$ 449.58  486.94  4.86

Тұңғыш Президент күні Маңғыстау облысында 43 сәби дүниеге келді

1 желтоқсан күні Ақтаудағы облыстық перинаталдық орталықта − 15, Ақтау қалалық перзентханасында  8, Шетпе мен Форт-Шевченкода  1 баладан, Жетібай және Маңғыстау ауылдарында  2 баладан, Бейнеу ауылының босану үйінде  4, Жаңаөзенде  10 бала дүниеге келді, деп хабарлайды Skifnews.kz.

Cонымен қатар 24 жастағы Жадыра Сәрсенбаева  ұлына Нұрсұлтан деген есім берген.

«Босанудың бәрі әр түрлі өтті, соған қарамастан, біз олардың бәрінің аман-есен туғанына қуаныштымыз. Бірінші рет босанған 21 жастағы Мейрамгүл Нұрғабылова сәбиін 10 минуттың ішінде дүниеге әкелсе, түнгі екіде түскен 22 жастағы Айзада Жолдасбаева  өзінің бірінші сәбиі, қыз баланы сол күні 23.50 кезінде ғана босанған. Босанушы әйелдердің арасында 29 жастағы көпбалалы ана Наргиза Шығанақова да бар. Оның ұлы мен екі қызы бар. Енді ол өмірге салмағы 3 келі, үшінші қызын, отбасындағы төртінші перзентін әкелді», ‒  дейді Маңғыстау облысының перинаталдық орталығының директоры Жамал Жаманбаева.

Айта кетейік, Маңғыстау облысында бала туу көрсеткіші жоғары. Бұл өңірде соңғы бір айда 1400 сәби дүниеге келіп, сөйтіп облыс ел бойынша көш бастап тұр. Мұнда бір аптаның өзінде 327 бала дүниеге келсе, оның 4-еуі егіз. Жалпы, өңірде жыл басынан бері жаңа туған сәбилердің саны 8 мың 189-ға жеткен.   Бұл өткен жылмен салыстырғанда 120 балаға көп.

Сонымен қатар алдағы облыс әкімі өңірдің әлеуметтік және экономикалық жетістіктерін атап өткен болатын.

«Аймақта тұрғындардың еңбекпен қамтылуы – 266 мың адам. Мұны өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 3 пайызға артқанын байқаймыз. Дегенмен, 15 мыңдай жұмыссыз әлі де есепте тұр. Бұларға түгелдей түрлі салаларда орын ұсынғанымызбен, он адамның алтауы бас тартады. Олар еңбекақысы көбірек болатын мұнай кәсіпорындарын сұрайды. Оның барлығын қайда жібересіз? Сондықтан да маңғыстаулықтар үшін жаңа мүмкіндіктер ашатын «Жаңа серпін» деп аталатын бағдар­ламаны іске қостық. Аталған бағдарламаға сай алдағы 3 жылда 9 мың жұмыс орнын қалыптастыратын 32 жоба бойынша мамандар даярлаймыз. 

Батыс аймақтың әлеуметтік-экономикалық тыныс-тіршілігін талдап шыққан әкім бірқатар жетістіктерді жеткізді. Белсенді әрекеттердің нәтижесі болса керек, 2015 жылдан бастап аймақта апатты мектептер түгел жойылып, үш ауысымдағы оқу тоқтатылады. «Білім беру бағдарламасы біз үшін аса маңызды. Мемлекет басшысы 2017 жылға дейін оқушы орнының тапшылығын жою, апатты мектептер проб­лема­сын толығымен шешу туралы тапсырма жүктеген болатын. Біз биыл 200 орындық бір мектептің құрылысын аяқтадық, келесі жылы әрқайсысы 624 орындық 2 мектеп салынбақ. Тұтастай алғанда, 2015 жылдан бастап Маң­ғыстау облысында апатты мектептер болмай­ды. Сонымен бірге үш ауысымдағы білім ұялары ұдайы назарымызда. Қазіргі кезде мұндай 4 мектеп жұмыс істейді. Түйінді тарқату үшін  осы айда 960 орынды үлкен нысанды пайдалануға береміз. Келер жылы 1200 орынды екі мектептің құрылысына кірісеміз. Жоспары­мыз толық іске асқанда оқу жүйесіндегі ауыртпалық түгелімен шешіледі», – дейді Алик Айдарбаев.

Маңғыстауда мақтанатын тағы бір жаңалық бар. Бұрындары тұрғындары жан-жаққа кеткен өңірдің бүгінгі өсімі республика бойынша ең жоғарғы өсімді көрсетіп отыр. Жалпы тұрғындардың саны 600 мыңға жетіп, өткен кезеңмен салыстырғанда орташа өсім 13 пайызды құраған (республикада 4,4 пайыз). Сырттан көшіп келушілердің өзінен 2 мыңға көбейген. Әрине, демографияның белсенділігі жергілікті билікке бірқатар әлеуметтік мәселелерді тездетіп шешуді күн тәртібіне қойып жатыр. Айталық, балабақша. «Балапан» бағдарламасына сай бүлдіршіндердің қамтылу көлемі 82 пайызды төңіректеген. Алайда әлі де кезекте 10 мыңнан астам бала бар. Сондықтан да әкімдік бөбекжайлар құрылысын қарқынмен жүргізуге көшіпті. Биылдың өзінде 660 орынды 4 нысан іске қосылса, тағы да 4 мыңдай орынға лайықталған 17  балабақшаның құрылысы қолға алынып, тұрғындардың ризалығын тудырып жатыр. Иә, нысандар есігін айқара ашқанда, Маңғыстауда «балабақша кезегі» дейтін құжат жойылатын шығар деген үміт зор.  

Аймақ басшысының мәлімдеуінше, Маңғыстаудың мақтанышы да, күнкөрісі де негізінен, мұнай. Ағымдағы 9 айда 13,8 млн тонна мұнай өндіріліпті. Өңірдегі  өнеркәсіп өндірісінің көлемі 1 триллион 900 млн теңгеге жеткен. Бір жылдың ішіндегі өсім 2,5 пайызға жетіп отыр. Мұндай қарқын ең бірінші кезекте мұнай өндірудің тұрақты көрсеткішіне байланысты. Есепті кезеңде өндірілген мұнай былтырға қарағанда 2,7 пайызға көп.

Сонымен қатар өңір басшысы аймақтағы шағын және орта бизнестің жағдайы туралы айта кетті.

«Мұнайдан бөлек шағын және орта бизнес пен индустриалды-инновациялық бағдарламаны дамыту бойынша нақты жоспарлармен жұмыс істеп жатырмыз. Шағын және орта бизнестің белсенді субъектілер көрсеткіші 102,7 пайызға артып, 32 мың бірліктен асты. Кәспкерліктің саласында 97 мыңнан астам адам қызмет етеді. Ал индустриялды карта бойынша екінші бесжылдықта 60-тан астам жобаны жүзеге асыру көзделген. Айталық, бағдарламаның бірінші бесжылдығында Маңғыстау облысында 160 млрд теңгеден астам қаражатқа 23 жоба бекітілген болатын. Ол кезде біз 2 мыңнан астам жұмыс орнын аша алдық. Биылғы жылдың өзінде 105 млрд теңгенің 14 жаңа жобасын іске қоспақпыз. Мұның өзі 900-ден астам жұмыс орны ашылады деген сөз. Эко­номиканың бірнеше салаларын қамтитын 60 жобаға 2 трлн теңге жұмсалады. Нәтижесінде, 13 мың жұмыс орнын қалып­тасты­ратын, әрі нарықтың сұранысындағы өнімдерді өндіре­тін боламыз», ‒ дейді әкім. 

Мұнайлы аймақта бұдан бөлек Ақтау портындағы арнайы экономикалық аймақты дамытуда, «Ақбұлақ» ауызсу бағдарламасын орындауда, тұрғын-үй коммуналдық шаруа­шылық саласын жандандыруда ірі-ірі жобалар жүргізіліп келеді. 

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары