$ 449.58  486.94  4.86

Маңғыстау облысының әкімі Алик Айдарбаев ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Әбілғазы Құсайыновпен кездесті

Кездесу барысында  Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Әбілғазы Құсайынов Маңғыстау облысында кәсіподақтар рөлін нығайту қажеттігін атап өтті, деп хабарайды Skifnews.kz ҚР Кәсіподақтар федерациясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Кездесу тақырыбы ағымдағы жылы қабылданған «Кәсіптік одақтар туралы» ҚР Заңы аясында үшжақты әлеуметтік әріптестік жайында болды. Әбілғазы Құсайынов заңның негізгі аспектілеріне тоқталды, өңірде кәсіподақтардың рөлін нығайту қажеттілігін атап өтіп, кәсіподақтар қозғалысын қайта жаңғырту барысын әңгіме өзегіне айналдырды», − делінген хабарламада.

Айта кетейік, ҚР Кәсіподақтар федерациясы келесі міндеттерді жүзеге асырады:

кәсіподақ мүшелерінің еңбек, әлеуметтік-экономикалық құқықтары мен мүдделерін қорғау және өкілдік ету;

Федерацияға кіретін Қазақстанның кәсіподақтар қызметінің негізгі бағыттарын, стратегиясын әзірлеп, айқындайды;

Федерацияға кіретін мүше ұйымдардың қызметін біріктіреді және үйлестіреді;

билік, мемлекеттік басқару және сот органдарында мүше ұйымдардың мүдделерін білдіреді;

әлеуметтік әріптестік жүйесін дамытуға, кәсіптік одақтардың, жұмыс берушілер бірлестіктерінің, атқарушы органдардың үшжақты ынтымақтастығын  іске асыруға жәрдемдеседі;

жұмыс берушілердің республикалық бірлестіктерімен және Қазақстан Республикасының Үкіметімен Бас келісімді, басқа келісімдерді әзірлеу және жасасу жөнінде бастама көтереді, олардың мазмұнының Федерацияға  мүше ұйымдардың мүдделеріне сәйкес жауап беруіне қол жеткізеді, олардың орындалуына қоғамдық бақылауды жүзеге асырады;

заң жобаларын әзірлеуге қатысады не тиісті мемлекеттік органдарға еңбекті ұйымдастыру, ақы төлеу және нормалау, бюджет және салық саясаты, жұмыспен қамту, жекешелендіру, еңбекті қорғау, кәсіптік аурулар, экологиялық қауіпсіздік мәселелері мен әлеуметтік-еңбек қатынастарына қатыстыөзге де мәселелер бойынша заң жобаларын, өзге де нормативтік құқықтық актілерді қарау туралы ұсыныстар енгізеді, еңбек заңдылығының сақталуына қоғамдық бақылау жасауды жүзеге асырады;

жұмыспен қамтуды, еңбекті және қоршаған табиғи ортаны қорғауды қамтамасыз етуге бағытталған мемлекеттік бағдарламаларды, адамның лайықты өмір сүруі мен еркін дамуын қамтамасыз ететін жағдайлар жасауға бағытталған әлеуметтік бағдарламаларды әзірлеуге және қалыптастыруға қатысады;

еңбек, жұмыспен қамту мәселелерінде жәнееңбекшілердің тұрмыс деңгейі мен сапасына қатысты басқа әлеуметтік-экономикалық мәселелерде мемлекеттік экономикалық және баға саясатының әлеуметтік бағытта болуын талап етеді және соған жәрдемдеседі;

ұжымдық еңбек дауларын реттеуге қатысады, қызметкерлердің еңбек, әлеуметтік-экономикалық құқықтарын және  мүдделерін қорғаудың басқа да тәсілдерін пайдаланады, мүше ұйымдардың ұжымдық іс-қимылдарын үйлестіреді

ҚР Еңбек кодексі еңбек заңнамасының және еңбек кауіпсіздігі мен еңбекті қорғау нормаларын бақылауды мемлекеттік еңбек инспекторларына, кәсіподақ комитеті немесе жұмыскерлердің жалпы жиналысында (конферен-циясында) сайланған еңбекті қорғау жөніндегі қоғамдық  инспекторларға, және еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау ішкі қызметіне жүктейді.   Еңбекті қорғау жөніндегі қоғамдық инспекторы өндірістердегі жазатайым оқиғаларды тексеру барысында және мемелекеттік еңбек қорғау инспекторларының еңбектің қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау  жағдайын тексеру комплекстік жұмыстарында қатысады. Өзінің қызметіне қатысты, жұмыс берушілер мен ұйымның басқа да лауазымды қызметкерлерінен ақпарат пен түсініктерді, сондай-ақ жазбаша түрде  де алуына құқығы бар.

Құрылыс индустриясында жұмыс істейтіндердің еңбек жағдайын жақсарту мақсатында, 2008 жылы Қазақстан «Құрылыстағы еңбектің қауіпсіздігі мен тазалығы туралы» ХЕҰ №167 Конвенциясын ратификациялады.

Кәсіподақтар Федерациясы, ХЕҰ жоспарларын қолдай отырып, жыл сайын Бұкіләлемдік әлеуметтік әділеттілік күніне, Бүкіләлемдік еңбекті қорғау күніне, Бүкіләлемдік лайықты жұмыс үшін іс-әрекет күніне орай  іс-шаралар өткізеді.

Қазіргі уақытта, қоғамдық инспекторлардың саны 18 мыңнан асады, олар 153 мыңнан астам заң бұзушылықтарды анықтап, олардың 121мыңын жойды.  Атқарылып отырған жұмысқа және еңбекті қауіпсіз ету мен қорғау бойынша заңнамалық базасының жетілуіне қарамастан, өндірістегі жазатайым жәйттар жалғасып, көбісі адам қасіреттеріне айналады, экономика-лық  қомақты шығындарға әкеледі. 

Сонымен қатар, ҚР Үкіметінің Қаулысымен өндірістер, жұмыстар, жұмыскерлердің кәсіптері тізімі бекітілді, оларға 2014 жылдың 1 қаңтарынан бастап, міндетті кәсіби зейнетақы салымшылары, өз қаражаты  есебінен міндетті кәсіби зейнетақы салымдарын жүргізіледі. Аталған тізімге ҚР кәсіподақтар Федерациясының 60 – тан аса ұсынысы егізілді.

Қазақстан Республикасы кәсіподақтар Федерациясының маңызды атқаратын қызметінің бірі болып әлеуметті әріптестікке, әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік-экономикалық, еңбектік қарым-қатынастын реттеу  жөніндегі Республикалық үшжақты комиссиясының жұмысына қатысу болып табылады.

Кәсіподақтар Федерациясының өкілдері Үкіметпен және республикалық жұмыс берушілер бірлестіктерімен Бас келісімге қол қояды. Бүгінгі таңда 2012-2014 жылдарға арналған Бас келісім негізінде жұмыс атқарылады. Ұжымдық келісім негізінде салалық кәсіптік одақтар, салалық министрліктер мен жұмыс берушілер бірлестіктерімен салалық (тарифтік) келісімдер жасайды.   2014 жылдың 1 қаңтарына 22 салалық (тарифтік) келісімдер жасалған.  Барлық аймақтық кәсіподақтар бірлестіктері жергілікті атқарушы органдарымен жұмыс берушілердің бірлестікте-рімен аймақтық келісімдер жасайды (13 облыс және Астана қ.). Республикада, ұйымдар мен өндірістер деңгейінде  58 мыңнан аса ұжымдық шарттар жасалған. Соның ішінде, кәсіподақтар қызмет ететін республикалық өндірістерде 17 мыңнан аса ұжымдық шарттар жасалған, ұжымдық-келісім шарт 96 пайызды қамтылған. Ұжымдық шарт, ірі өндірістік кәсіпорындар, денсаулық сақтау және білім беру ұйымдарына тиесілі. Келісілген ұжымдық шарттардың көбісінде, ұйымдардың жұмысының тұрақты болуы, еңбек ақының жоғарылатуы, материалдық-техникалық базасының нығаюы, заңнамада көзделмеген  жеңілдіктер мен өтемақылар беруді, кадрлық әлеуеттің сапалық деңгейін  жоғарылату, жұмыскерлердің еңбегін қорғау, денсаулығын жақсарту  бойынша ұстанымдар қарастырылған.

ҚР Еңбек кодексіне сәйкес және Бас келісімді іске асыру мақсатында әлеуметтік серіктестік бойынша салалық және аймақтық үшжақты комиссиялар қызмет етеді.

Комиссиялар жұмысының басты бағдары, еңбек ұжымдарында тұрақтылықты, еңбек ақыны төлеу мен оның төмендеуіне қарсылық әрекет ету, жұмыскерлерге әлеуметтік кепілдікті сақтау  болып табылады.

Әлеуметтік серіктестер тараптары еңбектік құқық қатынастарын қалыпқа келтіру бойынша үнемі кеңес жүргізеді.

Халықаралық еңбек ұйымының 188 конвенциясының 21-н Қазақстан ратификациялады, оның ішінде 8-і негізгілер.

Негізгі Конвенцияларды бекіттіру республикамыздағы үшжақты уәкілеттілік пен ұжымдық келіссөздерді қалыптастырып, дамытуда үлкен рөл атқарды.
Кәсіподақтар Федерациясы мен оның мүше ұйымдары қызметіндегі басты бағыттарының бірі,  еңбекті қауіпсіз ету және қорғау мәселелеріне назарды күшейту, оларды шектеу, және жұмыскерлердің жұмыс берушілер мен мемлекеттік органдардың алдында құқығын қорғау болып табылады. 

ҚР Еңбек кодексіне, Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты  бағдарламалық мақаласына сәйкес, кәсіподақ органдары, еңбекті қауіпсіз ету және қорғау саласындағы қоғамдық бақылау ұйымдастыру мақсатында, еңбек қорғау қоғамдық инспекторларын сайлап қана қоймай, оларды оқытуды күшейтті.   
  
Сонымен қатар, Елбасы аталған мақалада кәсіподақтардың қоғамдағы маңызды рөлін атап өтіп, оларға еңбектік заңнаманы сақтау бойынша барлық кәсіпорындарда қоғамдық бақылауды қолына алуға шақырды.

Кәсіподақтар заңнамалық, нормативті-құқықтық актілерді жетілдіріп, еңбекті кауіпсіз ету мен қорғау саласындағы ұлттық саясатты дамытып, күшейту бойынша жұмысты жалғастыруда. Соның ішінде жұмыскерлердің өмірі мен денсаулығын қамсыздандыру, жұмыс берушілердің қауіпсіз жұмыс орнын құру жауапкершілігін міндеттеу, жұмыс берушілерге қауіпсіз, қорғалған еңбек жүйесіне бағытталып жасалған ынталандыруды жоғарылату, соңғы мақсат жарақаттанушылық нөлге тең болу керек. 

Өндірістік жарақат алуды төмендету үшін «Еңбекті қорғауды  басқару жүйесі туралы» ХЕҰ №187 конвенция негізінде техникалық кеңес беру бойынша жұмыс жалғасуда.

Өндірістерде әлеуметтік әріптестікті дамытуда және жұмыскерлердің еңбекті қорғауды басқару барысында қатысу,  мемлекет аралық 12.0.230-2007 МемСт табысты енгізуінің өзекті факторы болып табылады.

Қай қоғамда болмасын, жұмыс беруші мен жұмысшылар немесе қызметкерлер арасында жалақы төлеу, құқығын шектеу және басқа да мәселелер бойынша даулы проблемалар туындап отырады. Кейде еңбек даулары сот арқылы шешіледі. Ал асқынып кеткен жағдайлар жұмысшылардың ереуілге шығуына алып келеді. Мәселені ушықтырмай, істі сотқа алып бармай не жұмысшылардың наразылық акті жасауына дейін жеткізбей шешуде үлкен рөл атқаратын қоғамдық маңызы зор институт бар. Ол – кәсіподақ ұйымдары.

Жұмыс беруші мен қызметшілер арасындағы қарым-қатынасты реттеп отыруда кәсіподақ ұйымдарының рөлі айрықша. Ал кәсіподақтың қызметін заңмен реттеп, оған әлгіндей дауларға араласуға, жұмысшының мүддесін қорғауға өкілдік беру – мемлекеттің міндеті. Осы орайда, жаңа заң қабылданғалы отыр.

Бүгінгі таңда «Кәсiптiк одақтар туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жаңа редакциядағы жобасы Мәжілісте қызу талқылаудан өтіп жатыр. Бұл заң жобасы Мемлекет басшысының 2012 жылғы 10 шілдедегі «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» бағдарламалық мақаласында, Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан-2050» Cтратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты»  атты Қазақстан халқына жолдауында берген тапсырмаларын орындау мақсатында әзірленген болатын.

Мемлекет басшысы бағдарламалық мақаласында 1993 жылы қабылданған қолданыстағы «Кәсіптік одақтар туралы» Қазақстан Республикасының Заңында әлеуметтік әріптестік туралы, ұжымдық шарттарды жасасу мен орындау тетіктері туралы түсініктің жоқ екенін атап өтті. Соның салдарынан Қазақ­стандағы кәсіподақ институттары еңбек даулары­ның алдын алу және шешудің тиімді құрал­дарының рөлін әр кездері бірдей атқара алмай келе жатқандығын және қазір кәсіподақтар қозғалысын жаңғырту жөнінде батыл қадамдарға бару қажеттілігін атап көрсетті.

Елбасы: «Жағдайды іштей жақсы түсіне отырып, мен мынаны айтқым келеді: жұмысшылар өздерін лайықты сезінулері үшін кәсіподақтар қозғалысы өз биігінде болуы тиіс» деген болатын.

Үкіметтің заң жобасына берген түсіндірмесінде жаңа заңнамалық актіні әзірлеудің себептері ашық жазылған. Кәсіподақ қызметіне жүргізілген талдаудың нәтижесінде олардың қызметінде бірқатар кемшіліктердің бары анықталған. Атап айтқанда, бұл – кәсіподақ қызметінде бірыңғай саясаттың, республикалық бірлестіктің салалық, өңірлік және жергілікті кәсіптік одақтармен жүйелі жұмысының, кәсіподақтардың және оның мүшелерінің қабылдаған шешімдері үшін жауапкершілігі, кәсіподақтардың жарғысына бірыңғай талаптардың және заң жүзінде белгіленген құқықтар мен міндеттердің жоқтығы. Бұл проблемалар сайып келгенде жұмыс беруші мен қызметкерлердің арасында әлеуметтік диалогтың кейбір деңгейде нашар дамығанын көрсетеді.

Осыған орай, Қазақстан жұртшылығының әлеуметтік-экономикалық жағдайы, қазіргі кездегі құқықтық ахуал кәсiптiк одақтар туралы заңнаманы одан әрі жетілдіруді қажет етеді.

Негізгі заң жобасы 7 тараудан, 35 баптан тұрады. Бұл заң актісі қызметкерлердің мүдделерін білдіру және қорғау бойынша кәсіподақ ұйымдары қызметінің тиімділігін арттыруға, әлеуметтік-еңбек дауларының алдын алуға бағытталған.

Заң жобасының негізгі міндеті кәсіподақтардың қызметін әлеуметтік әріптестіктің әрбір, яғни, республикалық, салалық, өңірлік және кәсіпорын деңгейінде қауымдастық негізінде қалыптастыру болып табылады.

Осы заң жобасы азаматтардың бірлесу бостандығына конституциялық құқығын іске асыруына, кәсіптік одақтарды құруға, олардың қызметіне, оларды қайта ұйымдастыруға және таратуға байланысты туындайтын қоғамдық қатынастарды реттейді.

Негізінен, кәсіподақтардың рөлін күшейту, олардың қызметінің тиімділігін арттыру елімізде әлеуметтік әріптестіктің дамуына тиімді ықпал етеді.

Заң жобасының редакциясы жергілікті кәсіподақтың қызметін тек бір ұйым шеңберінде, сондай-ақ басқа да ұйымдарда кәсіподақтың бастауыш ұйымдарын құру құқығын шектемейді.

Жергілікті кәсіподақтарға өңірлік деңгейдегі әлеуметтік әріптестікте өз мүдделерін білдіру үшін аумақтық кәсіподақтар бірлестіктеріне ерiктi негiздерде топтасуға, сондай-ақ салалық деңгейдегі әлеуметтік әріптестікте өз мүдделерін білдіру үшін салалық кәсіподақтың мүшелік ұйымы ретінде кіруге құқық беріледі.

Заң жобасымен кәсiподақтарға жарғыларды, құрылымын дербес әзірлеу және бекіту, кәсіподақ органдарын құру, өз қызметін ұйымдастыру, жиналыстар, конференциялар, съездер және еліміздің заңнамалық актілерінде тыйым салынбаған басқа да іс-шараларды өткізу құқықтары беріледі.

Сонымен қатар, «Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актiлерiне кәсіптік одақтардың қызметі және еңбек қатынастарын реттеу мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы» ілеспе заң жобасы да талқылаудан өтуде. Бұл еліміздің заңнамасын «Кәсiптiк одақтар туралы» негізгі заң жобасына сәйкес келтіру мақсатында әзірленген.

Заң жобасында ұжымдық еңбек дауларын қарау кезінде бiтiмгерлiк комиссиясында келiсiмге қол жеткiзiлмеген жағдайда, медиация рәсімін міндетті түрде енгізуді қарастыру ұсынылады.

Әлеуметтік-еңбек жанжалдарын реттеудің, қоғамдық қауіпті құқық бұзушылықтардың салдарын азайту, әлеуметтік шиеленістің және еңбек жанжалдарының алдын алу тиімділігін арттыру мақсатында заң жобасында Қазақстан Республикасының Азаматтық іс жүргізу кодексіне және «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасының Заңына түзетулер енгізіледі.

Бұған қоса, Мемлекет басшысының тапсырмасын iске асыру мақсатында Еңбек кодексіне және «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау туралы» Заңға ұсынылған өзгерістерді қабылдау қызметкерлердің еңбек құқықтарының бұзуылуы профилактикасы, олардың алдын алу және жол бермеу шараларын қолдануда мемлекеттік еңбек инспекторлары қызметінің тиімділігі мен нәтижелігін арттырады.

Жалпы, заң жобасының нормалары жұмыскерлердің, жұмыс берушілер мен мемлекет мүдделерінің тұрақты теңгерімін қамтамасыз етуге ықпал етеді.

Еңбек қатынастары тараптарының теңгерімін қамтамасыз ету мақсатында Заң жобасы жұмыс берушілер мен жұмыскерлердің республикалық бірлестіктерімен бірлесе отырып әзірленген.

Мәжіліс депутаттары заң жобасын талқылауда өте белсенділік танытуда. 200-ге жуық түзетулер мен ұсыныстар келіп түсті. Соның ішінде жұмыс тобында қабылданған түзетулер салыстырма кестеге енгізілді. «Кәсіптік одақтар туралы» заң жобасы мемлекетімізге қажетті, қоғамдық қатынастарды реттеуге бағытталған, азаматтарымыздың құқығын қорғайтын заң.

Елбасы Н. Назарбаевтың «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға ортақ еңбек қоғамына қарай 20 қадам» атты бағдарламалық мақаласында елдегі еңбек қатынастарын жан-жақты дамыту маңыздылығын айтқан болатын. Осы орайда Кәсіптік одақтар институтарын жаңғырту жүргізу керек.

«Мемлекеттің еңбек қатынастарын жетілдіру мәселе­леріндегі негізгі әріптестерінің бірі кәсіподақтар. Кәсіптік одақтар туралы тиімділігі төмен заңнама елеулі түйінді мәселе болып табы­лады. Онда ұжымдық шарттар, тараптардың оларды орындауға жауаптылығы туралы қағидалар онша дәл баян етілмеген. Сон­дықтан қазір кәсіподақтар қозға­лысын, ең алдымен Қазақстан Кәсіптік одақтар федерациясын жаңғырту жөнінде батыл қадам­дарға баруға тура келеді» дей келе, ел Үкіметіне кәсіптік одақтар тура­лы заңнаманы кешенді талдаудан өткізіп, оны өзгерту жөнінде тапсырма берген болатын. Сондай-ақ үстіміздегі жылдың 2 қыркүйе­гінде Парламент палаталарының бірлескен отырысында сөйлеген сөзінде Елбасы «Кәсіптік одақтар туралы» жаңа заң қабылдау керек. Оның жобасын Үкімет таяу арада енгізеді» деген еді.

Яғни, мемлекетіміз алға қойған стратегиялық міндет әлеуметтік жаңғырту бағытында кәсіподақ­тардың маңызды рөлге ие және оның жаңғыртылуы бүгінгі күн талабы екені айқын.

Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі жанынан құрылған жұмыс тобымен кәсіподақ ұйым­дары тарапынан берілген ұсыныс-пікірлерді ескере отырып, екі жылға жуық талқылау, екшеуден өткен заң жобасы жуырда 12 қыркүйекте Үкімет - кәсіподақтар - жұмыс беруші тараптарының қатысуымен өткен дөңгелек үстелде жалпы түрде мақұлданған болатын.

Айта кетерлігі, заң жобасы бұған дейін Женевадағы Халық­аралық еңбек ұйымында халық­аралық деңгейдегі сарапшылардың таразысына да салынып, жұмыс тобы мен сарапшылардың ұсыныс-пікірлері және ескерілген. Халық­аралық деңгейдегі сарапшылар, Сенат, Мәжіліс депутаттары, тәуел­сіз кәсіподақ өкілдері қатысқан дөңгелек үстел жұмысына облыс­тың бірнеше кәсіподақ көшбас­шы­ларымен бірге біз де қатысқан едік.

Үш жақты комиссияның тал­қылауынан кейін заң жобасы кәсіподақтар федерациясы сай­тында, «Жаңа кәсіподақтар» газетінде жарияланып, бүгінде жер-жердегі кәсіподақ ұйымдары заң жобасы бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізуде.

Сонымен, әлеуметтік жаңғырту заманының талабына сай келетін кәсіподақ ұйымдарын жаңғырту­ды алға қойған заң жобасы қандай мақсат-мүддеге құрылған?

Жалпы түрде заң жобасында қызметкерлердің еңбек, әлеумет­тік-экономикалық құқықтары мен мүдделерін қорғау бағытында кәсіподақ қозғалысын ұйымдас­тыру негіздерін анықтау, әлеуметтік әріптестіктегі кәсіподақ рөлін күшейту, барлық деңгейдегі диа­логты дамыту, әлеуметтік-еңбек дауларының алдын-алу көзделген. Жаңа заң жобасы кәсіподақтар­дың құқықтары мен міндеттерін, мәртебесі мен жауапкершілігін нақтылау арқылы рөлін күшейтуге бағытталған.

Бүгінгі күннің шындығы сол, кәсіподақ қозғалысында бір жүйе­лілік, бірлестік жоқ. Кәсіподақтар қозғалысында қатаң жүйелілік болмауы салдарынан бүгінде кәсіподақ мүшелерінің қатары тым азайып кеткені рас. Мәселен, 1990 жылы республика бойынша кәсіп­одақ мүшелерінің саны 7,4 мил­лион болса, 2013 жылы 2,1 миллион болған. Бұл біздің облысқа да тән жағдай. Мәселен, облыста 90-жылдарға дейін жұмыс істеген тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шы­лығы, автотранспорт және жол, сауда т.б. салаларының кәсіподақ комитеттері жойылып кетті, орны­на қайта құрылған жоқ. Бүгінде аталмыш салалардың қызметкер­лерінің еңбек құқығы мен мүдделері қандай деңгейде қорғалуда? Бұдан біздің хабарымыз жоқ. Мысалы, қоғамдық көлік қызметкерлерінің еңбек ақысына заңға сәйкес эко­ло­гиялық коэффициент қосылған ба, демалысы заңға сәйкес ұйым­дастырылған ба? Сондай-ақ, ба­зар­лар, дүкендерде жұмыс істейтін қызметкерлердің еңбегі заңға сәйкес қорғалуда ма? Көбіне-көп жеке пайдасын көксейтін меншік иелері қызметкерлердің құқық­тарын қаншалықты сақтайды. Меншік түріне қарамастан Еңбек Кодексінде көрсетілген норма­тивтердің бәрін орындау тиістілігін ескере ме?

Біздің облыста бүгінде 7 сала­лық кәсіподақ ұйымдары жұмыс істеуде. Солардың бірі ‒ ауыл шаруашылығы саласы қызметкер­лерінің кәсіподағы. Дей тұрғанмен, осы салада жұмыс істейтін қызмет­керлердің, атап айтқанда, егін шаруа­шылығында еңбек ететін диқандардың еңбек құқықтары мен мүдделері қаншалықты қор­ғал­ғанын нақты айта алмаймыз. Сондықтан жиын-терімнің аяқта­луымен таяу уақыт аралығында облыстың барлық аудандарында болып, облыс әкімінің орынбасары Н.Годунова басқаратын облыстық үшжақты комиссияның (кәсіп­одақ, әкімдік, жұмыс берушілер атынан «Атамекен одағының» облыстық филиалы) шешімімен осы бағытта жұмыс жүргізбек жоспарымыз бар. Бұл жұмыс бағытында да біз диқандар өзінің тиесілі еңбекақысын алады ма, заңмен қарастырылған құқық­тарына ие ме деген мәселелерді нысанаға алатын боламыз. Еткен еңбегі, өндірген өнімі халық қазы­насына айналып отырған диқан еңбегінің өтелуі қандай деген мәселеге маңыз бермекпіз. Өткен жылы Сырдария, Жалағаш аудан­дарында инвестордың жауапсыз­дығынан диқандардың тиісті еңбекақысын ала алмаған жәйттер болған еді. Осындай жәйттер тоқтап, аяқталмай қалып жататын құрылыс нысандарына байланыс­ты құрылыс саласында да орын алып жататыны белгілі. Тұрақты жұмысы жоқ, мезгілдік жұмысқа жалданатын диқандар, құрылыс­шылардың жұмыс берушіге талап білдіріп, заңды құқығын қорғай алмай жататыны рас. Шынын айтқанда бұл жерде кәсіподақтың да әлсіздігі айқын көрініс беріп тұр. Бұл бүгінде жұмыс істеп жатқан кәсіподақтардың пәрменділікпен өз мүмкіндігін жүзеге асыра алмай жатқанының дәлелі.

Әрине, әрбір жұмыс нәтиже­сімен бағаланады. Нәтижені жа­сайтын негізгі күш - кадрлар. Қазірде саусақпен санарлықтай кәсіподақ ұйымдарының кейбір басшыларына жұмыс берушіге талап қоя білу жағы жетіспей жа­тады. Сондықтан халық сеніміне ие емес. Кәсіподақтар алдында тұрған өзекті мәселелердің бірі де осы ‒ кадрлар мәселесін шешу болып табылады.

Заң жобасында белгіленгендей кәсіподақтарға берілмек пәрменді құқықтар кәсіподақ қызметінің кепілдіктері мен жүктелер міндет­тер кәсіподақ кадрларын нығайту бағытында да нәтижелі болып, азаматтардың еңбек, әлеуметтік-экономикалық құқығын қорғауда кәсіподақ беделін нығайта түсеріне сенім мол. Осы орайда атап өтерлік заң жобасындағы маңызды бір жаңалық, кәсіподақ органдарына сайланған және негізгі жұмысы­нан босатылмаған адамдарға бері­летін кепілдіктер жөнінде. Кәсіп­одақ органының басшысын, төр­ағасын жоғары тұрған кәсіподақ органының дәлелді пікірінсіз тәртіптік жазаға тартуға, жұмыс­тан шығаруға болмайды. Сондай-ақ «сайланбалы лауазымдарға сайлау салдарынан жұмыстан босатылған адамдарға сайланбалы лауазымдағы жұмыс кезеңінде еңбек шартының қолданысы тоқ­татыла тұрады. Сайланбалы лауа­зымға сайланған адамның лауа­зымында жұмыс істейтін адаммен жұмыста жоқ қызметкерді алмас­тыру уақытына еңбек шарты жаса­лады. Қарапайым сөзбен айтқанда айлық алып жұмыс істейтін кәсіп­одақ қызметкері болса, оның бұрынғы орнына қабылданатын адаммен уақытша еңбек шарты жасалып, жұмыс орны сақталады. Ал бұрын жұмыс орнының сақта­латынына кепілдік берілмейтін. Ұсынылып отырған заң жоба­сында кәсіподақтарды бастауыш - салалық - республикалық; аумақ­тық - республикалық бағыттарда нығайту көзделген. Бұл орайда Халықаралық еңбек ұйымының талабына сәйкес келетін өндіріс­тік-салалық кәсіподақ ұйымдарын нығайтуға маңыз берілмек. Бұл өз кезегінде кәсіподақ қозғалысын дамытуға нәтижелі септігін тигізеді деген ойдамыз. Осы тарапта бір мәселелі түйткіл, министрліктерді қайта құрылымдаудың жиі орын алатындығы. Мәселен, бұрын Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарайтын балық шаруашылығы мекемелері қазір Қоршаған ортаны қорғау министрлігіне қарайды, т.т. Заң жобасында кәсіподақ бірлес­тіктерін жүйелеу бағытында нақты шешімдер бар. Мысалы, заң жоба­сында «кәсіподақтың республика­лық бірлестігін салалық кәсіподақ құрады және ол облыстардың жартысынан астамында, респуб­ликалық мәні бар қала және Астана аумағында мүшелік ұйым­дары болуы керек» деп көрсетілген. Бұл өз кезегінде Астана, Алматыда тіркеліп, 10 адам шешім қабылдаса да, республикалық аталатын тәуелсіз кәсіподақ ұйымдарын тәртіпке келтіреді деп ойлаймын.

Заң жобасында кәсіподақ­тарға еңбекті қорғау бағытында ықпалды мүмкіндіктер қарасты­рылған. Мысалы, кәсіподақтың уәкілетті өкілі өндірістегі жаза­тайым оқиғаларды тексеру жөнін­дегі комиссияның құрамына кіруге тиіс. Бұл әлбетте, құрылыста басқа да өндірістерде сондай жағдайға түскен азаматтардың құқығын қорғауда ықпалды шара болары анық. Өкінішке орай, кейде адам өлімі де орын алатын жазатайым жағдайларды жұмыс берушілер көрсетпеуге тырысады. Зардап шегушіге, оның отбасына бір реттік материалдық көмек берумен ғана шектеліп жатады. Сондай-ақ заң жобасында кәсіподақтардың үш жылда кемінде бір рет еңбек жағдайлары бойынша өндірістік нысандарды мерзімдік аттестат­тауға қатысуы белгіленген. Аттес­тациялау комиссиясының берген бағасы кәсіпорынның лицензия­сының тағдырын шешетіндіктен бұл шара кәсіподақ пәрменінің өсе түсерінің бір айғағы. Кәсіподақ пәрмені әрине, ең алдымен қызмет­керлердің құқықтары мен мүдде­лерін қорғаудағы пәрменділік ретінде құнды. Жалпы негізінде Қазақстан Республикасының «Кәсіптік одақтар туралы» заң жобасында нақ осы қағидат бас­шы­лыққа алынған. Мемлекетіміз­де қолданыстағы азаматтардың еңбек, әлеуметтік-экономикалық құқықтары мен мүдделерін қорғай­тын заңдармен сабақтас бұл заң жобасы еліміздің әлеуметтік жаңғырту бағытындағы жаңа бір қадамы болары анық.

Ал тарих парақтарына үңілсек, Кәсіподақтар - жаһандану процесінің белсенді мүшелері.

Кәсіподақтар Батыс Еуропа мен АҚШ-та өзара көмек қоғамдары ретінде 18 ғасырдың аяғында пайда болды. Францияда жұмысшы қоғамдары, АҚШ-та жұмысшы қауымдастықтары құрыла бастады. Германия мен Еуропаның басқа да елдерінде 19 ғасырдың 30 – 40-жылдары құрылған жұмысшы қауымдастықтары жұмыскерлердің еңбек ету жағдайларын, жалақысы, тұрмысы, мәдениеті, демалысы, тағы басқамұқтаждары салаларындағы мүдделерін қорғауды көздеді, олар нақты істерімен өздерінің дербес саяси күш екендігін көрсетті. Дамыған елдерде кәсіподақтар 19 ғ-да заңдастырылды. 1905 жылы кәсіподақтардың одақаралық органдары – Орталық бюролар құрылды. Аса ірі халықар. орталықтары: Кәсіподақтардың дүниежүзілік федерациясы, Ерікті кәсіподақтардың халықаралық конфедерациясы және Дүниежүзілік еңбек конфедерациясы. Ресейде кәсіподақтар 1905 – 07 жылғы төңкеріс кезінде қалыптаса бастады. Қазақстанда да кәсіподақтар осы кезеңде құрыла бастады. Қазақстан арқылы өтетін Орынбор – Ташкент темір жолының, Қарағанды, Орал кеніштері мен кәсіпорындары жұмысшыларының әкімшарушалығы алдына экономикалық талаптар қою үшін ұйымдасуы әсіподақтардың алғашқы үлгілері еді. Қазан төңкерісінен кейін кәсіподақтардың рөлі түбегейлі түрде өзгерді. Олар жартылай жария ұйымдардан жұмыскерлердің ірі бірлестіктеріне айналды. Кәсіподақтардың міндеттері мен қызметтеріне жаңа сапалық сипат берілді. КСРО кәсіподақтарының мақсаттары, ұйымдық құрылымы, күллі практикалық жұмысы «пролетариат диктатурасының орнауы» жағдайына бейімделіп белгіленді, оларға «коммунизм мектебі» болу, билік жүргізуші саяси ұйымға көмектесу міндеті жүктелді. Кәсіподақтар қозғалысы бұқаралық сипатқа ие болды. 1921 жылы 25 – 28 қаңтарда Орынборда кәсіподақтардың Қазақ өлкелік 1-кеңесі болып өтті. Осы кеңесте Кәсіподақтардың бүкілодақтың орт. кеңесінің (ВЦСПС-тің) Қазақ бюросы құрылды. Бюроның ұйымдастыру, экон. және нормалау бөлімдері болды. 1921 жылы 17 – 22 қазанда Орынборда Қазақстан kәсіподақтарының 1-конференциясы өтті. Оның жұмысына 47 делегат қатысты. Кәсіподақтар кеңестік қоғам тарихындағы барлық кезеңдерде сан-салалы жұмыс жүргізіп, Кеңестік жүйедегі алға қойылған нақты міндеттерді шешуге белсене ат салысты. 1957 жылы қаңтарда КСРО Жоғapы Кеңесі Төралқасы «Еңбек дауларын қарау тәртібі туралы ережені» бекітті. Бұл ереже бойынша, фабрика-зауыт жергілікті комитеттеріне (ФЗМК), бір жағынан, жұмысшылар мен қызметшілер, екінші жағынан, өндіріс әкімшіліктері арасындағы еңбек дауларын тікелей қарау құқығы берілді. 20 ғ-дың 60-жылдары мемлекет әлеуметтік сақтандыру және еңбек заңдарының сақталуын, еңбек қорғау мен қауіпсіздік техникасын мемл. қадағалау кәсіподақтарға жүктелді. Еңбек пен жалақы мәселелері жөніндегі мемл. шешімдер кәсіподақтардың қатысуымен қабылданды. Олар ВЦСПС пен кәсіподақтардың республика кеңестері арқылы заң шығару бастамашылығы құқын пайдаланды. Мысалы, зейнетақы, жұмыс күнін қысқарту туралы заңдар, еңбек дауларын қарау тәртібі туралы ережелер, жалақысы аз жұмысшылар мен қызметшілерге жалақыны көбейту туралы, жұмысшылар мен қызметшілердің ұжымдық бау-бақша шаруашылығы туралы қаулылар кәсіподақтардың бастамашылығымен немесе белсене қатысуымен қабылданды. Әкімшілік кәсіподақтардың фабрикалық, зауыттық, жергілікті комитетінің келісімінсіз, өз бастамасымен жұмысшылар мен қызметшілерді жұмыстан шығара алмайтын, тұрғын үйлерді бөлу, тағы басқатуралы шешім қабылдай алмайтын болды. Кәсіподақтар әкімшіліктің еңбек туралы заңдарды және еңбек қорғау жөніндегі нормаларды жүзеге асыруына бақылау жүргізді; олардың техникалық және құқықтық инспекциялары қызметін атқарды. Жұмысшылардың, қызметшілердің, ұжымшар еңбекшілерінің әлеум. сақтандырылуын басқару қызметі кәсіподақтарға жүктелді, шаруашылық есептегі санаторийлер мен демалыс үйлерінің бәрі солардың қарауына берілді. Кеңестік дәуірде бастауыш кәсіподақ ұйымдары кәсіподақтардың негізі болатын. Олар өндірістік принцип бойынша құрылды. Олардың әрқайсысы бір кәсіпорында, кеңшарда, ұжымшарда, мекемеде жұмыс істейтін немесе бір оқу орнында оқитын К. мүшелерінен тұрды. Әрбір кәсіподақ халық шаруышылығының бір немесе бірнеше саласының жұмысшылары мен қызметшілерін біріктірді. Әрбір салалық кәсіподақтың өзінің съезінде сайланатын жеке Орталық кәсіподақті болды. Салалық кәсіподақтардың көбісінде өздерінің республикалық, өлкелік, облыстық, қалалық және ауданы комитеттері болды. Республикаларда, өлкелерде, облыстарда одақаралық органдар – кәсіподақ кеңестері жұмыс істеді. Кәсіподақтардың съездері олардың жоғары органы болып есептелді. КСРО-ның барлық кәсіподақтарының жұмысына ВЦСПС басшылық етті, ол КСРО кәсіподақтарының съезінде сайланды және соған есеп берді. КСРО кәсіподақтары Дүниежүзілік кәсіподақтар федерациясының қызметіне қатысты, 128 елдің кәсіподақ орталықтарымен байланыс жасап тұрды. КСРО ыдырап, егеменді ТМД елдерінің нарықтық экономикаға көшуі жағдайында кәсіподақтар тоталитарлық жүйенің құрамдас бөлігі болған ұйымдардан дербес қоғамдық құрылымдарға айналды. Жаңа кәсіподақтар, көбінесе, кәсіптік белгісіне қарай құрылуда.

Кәсіподақтар, бір жағынан, жалданбалы жұмысшылардың мүдделерін қорғайды, екінші жағынан, еңбек ресурстарының ғаламдық нарығында өз пайдаларына қаржылық түсімдердің артуы үшін күреседі. Кәсіподақтардың бүкіл тарихы осы үздіксіз күреске арналады. Осы күрестің барысында ‒ жұмысшылардың еңбекақысын көбейту, жұмыссыздық деңгейін азайту, қамтылмаған жұмысшыларды кәсіподаққа тарту, жалақының уақытылы төленуі үшін күрес жүргізіледі. Кәсіподақтардың және жұмысшылардың бірлескен қаржылық, ұйымдастырушылық және басқа да мүмкіндіктері әлемнің барлық үкіметтері мен жұмыс берушілерімен кез кел¬ген мәселелерді шешудің ең күшті тетігі болып табылады.

Кәсіподактар өз бастауын XVIII ғасыр соңынан, Батыс Еуропа мен АҚШ елдерінде әртүрлі кәсіп иелерінің бірлесуінен алады. Еңбек бөлінісі және капиталистік мекемелердің іріленуі, сонымен қатар жұмысшы қозғалыстарының қатар дамып, жұмысшылар мен қызметкерлерді өндірістік кәсіподақтар аясына топтасуына әкелді. XX ғасыр басында жалданбалы жұмысшыларды «бір мекеме ‒ бір кәсіптік ұйым, бір сала ‒ бір кәсіподақ» принципімен біріктірген кәсіподақтар бүкіл капиталистік әлем елдерінде кеңінен таралды.

Тіпті, 1917 жылы кейін де екі қарама-қарсы лагерлерде кәсіподақтар құрудың өндірістік қағидаты үстемдік етті. XX ғасыр алғашқы жартысында капиталистік елдер үкіметтерінің капиталдың елден шығуын қысқартуға, елге құйылуына жағдай жасауға талпынысы өнеркәсіп өндірісінің күрт артуына алып келді. Жаһанданудың бұл айбатына кәсіподақтар Францияның Жалпыға ортақ еңбек конфедерациясын, Италияның Жалпыға ортақ еңбек конфедерациясын және өзге де жалпыұлттық кәсіподақтар бірлестігін құру арқылы жауап қатты. Сонымен қатар Кеңес Одағында өндірістік салалық кәсіподақтардың Орталық комитетке бағынуы тігінен ұйымдасқан, қатаң принципі орнықты. Облыстық, өлкелік аумақтар деңгейінде аумақтық кәсіподақтар құрылды.

Капиталистік мекемелер транс-ұлттық корпорацияларға айналу жолындағы ең алғашқы қадамдарын халықаралық кәсіподақтар бірлестігіне мүшелік құқын қамтамасыз ету тұғырын қалыптастырудан бастады. 1945 жылы ‒ Парижде Біріншіші Бүкіләлемдік кәсіподақтар конгресі өткізілді, онда Бүкіләлемдік кәсіподақтар федерациясын құру жөнінде шешім қабылданды. Алайда, о бастан-ақ ішкі кикілжіңдерге төтеп бере алмаған ол бытырап, бөлшектеніп кетті. Осылайша, бытыраңқылық нәтижесінде 1949 жылы Еркін кәсіподақтардың халықаралық конфедерациясы ұйымдастырылды. Сонымен қатар, өндірістік белгілеріне қарай халықаралық бірлестіктер де құрылған. Мысалы, Көлікшілердің халықаралық федерациясы, оның аймақтық және субаймақтық бюролары бар. Кәсіподақтардың дүниежүзілік федерациясы (КДЖФ) - Екінші дүние жүзілік соғыстан кейін 1945 жылы 3 қазанда Парижде құрылған халықаралық ұйым. Алғашқы Америка еңбек федерациясынан басқа барлық елдердің кәсіподақтарын біріктірді. 1949 жылы Британия тредюниондары, АҚШ-тың өндірістік кәсіпорындары, т.б. Кейбір елдердің кәсіподақтары ұйымнан шығып кетті. КДЖФ-нің негізгі міндеттері: нәсіліне, дініне, діни және саяси ұстанымдарына, көзқарастарына қарамай, барлық жерлерде еңбекшілерге өз кәсіподақтарын құруына көмектесу, еңбекшілердің экономикалық және әлеуметтік құқын қорғау, баянды бейбітшілік үшін жұмыс істеу. КДЖФ-нің жоғары басқарушы органы ‒ Кәсіподақтардың дүниежүзілік конгресі. Оларда Бас кеңес пен Атқарушы комитет сайланады. Бас кеңес − конгрестер аралығында, ал Атқарушы комитет Бас кеңес сессиялары аралығында басқарушы орган болып табылады.

Егеменді Қазақстан Республикасында кәсіподақтардың құқықтық жағдайы Конституциямен,Еңбек туралы заңдар кодексімен, халықтың жұмыспен қамтылуы туралы, халықтың зейнетақымен қамсыздандырылуы туралы заңдармен, басқа да заңдармен айқындалады. Кәсіподақтар өзінің қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңнамасы және халықаралық актілер мен келісімдерде бекітілген өзге де заң нормалары шеңберінде, өздері қабылдаған жарғыларға сәйкес,мемлекет органдар мен саяси, қоғамдық ұйымдардан тәуелсіз жағдайда жүзеге асырады. Олармен өзара қарым-қатынастарын әріптестік пен құрметтеушілік, сұхбаттастық пен ынтымақтастық негізінде құрады. Кәсіподақтардың құқықтарын шектейтін немесе олардың заңда көзделген құқықтарын жүзеге асыруына кедергі жасайтын қандай да болсын араласушылыққа тыйым салынады. Кәсіподақ өз мүшелерінің мемлекет және шаруашылық құрылымдармен, қоғамдық бірлестіктермен, кәсіпкерлермен қарым-қатынасындағы құқықтары мен мүдделерін білдіріп, қажет болған жағдайда бұларды қорғауға жәрдемдеседі. Ұжымдық шарттар мен тиісті деңгейдегі тарифтік келісімдер жасасады; олардың арасындағы жекелей және ұжымдық еңбек дауларын шешуге көмектеседі. Кәсіподақ пен жұмыс беруші арасындағы даулар бойынша түпкілікті шешімдерді сот шығарады. Қазақстанда, негізінен, федерацияға біріккен.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары