$ 444.22  476.38  4.82

Маңғыстау облысында кәсіпкердердің саны артып келеді

Мұнайлы өңірдің кәсіпкерлері жемісті еңбек етуде. Олар 11 айда  300 млрд. теңгенің өнімін шығарған, деп хабарлайды Skifnews.kz.

Бұл туралы «Табыс-2014» облыстық тауарлар мен жергілікті кәсіпкерлер көрсетіп отырған қызметтер көрме-жәрмеңкесінің барысында белгілі болды.

«Шағын және орта бизнесте белсенді қызмет атқарып жүрген азаматтардың саны өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 3,1 пайызға өсіп, 96 920 адамды құрады, соның ішінде шағын кәсіпкерліктің заңды тұлғалары  ‒ 31 622 адам. Облыста экономикалық белсенді тұрғындардың жалпы санынан шағын және орта бизнесте қызмет етіп жүрген азаматтардың үлесі 34,5 пайызды құрады. Бұл көрсеткіш те өсу үстінде. Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері 292,5 млрд. теңге сомасына өнім (тауар, жұмыстар мен қызмет түрлері) шығарды, бұл өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 9,3 пайызға көп», ‒ дейді Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Шолпан Ильмуханбетова.

Оның айтуынша, шағын және орта бизнес субъектілерінен келіп түсетін салық төлемдерінің көлемі 180 млрд. теңгені құраған, бұл өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 14,3 пайызға көп. 

Айта кетейік, соңғы жылдары мемлекет тарапынан шағын және орта кәсіп иелеріне тұрақты түрде қолдау көрсетілуде.

Экономикалық ілгерілеудің тегеурінді тетігі – шағын және орта бизнесті дамыту екені әлем­дік тәжірибеде әлдеқашан дәлел­денгені белгілі. Оның эконо­микадағы үлес салмағы анағұрлым жоғары болған сайын ілгерілеуге із ашыла түспек. Дамыған 30 елдің қатарына енуді көздеп отырған егемен елімізде де бұл бағытта ілкімді ізденістер жоқ емес. Бұл үрдіс облыста да жалғасын табуда. Өңірдегі іскерлік ахуалды жақсарту және кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған бизнес-үдерістерді оңтайландыру бойынша белсенді жұмыстар жүргізілуде десек, ақиқаттан аттай қоймаспыз.

«Осы бағытта облыс әкімдігі мен кәсіпкерлер палатасы арасында кәсіпкерлікті қолдау және дамыту бойынша ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойыл­ды. Біртұтас экономикалық ке­ңістік шеңберінде отандық өнім өндірушілердің мүдделерін қолдау және дамытудың іс-қимыл жоспары әзірленді. Кәсіпкерлік қызметті қалыптастыру мақсатында және болашағы зор бизнес ойларды таңдау негізінде өткен жылы «Атамекен Стартап» қоғамдық қорымен және облыстың кәсіп­керлер палатасымен, «Ал­тын Қыран» халықаралық қайы­рымдылық қорымен бірлесе отырып «Atameken Startup» бизнес ойлар конкурсы өткізілді. Өткі­зілген конкурс аясында 10 жоба қаржыландырылды. Жылдан-жылға кәсіпкерлерге қолдау көрсету инфрақұрылымы кеңеюде. Қазіргі таңда облыста екінші деңгейлі банктердің 23 филиалы, 40-тан астам шағын несиелік ұйымдар, өңірлік технопарк және әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы жұмыс істейді. «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ жанынан кәсіпкерлікті қолдаудың мобильді орталығы құрылды, тұрақты түрде аудандарға тегін консультациялық, салық және бухгалтерлік есептерді жүргізуге байланысты қызметтерді көр­сету үшін шығып тұрады», – дейді облыстық кәсіпкерлік бас­қармасының басшысы Бағжан Тілегенов.

Басқарма басшысының айтуынша, Ақтөбе қаласында кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы ашылып, онда «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ филиалы, «ҚазАгро» АҚ еншілес кәсіпорындары мен құрылымдық бөлімшелері, ісін жаңадан бастаған және бұрыннан әрекет ететін облыс кәсіпкерлеріне консультациялық қызмет көрсететін қаржылық инс­титуттар орналасқан. Үстіміздегі жылдың сегіз айында бұл орталық 4500-ден астам консультациялық қызмет көрсеткен. Шағын және орта бизнес өкілдеріне, соның ішінде, жас кәсіпкерлерге қолдау көрсету үшін биыл аудандарда кәсіпкерлер палаталары және «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры мен кәсіпкерлерге қолдау көрсету орталықтарының өкілдіктері ашылған. Сондай-ақ, жаңадан өз ісін бастаған кәсіпкерлерге барын­ша қолайлы жағдайлар туғызу үшін облыс аудандарында бизнес-инкубаторларды құру бойынша жұмыстар басталды. Онда олардың өз кәсібін ашуының бастапқы кезеңінде жеңілдік негізінде ғимараттар бөлініп, техникалық және консультациялық қызметтер көрсетіледі. Мысалы, жыл аяғына дейін Хромтау ауданында бизнес-инкубатор ашу жоспарлануда. Бизнес-инкубаторды орналастыру үшін жалпы көлемі 3000 шаршы метрден астам өндірістік базасымен әкімшілік ғимараты алынған. Ғимаратты қалпына келтіру үшін жергілікті бюджеттен қажетті қара­жат бөлінді. Қазір жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Шағын және орта бизнестің дамуының негізгі шарттарының бірі мемлекет және қаржылық институттар тарапынан қаржы-несиелік қолдау болып табылады. Өткен жылы барлық қар­жыландыру көздерінен 48,5 миллиард теңгеге қаржы-несиелік қолдау көрсетілген.

«Жергілікті атқарушы органдар «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасын жүзеге асыру бойынша белсенді жұмыстар жүргізіп келеді. Біздің облыс бағдарламаны жүзеге асыруда көшбасшылар қатарында. Бұл бағдарлама ісін жаңадан бастаған кәсіпкерлердің бастапқы капиталының жоқтығы, банк несиелерінің пайыздық мөлшерлемесінің шамадан тыс жоғарылығы, кепілге қойы­латын жоғары талаптар, сонымен қатар, кәсіпкерлердің бизнесті жүргізуге білімінің жетіспеушілігі мен мамандардың тапшылығы сияқты отандық бизнестің аса маңызды проблемаларын шешуге бағытталған. Бағдарламаның негізгі мақсаты қазіргі тұрақты жұмыс орындарын сақтап қалу және жаңаларын құру, сондай-ақ, экономиканың шикізаттық емес секторларын­да өңірлік кәсіпкерліктің орнық­ты және теңгерімді дамуын қамтамасыз ету болып табылады. Оны жүзеге асыру аясында пайыздық мөлшерлемені субсидиялау, несиелерді кепілдендіру, өндірістік инфрақұрылымды дамыту, гранттық қаржыландыру, сонымен қатар, бизнес-оқыту және сервистік қолдау қаралған», – дейді Бағжан Нұруллаұлы бағалы бағдарламаны таратыңқырап түсіндіре келе.

Оның мәлімдеуінше, «Биз­нестің жол картасы-2020» бағ­дар­ламасы жүзеге асырыла бастағаннан бергі уақытта 1000-нан астам аймақ кәсіпкерлеріне өндірістерін жаңғыртуға және жаңа өндірістерді ашуға, сервис кәсіпорындарын құруға, жобаларға инженерлік-коммуникациялық ин­фрақұрылым өткізуге 11,9 миллиард теңге қолдау көрсетілген. Биылдың өзінде осы бағдарламаны жүзеге асыруға 5,3 миллиард теңге бөлінген. Өңірлік үйлестіру кеңе­сімен 118 жоба мақұлданған екен.

Бағдарламаны жүзеге асыру барысында 8,7 мың жұмыс орны сақталып, жаңадан 3,7 мың жұмыс орны құрылды. Және кәсіпкерлерді қолдауға республикалық бюджеттен 11,9 миллиард теңге түссе, бюджетке 15,2 миллиард теңге көлемінде салықтық төлем­дер аударылды. Өткен жылы бағ­дарлама қатысушыларынан салықтық түсімдер көлемі 4,6 миллиард теңгені құрап, 2010 жылға қарағанда екі есеге өсті. Ішкі өңірлік өнім құрылымында өңдеуші өнеркәсіптің үлесі 2009 жылы 7,1 пайыздан 2013 жылы 8,5 пайызға дейін өсті. Экспорттың жалпы көлеміндегі шикізаттық емес экспорттың үлесі 1,3 миллиард АҚШ долларынан 1,8 миллиард АҚШ долларына дейін көтерілген.

Мемлекет басшысы жариялаған шағын және орта бизнес субъек­тілерін тексеруге мораторий – бұл бизнесті мемлекеттік тексеру органдары тарапынан заңсыз және рұқсат етілмеген тексерулерден қорғаудың нақты қадамы болып табылады. Мұның өзі кәсіпкерлерге жеке бизнестеріне уақыт бөлуге, дамытуға және оларды әкімшілік қысымнан құтқаруға ықпал еткені анық.

Ұлттық қордан 2014-2015 жылдарға шағын және орта бизнес нысандарына 1 триллион теңге қарастырылды, оның 500 миллиард теңгесі биыл бөлінді, қалғаны 2015 жылы бөлінетін болады. Өңдеу өнеркәсібі жобалары бойынша шағын және орта бизнесті қолдауға «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ арқылы 10 жылға 6 пайыздық жылдық мөлшерлемемен несиелеуге 100 миллиард теңге бөлінді. Үстіміздегі жылдың 9 айында жалпы сомасы 2,3 миллиард теңге құрайтын 24 жоба мақұлданды.

Ауылдық  жерлерде «Жұмыс­­пен қамтудың жол картасы-2020» және агроөнеркәсіп кешені бағдарламаларының мемлекеттік қолдау бағыттары үлкен таны­малдылыққа ие. Аталған бағдар­ламаны жүзеге асыруға рес­публикалық бюджеттен жыл сайын қомақты қаржы бөлінеді. Бағдарлама басталғаннан бері 800-ден астам қатысушы 1429,0 миллион теңге арзандатылған шағын несиелер алды, 1000-нан астам жұмыс орындары ашылды. Кепілдік саясат бойынша барлық кедергілерді жою нәтижесінде қатысушылар саны жыл сайын көбейе түсуде.

«Бизнестің жол картасы-2020», «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламаларының жүзеге асырылуы арқасында шағын және орта кәсіпкерлік көрсеткіші анағұрлым серпінді дамып келеді. 2014 жылдың 1 қазанына тіркелген шағын және орта бизнес нысандары 53,9 мың бірлікке жетті. Оның ішінде, 38,3 мың бірлік белсенді жұмыс істейді. Осы салада 135,7 мың адам еңбек етеді. Бұл көрсеткіштердің барлығында ілгерілеу бар екенін айту ләзім.

Шығарылған тауар көлемі 199,6 миллиард теңгені құрап отыр. Шағын және орта бизнес субъектілерінен салық түсімдері және басқа да төлемдер мөлшері 86,5 миллиард теңгені құрай отырып, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 9 пайызға өскені байқалды. Бұл қазірдің өзінде аймақта бизнесті дамытуға алғы­шарттар жасалғанын көрсетсе керек.

Сонымен қатар Елбасы кәсіпкерлікті қолдау үшін Үкіметке тиісті тапсырма берген болатын. Әрі елімізде шағын және орта кәсіп иелеріне қолдау көрсететін «Даму» кәсіп­кер­лікті дамыту қоры» АҚ құрылған болатын.

«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры өңдеуші өнеркәсіптегі шағын және орта бизнес субъектілерін қаржыландыру үшін 100 млрд.теңгені орналастыру туралы екінші деңгейдегі банктермен несие келісіміне қол қойды.

Несие келісімі «Даму» кәсіп­кер­лікті дамыту қоры» АҚ және 13 отандық екінші деңгейдегі банктер арасында жасалды. Құжатқа сәйкес аталған қаржыны екінші деңгейдегі банктер өңдеуші өнеркәсіп жобаларын іске асыратын шағын және орта бизнес кәсіпкерлеріне алты ай ішінде берулері тиіс.

Қаржыландырудың ба­ғыт­тары:

50 млрд. теңге – шағын және орта бизнестің жаңа жобалары (оның ішінде 25 млрд. теңге азық-түлік өндірісі – тамақ өнеркәсібінің жобаларына бөлінеді);

50 млрд. теңге – жұмыс істеп тұрған қарыз алушыларды қайта қаржыландыру.

«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ арқылы екінші дең­гейдегі банк­тер­ге берілетін несие талаптары:

Қаржыландыру валютасы – теңге.

Сыйақы мөлшерлемесі – жылдық 2%.

Мерзімі — 240 ай.

Мақсатты пайдалануы – өңдеу­ші өнеркәсіп жобаларын іске асыратын шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін несие­лендіру;

Игеру мерзімі – лимит ашыл­ғаннан кейін 6 ай.

Екінші деңгейдегі банктердің маржасы – жылдық 4% көп емес.

Өңдеуші өнеркәсіпте жобаларын іске асыратын кәсіпкерлерге берілетін несие талаптары:

Қатысушылар – өңдеуші өнер­кә­сіпте жобаларын іске асыратын шағын және орта бизнес субъек­тілері;

Қар­жыландыру лимиті – 1 850 млн.теңгеге дейін.

Қар­жыландыру валютасы – теңге.

Сыйақы мөлшерлемесі – жыл­дық 6%.

Мерзімі — 120 айдан көп емес.

Мақсатты пайдалануы – өңдеуші өнеркәсіп саласындағы жобалар;

Комиссиялар – комиссиясыз, алайда шағын және орта бизнестің бастамасымен несие талаптары өз­герген жағдайда, комиссия мөлшері «Даму» қорымен келісіледі.

Бұл Мемлекет басшысының экономикаға қолдау көрсету және оның өсімін 6-7% деңгейінде қам­тамасыз ету туралы тапсырмасын іске асырудың алғашқы қадамы. Осы қаражатты бөлу шағын және орта бизнестің жаңа жобалары бойынша инвестициялық қызметін ынталандырады, сонымен бірге кәсіпкерлерге несиелерін аса тиімді шарттармен қайта қаржыландырып, тұрақты жұмысын жалғастыруға және өндірістік қызметін іске асыруға мүмкіндік туғызады.

«Даму» кәсіпкерлікті дамы­ту қоры» АҚ-тың басқарма төрайы­мы Ләззат Ибрагимова «Даму» қоры несие қаржысын берудің барлық процедураларына қатысты былай деп атап көрсетеді: «Банктерге осы бағдарлама аясында қандай да бір комиссия, айыппұл, өсімпұл түрлерін алуға тыйым салынады және бұл қаржы Ұлттық қордың ресурстары болғандықтан, олар отандық тамақ, тоқыма, металлургия, машина жасау өнеркәсіптеріне беріледі. ДАМУ шағын және орта бизнес өкілдері несиені қарастыруға артық комиссия төлемес үшін барлық процедураларды егжей-тегжейлі бақылайды. Сонымен қатар, біз банктерді ынталандырамыз, оларға ортақ қаржыландыру көрсетіледі және жобаларға басқа да қосымша ресурстар тартатын боламыз».

Сондай-ақ, елімізде шағын және орта бизнесті одан әрі дамыту үшін арнайы экономикалық аймақтар құрылып, өз жұмысын бастап кетті. Бұл елімізде шикізат экпорттаудан бөлек, дайын өнім өндіруге де жол ашады. Түрлі инновациялық бағдарламалар қабылданып, жобалар жүзеге асырылып жүр. Дегенмен отандық өндіріс әлі де аяқтан тік тұрып кете қойған жоқ. Бұл салада әлі де шаруа шаш-етектен. Орта және шағын кәсіпкерлікті дамыта отырып, зауыт, фабрика, кәсіпорындардың санын арттырса ғана ел қазынасы еселенеді. Экономиканың осы қағидасын берік ұстанған Оңтүстік Қазақстан облысында соңғы жылдары кәсіпорындар саны арту үстінде. Оған осыдан төрт жыл бұрын ашылған «Оңтүстік» индустриалдық аймағындағы қарқынды жұмыстар дәлел.Шымкенттегі бұрынғы фосфор зауытының аумағында орналасқан индустриалды аймақтың жалпы жер көлемi 337 гектарды құрайды. Мұнда өндіріс орындарын ашуға кәсіпкерлерге барлық жағдай жасалған. Мемлекеттің қолдауымен инфрақұрылым тартылып, кәсіпкерлердің іс бастауына қолайлы мүмкіндіктер қарастырылған. Бүгінде индустриалды аймақта өңiрлiк үйлестiру кеңесi (ӨҮК) мақұлдаған жалпы құны 76 млрд. 227 млн. теңгенi құрайтын 68 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Осы арқылы 6 жарым мыңнан астам жаңа жұмыс орындары ашылмақ. Оның iшiнде жалпы құны 51 млрд. 745 млн. теңгенi құрайтын, 4 мыңға жуық жұмыс орнымен қамтылатын 23 жоба Индустриаландыру картасына енген.

Индустриалды аймақ құрылған сәттен бастап тиімділігін дәлелдеп келеді. Мұнда алғашқы үш жылда жалпы құны 15 млрд. 55 млн. теңгенi құрайтын 31 инвестициялық жоба iске асырылып, 2312 жаңа жұмыс орны ашылған. Ал биыл жалпы құны 3 млрд. 793 млн. теңгенi құрайтын 11 инвестициялық жобаны жүзеге асыру қолға алынған. Бүгінде оның бірқатары іске қосылып үлгерді. Нәтижесінде 596 адам жұмыспен қамтылмақшы. 

Жобалардың нәтижесі өнім көлемімен есептелетіні белгілі. Бұл ретте «Оңтүстiк» индустриалдық аймағындағы кәсiпорындардың өндiрген өнiм көлемi жылдан-жылға өсіп келе жатқанын айта кеткен жөн. Мәселен, 2011 жылы 7 млрд. 470 млн. теңгенiң өнімі өндірілген. Бұл облыстың өңдеу өнеркәсiбi бойынша өндiрiлген өнiмнiң 2,9 пайызын құрайды. 2012 жылы 10 млрд. 200 млн. теңгенiң (3,3 пайыз), ал 2013 жылы 12 млрд. 100 млн. теңгенiң (3,7 пайыз) өнiмі өндiрiлген. Осыдан-ақ өңiрде индустриалдық аймақтарды құрудың тиiмдi болғанына көз жеткiзе түсемiз. Осындағы инфрақұрылымның құрылысына «Бизнестiң жол картасы − 2020» бағдарламасы бойынша 4,9 млрд. теңге бөлiнген. Кәсіпкерге ең керегі инфрақұрылым екенін ескерсек, бұл шаруаның да маңызы зор. Қазiргi таңда инфрақұрылым құрылысының төрт кезеңi толығымен аяқталды. Индустриалды аумақтың бірнеше артықшылықтары бар. Біріншіден, «Оңтүстік» индустриалдық аумақ дирекциясы кәсіпкерлерге «бір терезе» ұстанымы бойынша қызмет көрсетеді. Екіншіден, аумақ кәсіпорындары коммуникациялық инфрақұрылыммен тегін қамтамасыз етіледі. Үшіншіден, индустриаландыру картасына кірген инвестициялық жобаларға жер телімдері жеке меншікке конкурссыз беріледі. Төртіншіден электр қуаты 25 пайыз арзан. Бесіншіден, қайта құрылып жатқан кәсіпорындарға қажетті маман дайындау үшін қайта даярлау орталықтары жұмыс жүргізуде. Төртіншіден, ыңғайлы логистикалық жүйе құрастырылған. Магистральға жақын теміржолмен қамтамасыз етілген. Міне, осы артықшылықтар еліміздің ғана емес, шетелдік инвесторларды да қызықтырып отыр. Мұндағы ілкімді істерді Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев та жоғары бағалап, шағын кәсіпкерлікті дамытудағы бастамаларға қолдау ф болатын. Бүгiнгi таңда индустриялдық аймақтарды ашу бойынша Оңтүстiк Қазақстан облысының тәжiрибесi республиканың басқа өңiрлерiне үлгi ретiнде қолданылуда. 

Индустриалды аймақта облыс экономикасына оң серпін беретін бірнеше кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Солардың жақында ашылған бiрқатарына тоқтала кетейік. 

Биыл шыны бұйымдарын шығаратын зауыт ашылғанынан ел құлағдар. Кәсіпорын 2,3 млрд. теңгенi құрайтын жобаны жүзеге асыруда. Жылына 70 миллион данаға дейiн шыны құтысын дайындауға қабілетті өндiрiс ошағы әлемдегi жетекші компаниялардың заманауи құрал-жабдықтарымен қамтамасыз етiлген. Атап айтар болсақ, швейцариялық құрал-жабдықтар орнатылған. Бұл қондырғының артықшылығы тек сапалы өнiм шығарып қана қоймай, ақауы бар ыдыстарды бiрден анықтайды. Сапасыз ыдыстар шикiзат ретiнде өңделiп, қайтадан шығарылады. Сондай-ақ Қытайдан да жабдықтар мен мамандар алынды. Бүгінде «Евро Кристалл» зауытында 150 адам жұмыс iстейдi. Оның 20-ға жуығы қытайлық мамандар. Кәсіпорын басшысы Рустам Суховтың айтуынша, қытайлық жұмысшылар жергілікті мамандарды оқытып, үйреткен соң елдеріне қайтады. Кәсіпорынға облыс әкімдігі «Бизнестiң жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша инженерлiк-коммуникациялық инфрақұрылымын жүргiзiп берсе, несие бойынша да мемлекет тарапынан қолдау көрсетiлген. Зауытта кез келген түс пен пішінде шыны ыдыстар шығарылады. Елiмiздегi сыра және қалбырлау зауыттарына, фармацевтика саласына 1 миллиардқа жуық шыны ыдыстар импортталатын көрінеді. Бұл зауыт солармен келісімшарт жасасып, өнімдерін өткізбек. Жалпы бұл кәсіпорын өнімдерінің 70 пайызын ішкі нарыққа, 30 пайызын шетелдік экпортқа бағыттаған. Болашақта облыста бұдан басқа тағы осындай екi шыны ыдыстар шығаратын кәсiпорнын салынбақшы. 

Аймақта «Юг Регион Пласт» ЖШC де жұмыс атқаруда. Мұнда полипропилен және пластик бұйымдары өндiріледi. Бұл жобаның жалпы құны 367 млн. теңгені құраған. Оған «Бизнестiң жол картасы − 2020» бағдарламасы аясында инфрақұрылым жүргізіліп, үдемелі индустриалды-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы арқылы мемлекеттiк қолдау көрсетiлген. Жобалық қуаттылығы жылына 124 800 шаршы метр бұйым. Кәсіпорында сыйымдылығы 1−3 текше метрге дейiнгі 880 дана ыдыстар, 144 880 дана түрлi пластик өнiмдерi де өндiрiледi. Бүгінде кәсіпорында 50 адам жұмыс iстейдi. Олардың орташа айлық жалақысы 70 мың теңгеге жетеді. Жұмысшылар үш ауысыммен еңбек етедi. Өндірілген өнім Қазақстанның барлық облыстарына жіберілуде. Әсiресе, Алматы мен Балқаш қалалары тарапынан сұраныс көп. Индустриалды аймақтағы болат құятын «Ferrum Vtor», әйнек шығаратын «Фирма Дана», автомобиль майларын шығаратын «Hill Сorporation» кәсіпорындары да сапалы өнімдерімен танылып үлгерген. Сондай-ақ «Spirit Казахстан» кәсіпорнында бөтелкелер мен шыны ыдыстардың қақпақтары өндіріледі. Жылына 70 млн. қақпақ шығаратын зауытта 35 адам жұмыс істейді. Құрылысқа қажетті темірбетон шығаратын «АРТ Құрылыс» ЖШС-де 200 жұмыс орны ашылған. Жобаның құны 900 млн. теңгені құрайды. Осы және өзге де кәсіпорындар орналасқан аймақта тағы бірнеше жобалар жүзеге асырылмақ. Бұл өз кезегінде өңірде жұмыссыздар санын азайтуға мүмкіндік береді. 

Индустриалды аймақ құру туралы бастаманы алғаш облыс әкімі Асқар Мырзахметов көтерген-ді. Өңір басшысының тапсырмасына сәйкес, алдымен Шымкентте индутсриалды аймақ ашылды. Бұның тиімділігі аңғарылған соң, облыс әкімі барлық аудан, қалаларда индустриалдық аймақтарды құру туралы тапсырма берді. Бүгінде осы бағытта жұмыс қарқынды жүргiзiлуде. Аудан, қалаларда индустриалды аймақтарды орналастыруға бөлiнген жер телiмдерiнiң жалпы көлемi 813,5 гектарға жетеді. Онда жалпы құны 60 млрд. 969 млн. теңгенi құрайтын 40 инвестициялық жоба iске асырылмақ. Осы арқылы 5 мыңға жуық жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланыпты. 

Былтыр Түркiстан қаласында индустриалдық аймақ ашылды. Қазір осында кәсіпорындар санын көбейту шаралары қолға алынуда. Бұдан бөлек, былтыр Кентау қаласында, биыл Созақ, Шардара, Бәйдiбек, Мақтаарал және Түлкiбас аудандарындағы индустриалдық аймақтардың инфрақұрылымдарын жүргiзу жұмыстары басталды. Оған жергілікті бюджет арқылы қаржы қарастырылып, ауқымды жобалар облыс әкімдігінің тікелей бақылауына алынған. Қазір 500-1000 адам қызмет атқаратын алып зауыттар салуға әлемнің дамыған елдерінің өзі жүрексінеді. Себебі экономикалық дағдарыста ірі кәсіпорындар шығынға ұшырап, аумалы-төкпелі нарық заманында әлсіздік танытты. Есесіне, шағын және орта кәсіпкерлік секторы аса зардап шекпей, өміршеңдігін байқатты. Шағын және орта кәсіпорындардың тиімділіктері мен артықшылықтары бар. Ең бастысы, ол аса үлкен қаржыны қажет етпейді. Жапония, Германия, Бельгия, Италия сияқты әлемнің экономикасы дамыған елдерінде шағын және орта бизнес барлық кәсіпорындары санының 90 пайыздан астамын құрайды және жалпы ішкі өнімнің 50 пайыздан астамын береді екен. Демек, Қазақстан үшін де шағын және орта кәсіпкерлікті дамытудың маңызы жоғары. Оңтүстіктегі осы бағыттағы жүйелі жұмыстар жалғасын тапса, өңірдегі жұмыссыздар саны азайып, облыс қазынасы молаятыны сөзсіз. 

 

 

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары