$ 448.56  478.03  4.79

Халықтың сеніміне сүйендім – Елбасы

Мемлекет басшысы  Қазақстанның тәуелсіздігін   халықтың сеніміне сүйеніп жарияланғанын атап өтті, деп хабарлайды Skifnews.kz.

Бұл туралы Нұрсұлтан Назарбаев Астана қаласының «Сарыарқа» велотрегінде  ҚР Тұңғыш Президент күніне арналған «Бір Отан! Бір тағдыр! Бір Елбасы!» атты мерекелік шарасында мәлім етті.

Елбасы осыдан жиырма үш жыл бұрын біздің еліміз өз тарихында тұңғыш рет жалпыхалықтық сайлауда өз басшысын таңдағанын атап өтті. 

«Сондағы маған көрсеткен 90 проценттен артық сенімнің арқасында мен он бес күннен кейін тәуелсіздікті жарияладым. Халықтың сеніміне сүйендім, халықтың сенімі күш-қуат берді. Содан бері біз жиырма үш жыл тәуелсіз мемлекетте өмір сүріп келеміз. Ешкім танымайтын қазақты бүкіл әлем таныды, ешкім білмейтін Қазақстанды бүкіл жұртшылық, мемлекеттер таныды. БҰҰ алдында біздің жалауымыз желбіреп, көп мемлекеттермен қатар тұрды», – деді Н.Назарбаев. 

Сонымен қатар «Бір Отан! Бір тағдыр! Бір Елбасы!» мерекелік шарасына жиналған еліміздің жалынды жастарына Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев сөз арнады. 

«Құрметті жастар, сіздер бақытты ұрпақсыздар. Себебі, тәуелсіз елде өмір сүріп жатырсыздар. Біз тәуелділікті көрген ұрпақпыз, тәуелсіздіктің қадір-қасиетін білеміз. Еліміздің тәуелсіздігінің арқасында жаңа ұрпақ тәрбиеледік, білікті, Отанын сүйетін ұрпақ тәрбиеледік. Бүгінгі Тұңғыш Президент күні мерекесі тәуелсіздікпен сабақтас», – деді Елбасы

Елбасы елімізді өркендетіп, халқымыздың мерейін көтеру үшін көп істер атқарылып жатқанына тоқтала кетті. 

«Қиыншылықтарға қарамастан «Нұрлы жол» деген жаңа бағдарлама, 2050 жылға дейінгі Стратегия қабылданды. Осының барлығы сіздер, жастар үшін жасалып жатыр. Біздің буын осының бәрін сіздер қастерлеп-қадірлеп, тәуелсіздікті қасық қаны қалғанша қорғайды деген сеніммен жасап отырмыз», ‒ деді Елбасы. 

Мемлекет басшысы сөз соңында жастарға аманатын жеткізді. 

«Мен сіздерге бақытты болашақ, зор денсаулық тілеймін! Ел аман болса, жұрт тыныш болса, бақыт сонда болады. Халық бірлігін сақтаңдар, білім алыңдар, аянбай жұмыс істеңдер. Ел бақытты болсын! Біздің Отанымыз біреу – бұл Қазақстан. Қайда жүрсек те, қайда барсақ та Отанымыз жалғыз. Отан деген ыстық. Қаны бірдің, жаны бірдің, Отаны бірдің болашағы бір. Алла сендерге бақыт сыйласын, ғұмыр сыйласын, бақытты болыңдар!» ‒ деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті. 

Мерекелік шарада театрландырылған көріністер қойылып, қазақстандық эстрада жұлдыздары өз өнерлерін көрсетті.

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары