$ 447.4  477.55  4.76

Маңғыстауда ҮИИД бағдарламасы аясында 23 жоба іске қосылды

Ақтауда «Үдемелі индустриалды-инновациялық даму» бағдарламасы бойынша жалпы құны 160 млрд. теңгенің 23 жобасы жүзеге асты, деп хабарлайды Skifnews.kz

Соның арқасында 2 мыңнан астам адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Биыл мемлекеттік бағдарлама аясында тағы 14 жобаның тұсауы кесіледі деп жоспарлануда. Бұл мыңға жуық жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, Маңғыстау өңіріне 1 трлн. теңге көлемінде инвестиция құйылады деп күтілуде. Аталмыш жобалардың басым бөлігі «Морпорт Ақтау» арнайы экономикалық аймағында іске қосылмақ. 

 – Қазіргі уақытта экономикалық аймақта 5 кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Жыл соңына дейін тағы 4 өндіріс ошағы ашылмақ. Енді мұнда инвесторларды тарту керек. Олар үшін барлық жағдай жасалып отыр. Аймақтың инфрақұрылымын дамытуға 7 млрд. теңге қаржы жұмсалды. Осының бәрі елге 10 млрд. теңге пайда алып келді, – деді облыс әкімі Алик Айдарбаев халыққа есеп беру кезінде.

 Айта кетейік, ҮИИДБ бағдарламасының бірінші бесжылдығының қорытындысы бойынша елімізде ондаған  заманауи үлгідегі өндіріс ошақтары іске қосылды. Бірінші бесжылдықтың соңғы жылы болып есептелетін 2014 жылдың тек екінші жарты жылдығында ғана елімізде 100-ге  жуық ірі жобаларды іске қосу жоспарланған еді. Бұл кезеңдегі Индустрияландыру карта­сына кіретін нысандардың жалпы құны 600 миллиард теңгеден асады. Индустрияландыру картасына кірген жобалардың құрылыс алаңдарында 78 мыңнан астам адам еңбек етуде. Ал бұл нысандар нақты пайдалануға берілген кезде 8 мың қазақстандық тұрақты жұмыс орнымен қамтылатын болады.

 Ел экономикасының барлық салалары бүгінде осы бағдарлама аясындағы нақты жобалармен жанданып, даму үстінде. Бұл ретте құрылыс индустриясында жалпы құны 67 миллиард теңгені құрайтын 15 индустриалдық нысан құрылысы жүргізілуде. Қуаты 2 миллион тонна цемент шығаруға негізделген Ақмола облысындағы «ПО «Көкше-Цемент» ЖШС-ның цемент зауыты, Атырау облысындағы «БатысАльянсСтрой» ЖШС-нің үй құрылысы комбинаты сияқты ірі нысандар жыл аяғына дейін пайдалануға берілмек.

 Металлургия саласында жалпы құны 139 миллиард теңгені құрайтын 13 ірі жоба іске қосылмақ. Бұл ретте Ақтөбе қаласындағы қуаты 430 мың тонна болатын рельс бағаналарын шығаратын зауытты, қуаты 5,8 мың тонна     титан жабдықтарын шығаратын «ПОСУК Титаниум» ЖШС-нің өндіріс ошағын, Қарағанды облысындағы «АК Алтыналмас» АҚ-тың қуаты 2,4 тонна алтын шыға­ратын фабрикасы, Павлодар облысындағы «УПНК-ПВ» ЖШС-нің қуаты 205 мың тонна мұнай коксын шығаратын өндіріс орталығы және басқа да заманауи өндіріс орындарын атап көрсетуге болады.

 Мемлекет басшысының бастамасымен іс жүзіне асырылып жатқан ҮИИДБ бағдарламасының нәтижесінде Қазақстан машина жасайтын ірі де іргелі елге айналды. Тек биылғы жылдың екінші жарты жылдығында ғана еліміздің машина жасау саласында жалпы құны 7 миллиард теңгені құрайтын 7 жоба іске қосылатын болатын. Осы орайда еліміздің фармацевтика саласын дамыту мақсатында атқарылып жатқан кешенді жұмыстарды да қанағаттанғандық сезіммен айтуға болады. Бұл ретте үстіміздегі жылдың екінші жарты жылдығында жалпы құны 10 миллиард теңгені құрайтын 4 ірі жоба пайдалануға берілмек. Олардың қатарында Алматы облысындағы «Абди Ибрахим Глобал Фарм» ЖШС-нің фармацевтикалық зауытын, Оңтүстік Қазақстан облысындағы «Реновация» ЖШС-нің инфузиондық ерітінділер шығаратын өндіріс ошағын атап айтуға болады.

Бағдарлама аясында химия өнеркәсібі саласында ірі 3 жоба іске қосылады. Ал еліміздің энергетикасы сала­сында жалпы құны 50 миллиард теңгені құрайтын 3 ірі жоба іске қосылады. Олардың қатарында «Самұрық-Энерго» АҚ-тың Ерейментау қаласындағы жел электр стансасы, «KEGOC» АҚ-тың Алматы облысындағы қуаты 500 кВ «Алма» қосалқы стансасы, Жамбыл облысындағы «Vista International» ЖШС-нің Қордай жел электр стансасы бар. Ел экономикасын өркениетті даму биігіне көтеруде ҮИИДБ бағдарламасының тигізер ықпалы алдағы уақытта да зор болмақ.

 

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары