$ 449.58  486.94  4.86

Ақтауда бейімдеу нысандарына тексеру жүргізілді

«Нұр Отан» партиясының «Кедергісіз келешек» жобасы аясында Ақтау қаласындағы бейімделу нысандарына тексеру жүргізілді. Тексеруге партияның Орталық аппаратының инспекторы Ермұхан Жұмабек қатысты, деп хабарлайды облыстық партияның баспасөз қызметі.

Мүгедектерге қолдау көрсету мақсатында «Маңғыстау облыстық психоневрологиялық балалар интернат-үйі», «Маңғыстау облыстық қарттар мен мүгедектер инернат-үйі», «Маңғыстау облыстық әлеуметтік бағдарламалар мен жұмыспен қамтуды үйлестіру басқармасы» мемлекеттік мекемелеріндегі бейімделу нысандарының жай-күйімен танысты.

Осындай тексеру Мұнайлы ауданындағы Қызылтөбе кентіндегі әкімдік пен мәдениет үйінде де жүргізілді. Автомобиль қоятын орындар, пандустар, баспалдақтар, есіктер, лифтілер, әмбебап кабинасы бар дәретханалар, қозғалыс жолдары т.б. нысандар тексерушілердің қырағы көзіне ілікті. Зағиптарға ескертетін, бағыт беретін жолдар, көрінетін ақпаратқа міндетті түрде дыбыстың ілесе естілуі, мүгедектердің жүріп-тұруына кедергі келтіретін айналма есіктердің, турникеттердің болмауы, автомобиль қоятын орындарда төменде және жоғарыда белгілердің болуы, т.б. көптеген талаптардың орындалуына қатты мән берілді.

Сонымен қоса, партияның «Кедергісіз келешек» жобасы аясында облыстық филиалдың ұйымдастыруымен облыстың аудан-қалаларындағы, ауыл-кенттердегі міүмкіндігі шектеулі жандардың тізімдері алынып, оларға қажетті әлеуметтік  көмек түрлері сарапқа салынды.

Атап айтқанда, мүгедек жандарды жұмысқа қабылдау, елді мекендердегі халыққа қызмет көрсетуге бағытталған сауда ұйымдарында, байланыс үйлерінде, мәдениет ошақтарында, басқа да меншік түріне қарамастан барлық нысандарда пандустардың болуы, мүгедектерге арналған бос жұмыс орындарының жәрмеңкелерін ұйымдастыру, мүмкіндігі шектеулі жандарды кәсіпке баулу орталықтарын ашу, сонымен қатар қайырымдылық көмектер көрсету сияқты қамқорлық шаралары кең өріс алды.

Қазан айының  9-күні  Ақтау қаласындағы Абай атындағы мәдениет және демалыс кешенінде өткен  бос жұмыс орындарының жәрмеңкесіне 200-ге жуық мүгедек жандар келді. Жәрмеңкенің өтетіні жөнінде облыстық газеттерде және «Қазақстан-Ақтау» телеарнасында алдын-ала хабарландырулар берілді. Жәрмеңке кезінде Мәдениет кешенінің кең кірберісіне көрнекі түрде   «Бос жұмыс орындары», «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы»  туралы стенд  пен баннер ілінді. Сонымен қатар,  «Жастар тәжірибесі», «Кәсіби даярлау, қайта даярлау және қайта оқыту», «Әлеуметтік жұмыс орындары», «Жұмыс берушімен сұхбат», «Түйіндемені қалай толтыру керек», «Телефонмен сөйлесу тәртібі» атты буклеттер дайындалып, таратылды.  Жұмыс берушілер жалпы саны 38 жұмыс орнын ұсынып, 96-дан астам түйіндеме жинақтады. 2 мүмкіндігі шектеулі азамат жәрмеңке үстінде  «Қазақтелеком» АҚ МОФ және «Маңғыстау облыстық мәдени-тарихи қорығы» ММ тұрақты жұмысқа орналасты. 

Партияның қоғамдық қабылдау бөліміне келген мүгедек жандарға қамқорлық жасауға да айрықша назар аударылып келеді. Мәселен, «Нұр Отан» партиясының қабылдауына келген  Ақтау қаласының тұрғыны Ж.Мыңжасароваға екінші топтағы мүгедек қызының ем қабылдауы үшін «СМК-4» ЖШС 50 мың теңге көлемінде,сондсй-ақ, Ақтау  қаласының тұрғыны А.Сатанбаеваға ұлы 2-топ мүгедегі С.Елеусінге «Каспиан Маркет» ЖШС демеушілігімен 50 000 т көлемінде қаржылай көмектер  көрсетілді.

Жақында Ақтау қалалық партия филиалының қоғамдық қабылдауына келген жалғыз басты ана Ж.Сидакованың  ұлы 2-топ мүгедегі Е.Жантоковке  «Қазақтүрікмұнай» ЖШС демеушілігімен Астана қаласына  емделуге  300 000 т көлемінде, Ж.Тасбулатованың ұлы 2-топ мүгедегі Арманға Астана қаласына емделуіне «Бузачи Оперейтинг» ЛТД ЖШС демеушілігімен 150 000 т көлемінде қаржылай көмектер көрсетілді.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан жолы-2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында ең басты міндет – халықты жұмыспен қамту және мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін кедергісіз кеңістік ұйымдастыру екендігін атап өткен еді. Осы тапсырманы орындау мақсатында «Кедергісіз келешек» жобасы қолға алынып, бүгінде мемлекет, азаматтық сектор, бизнес өкілдері мүмкіндігі шектеулі жандарды белсенді әлеуметтік ортаға тарту мәселесін бірлесіп шешуге белсене кірісті. «Кедергісіз келешек» жобасы денсаулығына байланысты мүмкіндігі шектеулі азаматтардың өмір сапасын арттыруға, оның ішінде тұрақты жұмыс орындарына жұмысқа орналастыруға, кедергісіз орта құруға, мүгедектердің құқын тиімді жүзеге асыру үшін құқықтық кеңістік қалыптастыруға бағытталған.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары