$ 519.64  609.23  6.62

Ақтаудан бастау алған автокеруеншілер оңтүстік өңірді аралап шықты

Ақтаудан Елбасының батасын алып шыққан «Менің елім – Мәңгілік Ел: Каспийден Алтайға дейін» экспедициясы осы кезге дейін сегіз мың шақырым жолды жүріп өтті.

Батыс, Солтүстік, Шығыс Қазақстан және Жетісу өңірін толықтай аралап шықты. Бұрнағы күні экспедицияның оңтүстік аймақтарға сапары басталды.

Ал кеше олар Қызылорда же­ріне табан тіреді. Түркістан жағынан келген қонақтарды жаңа­қорғандық ақсақалдар күтіп алып, ақ жаулықты аналар ағар­ғанын ұсынды. Экспедиция мүшесі Бекболат Төлегенұлы «Қа­зақ­станның барлық аймағын араладық қой. Бірақ алдымыздан ақ алып шыққан тұңғыш облыс осы. Өзім жолда жүріп шұбатты әб­ден сағынып-ақ қалған екенмін. Үш тостағанын бірден төңкеріп барып тоқтадым», – дейді қы­зыл­ор­далықтардың ілтипатын шын сезініп.

Әңгіменің байыбына бойла­май тұрып бір мәселеге арнайы тоқ­талғымыз келеді. Осы экспе­ди­цияның құрамында түбі италиян­дық әнші Сон Паскаль жүр. Қарапайым жұртшылықтың арасында да, түрлі әлеуметтік же­лі­лерде де «Менің елім – Мәң­гілік Ел» экспедициясында Сон Пас­каль неге жүр?» деген сұрақ бар. Елдің кейбір бөлігін мазала­ған сауалды біз экспедиция мүше­лерінен сұрадық.

– Шыққан тегі италиялық, өзі Қа­зақстанға Америкадан келген Сон Паскальдің айналдырған екі жылдың ішінде қазақ тілін үй­реніп, біздің ана тілімізде, оның ішінде Абайдың әндерін орын­дауы шынында жүрекке жылылық ұялатады. Әйтпесе, Қазақстанда ту­ған талай адам мемлекеттік тіл­ді әлі күнге үйрене алмай жүр ғой. Оның үстінде сапар барысын­да жастардың Сон Паскальға де­ген құрметінің ерекше екенін байқадық. Сондықтан экспедиция құрамына қазақ тілінде ән айтатын италияндық әншіні қостық. Осы арқылы мемлекеттік тілдің маңызын да түсіндіргіміз келді,– дейді экспедицияның мүшесі Бақтыбай Жайлау.

Құрамында медицина қыз­мет­кері, әкімші, этнограф, блогер, жур­налист, фотосуретші, тарихшылар енген экспедиция азғантай ғана уақыттың ішінде үлкен жұ­мыс атқарды. Кейбіреулер айтып жүргендей Қазақстан кеше ғана құрылған мемлекет емес. Біздің мемлекеттің тарихы тереңде жатыр. Әріге бармай-ақ, Қазақ хандығының құрылғанынан бері қарай тартқанның өзінде 550 жылға таяу уақыт өтіпті. Елбасының өзі келер жылы Қазақ хандығының құрылғанына 550 жыл толуын мемлекеттік деңгейде атап өте­міз деді. Оның үстіне мемле­кет­ті­лі­гімізді ғұмырлы, Тәуел­сіз­дігі­­мізді тұғырлы ету мақсатында Елба­сының «Мәңгілік Ел» идеясын ұсынды.

Ұлт болып ұйысудың, жұрт болып жұмылудың, елдік си­паттың шынайы бет-бей­не­сін қалыптастырудың жолын көрсетті. Президенттің осындай идеясын жастар бірден іске асырды. Солайша, «Менің елім – Мәңгілік Ел: Каспийден Алтайға дейін» атты экспедиция ұйымдастырды.

Ондағы мақсат тарихты түгендеп, қолда бар жауһарларды ұлықтап, аймақтар арасындағы мәдени байланысты нығайтып, ішкі және сыртқы туризмді дамытуға септігін тигізу еді. Бұдан бөлек, «Мәңгілік Ел» идея­сы мен Елбасының ұлттың ұлы төрі саналатын Ұлытауда берген сұхбатының қыр-сырын жастарға түсіндіру болатын. Экспедиция осы мақсатта тынбай жұмыс істеді. Жолда жүрді. Қызылордаға келгенде арнайы тақтайшаға өздері түсірген суреттерді іліп қойыпты. Одан Қазақстандағы барлық тарихи-мәдени және рухани жерлер мен табиғаттың түрлі тамашаларын көруге болады.

Экспедиция мүшелері Жаңа­қорған ауданындағы Сығанақ қа­ласының орнында болды. Бұл жерде біраз жылдан бері архео­логиялық қазба жұмыстары жүріп жатыр. Қонақтар осыған дейін атқарылған шаруалармен, қайта қалпына келтірілген ескерткіш жұмыстарымен таныс­ты. Есте жоқ ескі заманда талай қазаққа пана болған қаланың орнын көрген олар ерекше тебіреністе болғанын жасырмайды. Одан соң сайрап жатқан «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» күрежолымен Қызылорда қаласына жетті. Мұнда олар автошеру ұйымдастырып, жастармен жолықты. Сондай кездесудің бірі Әбділда Тәжібаев атындағы кітапханада өтті. Экспедиция мүшелері мақсат-мұраттарын түсіндіріп, емін-еркін әңгіме болды. Ертесіне барша түркі елдеріне ортақ тұлға Қорқыт ата кешеніне барды. Заманға лайықталып қайта жасалып жатқан кешен жұмысын көздерімен көрді. Онан соң Аралдың табанында экспедициялық жұмыстарын жалғастырды.

Осыған дейін 14 облыс, 20 қаланы бір айда аралап шыққан «Менің елім – Мәңгілік Ел: Каспийден Алтайға дейін» экспедициясы Маңғыстауды бетке алды. Ұзақ сапар өзі басталған Ақтау қаласында аяқталады. Ал экспедиция кезінде түсірілген суреттерден фотоальбом жасалады. Арнайы деректі фильм шығарылады. Жол бойындағы жастардың Елбасына деген лебізінен кітап құрастырылады. Осы және басқа да құнды дүниелерді экспедиция мүшелері Тұңғыш Президент күнінде Елбасына арнайы табыстамақ ниетте.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары