$ 444.22  476.38  4.82

Маңғыстаулықтар төтенше жағдайларга төтеп бере алатынын көрсетті

Ақтауда «Қыс-2014» республикалық командалық-штабтық жаттығуы өтті. Жаттығу барысында қызметкерлер қыс мезгілінде орын алатын төтенше жағдайлардың алдын алу мен жою шараларын өткізіп, техникаларын тексеріп, кәсіби шеберліктерін шыңдады, деп хабарлайды облыстық ТЖД баспасөз қызметі.

Алғашқы жаттығу Ақтау қаласындағы облыстық балалардың туберкулезге қарсы диспансерінде «Авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу және шыққан өртті жою» тақырыбында ұйымдастырылды. Құрылған сценарий бойынша нысанның үшінші қабатында өрт пайда болып, ішіндегі емделушілер түтіннің кесірінен шыға алмай қалады. Оларды құтқару үшін өрт сөндірушілер мен медицина қызметкерлері апат орнына дереу жетіп, іске білек сыбана кірісті. Құтқарушылардың бір бөлігі өртті ауыздықтаса, екінші бөлігі эвакуациялаумен айналысып, адамдарды автосаты арқылы сыртқа шығарды. Жарақаттанған екі адамға медициналық қызметкерлер шұғыл түрде жәрдем көрсетті. Бірнеше минуттан соң диспансердегі апаттық жағдай толығымен жойылып, барлық адам құтқарылды. Жаттығуға барлығы 29 өрт сөндіру қызметкерлерінен құралған жеке құрам мен 8 дана техника пайдаланылды. 

Сондай-ақ дәл сол күні Ақтау қаласының 15-шағынауданында «Қыс мезгілінде жылыту жүйелеріндегі аварияларды жою» тақырыбында тағы бір маңызды жаттығу өтті. Оның мақсаты – апаттық-техникалық топтардың қыс мезгіліндегі төтенше жағдайларға қарсы дайындығын сынап, техникаларын жіті тексеру болды. Жаттығу барысында кезекші диспетчерге 15 шағынауданның 9 және 10 үйлердің ортасындағы жылу құбыры істен шығып, 15 шағынауданның 5 үйін жылусыз қалдырғаны жайында шағым түседі. Осыған орай апаттық-техникалық бригада төтенше жағдай орнына келіп, зақымданған жылу желісіне жөндеу жұмыстарын жедел түрде жүргізіп, командалық жаттығуды сәтті аяқтады. Бұл іске 20 адам мен 6 жеке техника қатысты. 

Аталмыш командалық-штабтық жаттығулар қызметкерлердің кәсіби біліктілігін шыңдап қана қоймай, төтенше жағдайларға сақадай-сай екендігін көрсетті. Өрт сөндірушілер мен медицина қызметкерлері бір жұдырықтай жұмылып, жұмыстарын тиянақты әрі тез атқарды. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары