$ 444.22  476.38  4.82

Елімізде интернет журналистика дамып келеді

Ақтау қаласында аймақтық медиаынтымақтастық конгрессі өтуде, деп хабарлайды Skifnews.kz

Оған елімізге танымалал медиа ұйымдарының өкілдері қатысты. Жиын барысында отандық БАҚ саласының дамуы мен ақпаратты таратудағы туындаған бір сыпыра мәселелері талқыланды. 

Сарапшылардың пікірінше, соңғы кездері қазақ тілді контенттерге сұраныс артып келеді. Әсіресе қазақ шоу бизнесі, қоғамдағы мәселелердің шешілуіне нұсқау беретін әр сала мамандарының сұқбаты мен ғылыми танымдық материалдар оқырмандардың қызығушылығын арттыруда. Алдағы уақытта ауылды-аймақтардағы ағайынға интернет желісі тартылар болса, қазақ тілді оқырмандардың қатары бұдан да бірнеше есеге өспек. 

Конгрессте көтерілген мәселелердің бірі БАҚ арасындағы ақпарат ұрлаудың өзектілігі мен мамандандырылған журналистердің тапшылығы болды. Ақпаратты көшіріп жазып, сілтемесін көрсеткеннің өзінде бұл ұрлық болып табылатынын айтты мамандар. 

Аталмыш конгересс екі күнге созылады. 

Айта кетейік, еліміздегі интернет журналистиканың дамуына өз үлесін қосып жүрген Есенгүл Кәпқызы осы саланың дамуы туралы өз ойын былайша жеткізді: «Бұл ғасыр — технологиялар ғасыры. Елімізде ақпараттық технология жедел дамып келеді. Алдағы екі-үш жылдықта интернетті пайдаланушылар саны күрт артуы мүмкін. Алайда қазір сұранысты толық қамтамасыз етіп отырмыз дей алмаймыз, өйткені интернеттегі қазақтілді ресурстардың саны аз. Деректерге қарағанда, «kz» доменінде тіркелген сайттардың 10 пайызы ғана қазақ тілінде екен. Соның ішінде санаулы сайттар ғана тұрақты жұмыс жасап тұр. Дегенмен, 2008 жылдан бастап қазақ тіліндегі сайттардың дамуы өте қарқынды жүрді, саны көбейді, қазір қазақтілді басылымдардың жиырмадан астамының интернет нұсқасы бар.

Тек мәтіндік қана емес, мультимедианы (яғни, аудио, бейне материалдарды) қоса қолданып отырған сайттарды да ерекше айтар едім. Мысалы, мультимедианы жақсы пайдаланып отырған, АҚШ қаржыландырып отырған «Азаттық» сайтының қазақтілді нұсқасы мен Stan.tv сайтын атап өтуге болады.

Соңғы жылдары жақсы дамып келе жатқан қазақтілді блогтардың көбейгендігін айтып өткен жөн. Осы жерде айтып кететін жайт, қазақтілді блогтардың көпшілігінің жүргізушілері журналистер болғандықтан, оның мазмұндық, тілдік сапасы жоғары.

Бір-екі жылдан бері  қазақтілді блогтарды дамыту мақсатында республикалық семинар-тренингтер ұйымдастырылып келеді. Былтырғы семинардың нәтижесінде жаңа 87 блог ашылды, олардың ішінде тұрақты жұмыс жасап жатқандары да, тоқтап қалғандары да бар. Ал жақында Алматыда өткен тренингтен кейін тағы 25 блог жұмысын жүргізе бастады. Ертең Астанада жаңа медиа технологияны дамыту мақсатындағы тағы бір тренинг басталады. Біз осындай шаралар арқылы интернеттегі қазақтілді контентті дамытуға өз үлесімізді қосып отырмыз. Осы жерде бір мәселе бар, қазіргі уақытта 700-дей блог орналасқан WordPress.com-ның қазақша тұғырнамасы «Қазақтелекомның» провайдерлері қосқан интернеттен ашылмай тұр, бұл қазақтілді блогшыларға үлкен кедергі болып отыр…

Негізінде біз әңгіме қылып отырған жаңа медиа технологияның болашағы зор. Батыс елдерінде дәстүрлі ақпарат құралдарын онлайн интернет ақпарат құралдары түбінде басып озады деген пікір бар. Бізде де солай болуы мүмкін…».

Естеріңізге сала кетейік, өткен жылы Астанада «Қазмедиа» орталығының конференц залында өткен «Қазақ сайттары редакторларының конференциясы» көңіл түкпірінде жатқан  түрлі проблемалар мен түйткілдерге түрткі болды. Ең әуелі конференциядан түйгеніміз – Қазақ интернетін дамытуға ат салысушылардың қарасының молайғаны. Егер осыдан үш жыл бұрын қазақ сайттарының саны саусақпен санарлық болса, бүгінде конференцияға 100-ден астам сайт редакторлары жиналды. Демек, саннан сапаға көшу эволюциялық дамудың негізгі заңдылықтары болса, енді сапалық өзгерістердің кезеңі келгендігі айқындалды.

Конференция барысындағы төрт панельдің негізгі түйіні – біреу. Қазақ интернетін дамыту және ғаламторда қазақ тілінде сапалы әрі пайдалы контент санын молайтуға не кедергі? Қазақ интернеті бизнес құрылымына неге айнала алмай отыр? Конференцияның алғашқы екі панелі – «Қазақ интернетінің дамуы: Ерекшеліктері, өзекті мәселелері» және «Қазақ сайттарының және техникалық сүйемелдеуді қолдау, коммерцияландыру мәселелері» деп аталды. Бұл бөлімде мәселе негізінен техника және технология тұрғысынан көтерілді. Мәселен қазақ сайттары неге коммерциялық бағытта жұмыс істей алмай отыр? Екінші панельдің модераторы “Викибілім” қоғамдық қорының жетекшісі Рауан Кенжеханұлы қазақстандық интернет жылына 9 миллион доллардың табысын табатындығы жайында мәлімдеді. Алайда, сол қаржының қанша пайызы қазақ интернетінің еншісіне тиеді? Бұл жайында күмілжіп қалатынымыз анық. Мәселен, “Сұрақ-жауап” сайтының әкімгері Ербол Серікбай өз сайтына күніне 20 мың адамның кіретіндігін айтады. Алайда жарнама берушілердің ешқайсысы өз тарапынан жарнама беруге құлықтылық танытпаған. Өйткені, қоғамдағы Кеңес заманынан қалған стереотиптердің бірі – қазақ аудиториясын көзге ілмеу, оларды іскерлік әлемінде екінші сортта қарастыру, демек, мемлекеттік тілдің дәрежесінің әлі күнге дейін өз деңгейінде мойындалмауы осының салдары.

Конференция барысында қазақ сайттарын мемлекеттік қолдауға қатысты мәселелер жиі көтерілді. Алайда  CNP Processing GmbH интернет процессорының бас менеджері, «AWARD.KZ Ұлттық интернет сыйлығы» қоғамдық қорының директоры Горожанкин Константиннің пікірі бойынша, мемлекетке алақан жайғаннан түсер пайда шамалы көрінеді. «Орыс тілді сайттар проблемаға тереңдеп ене түсті. Мемлекеттен ешқандай көмек күткен жоқпыз. Нәтижесінде қазір орыстілді сайттар табыс көзіне айналды», – деген ол, «Қазақ сайттарын коммерциялауға басты бөгет – www.zero.kz сайтында статистиканың дұрыс жүргізілмеуі» дегенді баса айтты. Осы сайттың жүргізген статистикасы бойынша қазақ сайттарының ішінен алғашқы жиырмалыққа енетіні тек – «Сұрақ-жауап» сайты ғана екен. Америкадан скайп арқылы байланысқа шыққан, қазақ тіліндегі тұңғыш порталдардың бірі www.massagan.com сайтының негізін қалаушылардың бірі Жанарбек Матай ең жақсы есептегіш Гугл аналитикс екенін айтады. Сонымен Константин Горожанкиннің ұсынысы қазақ сайттарының статистикасын жеке жүргізу қажет. Ал, Ербол Серікбай қазақ сайттарына жұмыс істейтін арнайы жарнама агенттігін құруды көздейтінін айтты.

Көпшілікті көп толғандырған мәселе – интернет журналистика тақырыбы болды. Интернет журналистика дегеніміз не? Әңгіме осы төңіректе басталды. Спикерлердің пікірінше, интернет журналистика мен дәстүрлі журналистиканың айырмашылығы берілу формасында болмаса, жалпы журналистикаға қойылатын талаптар интернет журналистикасына да қойылуы тиіс. Дәл осы пікір жиынға қатысушы ІТ мамандардың көкейіне қона қоймады. Кейіннен твиттер мен фейсбуктегі осы панельге қатысты пікірлерді оқи отырып, көптеген интернетті дамытуға ат салысып жүргендердің дәстүрлі журналистика мен интернет журналистиканың мәтінін екі түрлі тілдік категорияда алып қарайтындығы байқалды. Сол себептен болар фейсбук әлеуметтік желісінде “Интернет журналистика дегеніміз не?” деген сауал тасталды. Бұған әркім өз көзқарасын танытуда. Дегенмен ІТ мамандарының арасында “интернет – журналистика емес” деген пікір жиі айтылыпты. Осы панельде спикерлердің бірі болған Есенгүл Кәпқызы интернет журналистика мен дәстүрлі журналистиканың айырмашылығы берілу формасында дегенді айтты. Ал қалғанында айтарлықтай өзгеріс жоқ деді ол.

«2009 жылдан бері интернет ресурстардың барлығы БАҚ-қа теңестірілгені белгілі. Сол себепті де интернет ресурстарының иесі ондағы кез келген жазбаға, комментарийге, форумға жауапты. Сол себепті де пікір қалдырудағы сауатсыздық, жекелеген адамдардың ар-намысына тиісу, жалған ақпарат тарату, жала жабу барлығы да БАҚ туралы заң негізінде, Азаматтық және Қылмыстық кодекстерді басшылыққа ала отырып, жауап беретін болады», – деді «Мінбер» журналистерді қолдау орталығының жетекшісі Есенгүл Кәпқызы.

Залдағылардың бірі «Пікір қалдыру мәдениетін қалыптастыру үшін интернет қолданушылардың ар-намыс этикасын қабылдасақ қайтеді?» деген сауал қойды.

«Интернет ресустары БАҚ-қа теңестірілгендіктен, 2012 жылдың соңында қабылданған «Қазақстан журналистерінің кәсіби этикасы» интернет журналистика үшін де қолданылуы қажет. Мен «Қазақ сайттары редакторларының клубын» құру туралы идеяны қолдаймын. Осы клуб аясында көптеген қордаланға мәселелердің басын ашуға болатын секілді», – деді ол.

«Интернет журналистка дегеніміз не?» деген сауалға Америкадан скайп арқылы қосылған, «Мінбер» журналистерді қолдау орталығы жанындағы “Жаңа медианы зерттеу орталығының” жетекшісі Асхат Еркімбай фейсбук бетінде мынандай пікір қалдырған екен: «Технология қанша дамыса да журналисттің ақпаратты бұқараға түсінікті етіп жеткізу функциясы өзгермейді. Интернет журналист, мобильді журналист дегендер қызмет ету құралына қатысты айтылған шартты атау. Интернетке келер болсақ, өлең – сөздің патшасы болса, контент – Интернеттің патшасы! IT мамандар қаңқасын жасап береді, ал журналистер соның ішін толтыру керек. Журналистер қаңқаны түсінбеген соң (басқа да толып жатқан себептері бар), IT-шілер қазір журналистердің де рөлін орындап жүр. Интернет журналистиканы – 40 % технология, 60 % контент деп ұғамын. Кеше бір кісі «журналистер – жалқау» дегенді айтып еді. Шындығы сол. Журналистердің дені нанды бюджеттен табатындықтан жаңа нәрсені үйренгісі келмейді. Үйренсе де онысын жүзеге асыра алмайды. Абайша айтсақ, әрбір жалқау кісі қорқақ келеді»…

Конференция басталысымен, қазақ интернетін дамытудың түрлі амал айлаларының қарастырылп жатқаны сөз болды. Сол игі бастамалардың бірі ретінде «Қазақ сайттары редакторларының клубы» құрылды. Конференцияның ұйымдастырылуына мұрындық болған, «Нұр Отан» партиясының хатшысы, саясаттанушы Ерлан Қарин мырза фейсбуктағы «Қазақ сайттары редакторларының конференциясы» деген топты «Қазақ сайттары редакторларының клубы» деп өзгертіпті. Бұл бастаманың қазақ интернеті үшін берері не? Біріншіден, интернетті дамыту барысында кездесетін, қордаланған проблемалар ортаға салынады. Демек, қазақ интернетін дамытуға ниеттес ағайындардың өзара ынтымақтастығы артады. Екіншіден, «жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, кез келген проблеманы бірлесе, жұмыла шешуге кірісе отырып, әртүрлі түйткілді мәселелердің шешілуіне жол ашылады. Жылына бір рет осындай конференцияларды өткізіп тұруға жол ашылады. Үшіншіден, интернетті контентті сауатты дамыту үшін әртүрлі семинарлар мен тренингтердің ұйымдастырылуына мұрындық болады. Демек, бұған дейін жеке жеке отау тіккен сайттар бүгінде жұмылып жұдырық болудың алғашқы қадамын жасады.

Жаңа мыңжылдықтағы ақпараттық технологиялардың қарыштап дамуы нәтижесінде, ғаламтор әлемдік сипатқа ие болып, таралымы мен тағылымы зор құбылысқа айналды; заманымыздың бүкіл болмысын айқындайтын ортақ құндылық болып қалыптасты. Сөйтіп, ғаламтор қоғамдық өмірдің барлық саласына дендеп енді: саясат пен экономика, әлеумет, мәдениет пен өнер, тіпті, жұмырбасты пенденің күнделікті тұрмыс-тіршілігі де желімен тығыз бай­ланысып, біте қайнасып кеткендей. Әсіресе, бұқа­ра­лық ақпарат құралдарының дамуына ғаламат әсер етіп, соны сатыға кө­тер­­ді. Ғаламтор ақпарат ағынының тие­­гін ағытты, әлемдік ақпараттық ке­ңістікті қалыптастырып, шеңберін кеңейтті, журналистиканың тың саласы – жаңа медианы жасады. Бұл үдеріс Қазақстанның ақпараттық кеңістігін де айналып өтпеді. Әлі өзіндік бет-бейнесі дұрыс қалыптаспай тұрып, отандық БАҚ интернет-журналистика, яғни, жаңа медианың оң және теріс әсері­нен соңғы жылдары орасан зор өзгеріске ұшы­рауда. Алайда, әлемдік жаңалықты жақсы-жаманын сұраптамастан сіңіріп алғанымыз жарамас-ты. Сондықтан, жаңа медианың отандық БАҚ, ақпа­раттық кеңістікке ықпалын сараптап алу керек.

Бұқаралық коммуникация құралдары ғасырлар иірімінде қарыштап дамыды. ХV ғасырда − кітап, ХVІ − газет, ХVІІ ғасырда журнал жарыққа шықты. ХХ ғасырда радио мен телевизияның жасалуы ақпарат саласында орасан зор толқыныс тудырса, ал, ХХІ ғасырда аталмыш коммуникация құралдарын бір арнаға тоғыстырған Интернет пайда болды. Бұл жайт БАҚ-ның дамуына катализаторлық ықпал етіп, өнім­ділігін, пәрменділігін арттырды, жаңа медиаға (ақпараттың компьютер мен ком­му­никациялық технологиялардың, компьютермен лайықталған құрылғылар мен Интернеттің интерактивті қызметтері арқылы таралуы -wіkіpedіa.org) жол ашты. Көне түркі жазулардан бастау алып, заман көшінен қалмай, өскелең дәуірге өзінше үн қосып келе жатқан қазақ журналистикасы да бұл жаңалыққа тосырқай қарамады. Қазақ интернет-журналистикасы тәуелсіздіктің алғашқы жылдары, нақтырақ айтқанда, 1995 жылы қалыптасты. Сөйтіп ондаған жылдың ішінде отандық интернет же­лісі -Қазnet-тің үлкен бір саласына, бір сегментіне айналды. Қазnet-тің жандануы нәтижесінде жаңа медиа арналары дамыды: көптеген БАҚ дәстүрлі түрден заманалы мәтіндер мен құрылымдарға ауысты, қазақтілді контенттер мен ау­диовизуалды ақпарат көлемі артты, таралу ауқымы кеңейіп, қолжетімді бола түсті.

Жаңа медианың журналистикаға ық­пал-әсерін екі тарапта қарастырған жөн. Ғаламтор арқылы қазақтілді ақпарат алаң­дары: порталдар, сайттар, форумдар мен блогтар қазақ аудиториясына тікелей бағыт­талып жатыр. Қазақ тілді домендер мен хостингтердің саны күннен күнге артып келеді. Қазақтілді интернет-аудитория қалыптасып, бүгінде олардың саны молайды (100 адамға шаққанда 58 тұрғын ғаламторды пайдалана алады. – kzcontent.kz ).

Жаңа медиа қоғамда журналистиканың жаңа формасын туғызды. Ол құбылыс азаматтық журналистика, интернет-журна­листика деген атпен танымал. Жаңа медиа ақпараттың мәтінге тәуелділігін жойды. Себебі, мультимедиялық, графикалық ақпа­раттың таралуы мәтіндік жүйенің баламалы тенденциясына айналды. Түсінікті де қысқа гипермәтіндер, газет-журнал мәтін­дерінің қатталуы, радиотелевизия және баспасөз мұрағаттың қолжетімділігі, іздеу жүйесінің ыңғайлылығы, интерфейстің тар­тым­дылығы бұқаралық ақпарат құралдарын ыңғайлы ете түсті. Жаңа медиа қоғамдағы демократиялық үдерістердің дамуына оң үлес қосуда. Цензураның құрсауын белгілі бір межеге дейін жойды. Интернет БАҚ-тардағы аудиториямен байланыстың оңтайлы әдістерінің болуы ақпарат тұтынушыларының ой мен сөз еркіндігіне мүмкіндік берді. Аудиториямен тығыз қарым-қатынас орнату ісі: оларды медиа ісіне тарту, қоғамдық мәселелерді талқылауға қатыстыру жаңа медианың әлеуметтік маңызын арттыра түсті. Мәселен, тұрақты жұмыс жасап жат­қан Abaі. kz ақпарттық порталы, «Мінбер» Ұлттық интернет газеті, «Замандас», Маsa.kz, Bag.kz секілді сайттардағы түсіндірме, түсініктеме (комментарий) жазушылардың өздері ашық пікірталасқа барып, айтысып жатады. Не болмаса, мате­риал туралы өз ойларын ортаға салады. Мұның өзі белгілі бір деңгейде сөз еркіндігі бар екенін аң­ғартады. Бұрынғы кездерде кері байланыс тек хат немесе радиотелевизияда телефон қоңырауы арқылы ғана орнатылса, ға­ламтор енген қазіргі кезеңде, он-лайн хат алмасу мен электронды пошталардың дамылсыз жұмыс істеуі, он-лайн тілдесулердің ұйымдастырылуы еліміздің демократиялық прин­циптерін жүзеге асырады.

Қарап отырсақ, қазір «мен» деген БАҚ барлығында дерлік веб-сайт, портал, жекелеген журналистік блогтар мен форумдар, рейтинг-сауалнамалар тіпті әлеуметтік желілері де бар. Бұл дәс­түр­лі БАҚ-тың өзі жаңа медиа арқылы ақпарат нарығына шығып отыр дегенді білдірсе керек. Алайда, телевизия мен радионы былай қойғанда, баспасөздің веб-парақтары жаңа медианың қалыпына (стандарт) көп келе бермейді. Веб-беттердегі посттардың тым шұбалаңқылығы, визуалды ақпараттың жұтаңдығы байқалады. Мәселен, АҚШ-тың «USA Today», «New-York Тіmes» «Washіngton Post» секілді ірі басылымдарының веб-беттерінде үлкен көлемдегі материалдар аз, мұнда мәтіннің неғұрлым ықшам, оқуға жеңіл болуына аса мән беріледі. Ал, біздің елде газет бетін толтыру үрдісі ғаламторға да ауысып кеткендей.

Ғаламтордың қазақтілді интернет сайт­тарға тигізетін кері әсері де баршылық. Ақ­парат ағынының толассыздығы салдарынан басқа тілдегі контенттер қазақ тіліндегі ақ­паратты ығыстырып шығаруда. Тіпті, өзіміздің елде де көбіне орыстілді ақпаратқа басымдық беріледі. Мәселен, Себебі, қазақ­тілді Қазnet-тің дәл қазіргі жағдайы орыстілді сайттармен текетіресе алатындай деңгейге жете алған жоқ. Тұтынушысы ең көп делінетін түрлі әлеу­меттік желілер мен ақпараттық-сайттар, ақ­парат агенттіктері көбіне орыс не­месе басқа тілде ақпарат таратады. Тіпті, белгілі, ауқымы кең отандық интернет-порталдардың өзі басым бағытты орыс тіліне беріп отырады.

Ғаламтор журналистиканы қоқысқа айналдырып та жібергенін коммуникативист ғалымдар мойындап отыр. Қаңқу сөздер мен жалған фактілер, моральдық сапасы төмен ақпараттар легінің толассыздығы, бір-біріне айдап салу, сыртынан ғайбат сөз айту деген секілді проблемалар біздің интернет-журналистикада да белең алып келеді. Бұл турасында профессор Кәкен Қамзиннің пікірі өте орынды: «Қазіргі қазақстандық ақпараттық кеңістікте блогтық жұтаң тіл, кибер ой жүйесі жедел қалыптасып келеді. Тіпті, аса бай, аса құнарлы қазақ тілінің ва­рианты осы деуге сенгің де келмейді. Сауатсыздық пен білімсіздіктің көрінісін іздесеңіз, тап қазір блогосфераға жүгініңіз. Өтпелі, уақытша құбылыс болса да, қазіргі Интернет сауатсыздық резервациясына, шала сауаттылардың дау-дамай, байбаламы мен бетжыртыс алаңына айналды. Ол – индивидтер, жіктер, әлеуметтік топтар мәдениеті мен көзқарасының айнасы, сонымен қатар психологиялық терапия, тұрмыстық тауқыметтен, сыбағалы мифологемадан дистанциялық тілдесу, ақпарат алмасу арқылы арылудың әдісі. Белгілі бір дәрежеде көңілдегі кірді кетіру, психологиялық дерттен емделу тәсілі. Ин­тер­нет – ортақ тарихи талқының, ортақ тарихи құлазудың да көрінісі» (Қамзин К. Мен ұлттық журналистикаға қызмет етемін! // http://abaі.kz). Шетелдік мас-медиа зерттеушілерінің: «Интернет – это социальная анархия. У системы нет никакого управляющего органа», – деуі тегін емес. Расында да, бас-көзі жоқ ақпарат алаңында не айтылып, не жазылып жатқанын реттеп жатқан ешкім жоқ.

Мұның салдарының түрлі жағдаяттарға алып барып жатқаны да мәлім. Ұлтаралық дүрдараздық, діни экстремизм, адам ұрлау, адам саудасы, нәсілдік кемсітушілік, әлеуметтік тең­сіздік секілді әлемдік проблемалардың бір ұшы ғаламтормен байланыстырылады. Онымен қоса, түрлі «тәртіпсіз» ақпа­рат­тар, көлеңкелі қызметтер, суицидке итермелейтін контенттер тағы бар. Мұның барлығы сұрыпталмастан қазақ аудиториясына сіңіп жатыр. Ертең зардабын тартпасымызға кім кепіл?

Жаңа медианың дилетанттық, яғ­ни, кәсіби емес журналистиканы қалып­тастыруы журналистиканың болмысына нұқсан келтірді. Журна­листердің кәсіби абыройы мен жұмысына кедергі келтіретін көзқарас қалыптасты. Блоггерлер, оқырман-ав­торлар журна­лис­ти­каның тілдік, стильдік мән-мағынасын төмендетті. Публицистиканың эмоцио­налды-экс­прессивті деңгейі әлсіреп, мәтін­­нің көркемдігі мен мәні, мазмұндық жүйе­сі арзандады.

Ғаламтор тілі деген атауды иемденген «подокаффтық сленг» қазақтілді ақпарат кеңістігіне де теріс әсер етті. Тіл­дік нормалардан тыс немесе сленгтік мәтіндер қазақ тілінің күш-қуатын одан әрмен әлсірете түсті. Бұл ана тіліміздің тазалығы мен прогрессивті дамуын те­жейтін жайт. Онсыз да мемлекеттік тілі­міз тұғырына қона алмай отырған бүгін­гі таңда ғаламтордағы қазақ ті­ліне мұндай кері әсері − «жығылғанға жұдырық». Германиялық RTL-дің бас редакторы Петер Клэппель: «Интернет жақсы журналисті ұшпаққа шығарады, жаман журналисті шыңырауға түсіреді» деуінің шындығы бар. Себебі, жаңа медианың соны мүмкіндіктері арқылы жетістікке жетіп журген журналистер аз емес.Интернет журналистің ауди­ториямен байланысын одан әрмен тереңдетіп, жан-жақты етеді. Ақпарат жинаудың белгілі бір айла-тәсілдерін мең­герген журналистке интернет таптырмас құрал. Ал, шыңырауға түсіретіні жалған ақпаратқа әуес, жалаң сөзге құмар, қабілет-қарымы төмен журналистердің сорына бітуі де мүмкін. Қазіргі кезде оқиға орнын барламай-ақ редакцияда отырып, интернет-ресурстарына арқа сүйейтін жур­налистер қаншама? Авторлық құқыққа қол сұғушылық, шығармашылық ұрлық (плагиаттық) жолмен өзгенің еңбегін пайдаланып, соңынан араздасып жататын­дар да жиі кездеседі. Жоғарыда айтылғандай, интернет-журнализм журналист кадр­лардың кәсіби сауатсыздығы мен білім­ділігін қажет етпейтіндіктен, бұл салада сауатсыздық дендеп барады.

Жаңа медианың дәстүрлі БАҚ-қа ық­палы туралы түрлі пікірде, коммуникативистер. Өйткені, соңғы кезде дәстүрлі мас-медианың өзінде ғаламтордың тілдік ерек­шеліктері мен ақпараттың берілу формасына еліктеу бар. Мәселен, интер­нет тіліндегідей қысқа да нұсқа жазу, лид- мәтіндер, визуалды ақпараттарды мейлінше мол беру үрдісі дәстүрлі БАҚ-ға да үйреншікті болып барады. Кейбір мамандардың пікірінше, жаңа медиа дәстүрлік БАҚ-қа бәсекелес емес, оның жаңа технологиялық жалғасы, жаңа формаға енген трансформациясы деп қарастырған жөн десе, басқа сарапшылар жаңа медиа күндердің күнінде дәстүрлі БАҚ-оның ішіндегі баспасөзді уақыт көшінен ысырып тастауы да ғажап емес: «Газет оқу 1975 жылға дейін туылған ұрпаққа тән. Олардың қатары мол болып тұрғанда, газеттер өмір сүре береді. Мүмкін, ақпарат құралы ретінде болмас, бірақ, қайталанбас бірегей өнім түрінде қалады, «басты газет оқырманы» – билік. «Билік жасарған сайын, газеттер де оған қызықсыз болып қалмақ» (www.aіkyn.kz). Ал, шынтуайтына келгенде, медианарықта анағұрлым сапалы, бәсекеге қабілетті және ары қарай дами алатын БАҚ қалуы бек мүмкін.

Қазақстан Республикасының «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» (2009 жылғы 6 ақпанда өзгертілген) Заңға сәйкес, Қа­зақ­­стандағы интернет-ресурстары, атап айтқанда, портал, форум, блог, чат, WAP-портал, интернет-телевидениесі дәс­түрлі бұқаралық ақпарат құралдарына теңестірілді. Демек, жаңа медиа БАҚ дәре­жесіне теңес­тіріліп, үлкен мән берілді. Ен­дігі уақытта, интернет-ресурстарына басқа БАҚ секілді аса жауаптылықпен қарап, сапасыз дүниелермен былапыттай беруге болмайтыны анық. Журналистиканың та­ралу формасы ауысса да, оның халық алдындағы мақсат-міндеттері өзгерген жоқ. Яғни, интернет-журналистика елі­міздің дамуына, қоғамдық өмірдің қай саласы туралы сөз қозғалса да, аса кір­пияздықпен, сауаттылықпен, байып­ты­лықпен болжам-байламдар жасауы тиіс.

Жаңа медианың басты ұмтылыстары мен ұтылыстары осындай. Бір білеріміз, ғаламтор пайдасы мен зиянының ара сал­мағына қарамастан адамзаттың ажырамас құндылығына айналып үлгерді. Енді, оны санамыздан аластату мүмкін емес. Тек ғаламтордың, оның әсерінен туындаған БАҚ формасы – жаңа медианы өз ой-сана­­мызға лайықтап қолдансақ болғаны. «Қай елдің баспасөз күшті болса, сол ел­дің өзі де күшті» деп Алаш қайраткері Мір­жақып Дулатов ХХ ғасырда айтса, ХХІ ғасырда бұл аталы сөздің де формасы өзгергендей. Яғни, қай елдің ақпарат кеңістігі, ғаламторы күшті болса, сол ел ғана өзінің «ақпараттық иммунитетін» қа­лыптастырып, ақпараттық экспанциядан қорғанбақ, басқаға мойындатпақ, танытпақ.

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары