарымыз басшылық жасайтын сараптамалық  топтар өздері жұмыс жасайтын бағыттар бойынша  өңіріміздегі өзекті мәселелерді фракция отырыстарында, сессияларда, топ мәжілістерінде талқылап, қажет жерінде қаражат бөлгізіп, нақты істермен айналысуы керектігін айтып өтті. Партиялық жобалар мен Тұғырнама  бағыттарының  негізгі мақсат-мүддесі  аймақтың экономикасын жан-жақты дамытуға ықпал ету, халықтың әлеуметтік  жағдайларын жақсартуға партия әлеуетін пайдалану екендігі, тұрғындардың тұрмыс деңгейін көтеруге  бағытталған аса маңызды міндеттерді нақты іске асыру жолында көптеген мәселелердің орындалмай жатқандығы туралы баяндады. Баяндамашы осы орайда партиямыздан сайланған депутаттық корпусқа жүктеліп отырған жауапкершілік күшті, атқаратын  жұмыстар ауқымы кең болса да өз міндеттеріне салғырт қарап жүрген бірнеше депутаттың аты-жөнін атап, сынға алды. Ал «Білім және ғылым», «Ұлт денсаулығы», «Жасыл экономика», «Мемлекеттік басқару жүйесі» сараптамалық топтарының жұмыстарына оң баға беріп, өзгелерге үлгі етті.

Саяси кеңес бірінші мәселе жөнінде партияның облыстық, аумақтық филиалдарына, депутаттық фракцияларға, бастауыш партия ұйымдарына міндеттер жүктеген қаулы қабылдады.

Күн тәртібінде қаралған екінші мәселе бойынша Түпқараған және Мұнайлы аудандық әкімдіктері жанынан құрылған аумақтық жемқорлыққа қарсы күрес комиссияларының атқарған жұмыстары туралы есептері тыңдалды. Партияның Түпқараған аудандық филиалының төрағасы  Т.Т. Асауов соңғы он бір ай ішінде ешқандай арыз-шағымның түспегендігін, мемлекеттік қызмет пен басқаруды жақсарту үшін ай сайын жаппай құқықтық оқулар өткізілетіндігін, партияның Мұнайлы аудандық филиалының төрағасы Е.Ж. Әбілов мемлекеттік мекемелерде жемқорлыққа қарсы жылына төрт рет, сонымен қатар партияның аудандық филиалында қоғамдық қабылдаулар ұйымдастырылатындығын, тұрғын үй мен жер алу тізімдері ресми сайтқа, аудандық газетке басылып, жариялылықтың сақталатындығын  айтып өтті.

Мәжіліске қатысқандар баяндамашыларға сұрақтар қойып, ұсыныстар айтты. «Қазақтелеком» АҚ Маңғыстау облыстық телекоммуникациялар дирекциясының бас директоры И.Сәрсембаев мектептерге телекоммуникация желілерін тартуға қаражат бөлгенде ескі технология бойынша есептеуге болмайтындығын, кейін жаңа технологияны енгізген кезде бюджеттің екі рет шығындалуына жол бермеу үшін жобалық-сметалық құжаттама жасайтын аудандық мемлекеттік комиссия құрамына «Қазақтелеком» АҚ қызметкерлерін кіргізуді ұсынды.

Облыстық мәслихат депутаты Т. Әміров Мұнайлыда 10 000 адамға  1 жедел жәрдем көлігі болғанын, тиісті орындар арқылы 12 көлікке қол жеткізгенін, жол бойында оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін балалардың бейнесі шығатын бағдаршам орнатылғандығын, ғимарат жоқ болғандықтан халықпен кездесулерді көше аралап өткізіп жүргендіктерін айтып өтті. Сондықтан халықпен кездесетін орын салу жөнінде ұсыныс тастады.

Екінші мәселе  жөнінде «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары сөз сөйледі.

«Жақында Партияның Орталық аппаратында өткен Республикалық Жемқорлыққа қарсы әрекет жөніндегі Қоғамдық кеңес отырысында Маңғыстау облысындағы жемқорлыққа қарсы жасалып жатқан жұмыстардың жай-күйі талқыланды.  Кеңес төрағасы Қайырбек Сүлейменов, басқа да кеңес мүшелері, Парламент депутаттары облысымыздағы бұл мәселеге байланысты олқылықтарды ашық сынға алды. Бұл бағытта партия филиалымен, аймақтық Қоғамдық кеңеспен  атқарылған жұмыстар бола тұра, жалпы алғанда облыс бойынша жемқорлыққа қарсы әрекет шаралары әлі де болса төмен екенін көрсетті», - деген Х.Х.Нұрғалиева партияның әрбір мүшесі мәселенің маңыздылығына  мән беріп, жете сезіну қажеттігін айтып өтті.

Мәжіліс толғағы жеткен мәселелер жайында қызу пікірталас, сыни көзқарас жағдайында өтіп, көзделген міндеттерді орындауға деген белсенділік арта түсті.

Саяси кеңес қаралған мәселелер бойынша тиісті қаулы қабылдады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары