Оқиға 4 сәуірге қараған түні орын алған. Суық қаруланған 4 адам оларды тексеру үшін тоқтатқан полицейлерді атып өлтіріп, оқиға орнынан ізін суытыпты. 27 жастағы негізгі күдіктінің ұлты қазақ деп жазуда ресейлік БАҚ өкілдері.
Қаскөйлер «Газель» автокөлігімен қашып кеткен. Тергеу комитетінің мәліметінше, құқық қорғаушылар қазір осынау қылмысқа қатысы бар деген күдікпен 6 адамды іздестіріп жатыр. Негізгі күдікті - 1990 жылы туған Нұрбол Саспанов. Ол Астрахань облысы Степной ауылының тумасы. Оның сыбайластары - Әлібек Ғизатов (1990 ж.т.), Закир Тажиков (1992 ж.т.), Рамазан Кукулаев (1996 ж.т.), Қадырбай Маймашев (1979 ж.т.), Ильяс Магомедов (1990 ж.т.) және Ахмед Магомедов (1986 ж.т.).
Бүгін тәртіп сақшылары күдіктілер мінген «Газель» микроавтобусын Три Потока ауылының маңынан тапқан. Көліктің мемлекеттік номері Дағыстанға тиесілі.
Әлеуметтік желілерде полицейлерге жасалған қарулы шабуылдың видеокадрлары мен басты күдікті Нұрбол Саспановтың суреттері жарияланды.