Үндістанның солтүстігінде маймылдармен бірге орманда өмір сүрген кішкентай қыз табылды деп жазады Times of India.
Басылымның жазуынша, жабайы қызды Суреш Ядав есімді полиция қызметкері тауып алған. Катарниагхат қорығын (Уттан-Прадеш штаты) кешкі тексеру кезінде тәртіп сақшысы маймылдармен бірге талдан талға секіріп жүрген қызды байқап қалыпты. Оны ұстауға өзінің шамасы жетпейтінін білгендіктен ол қосымша күш шақыртқан.
8 жасар қыз әбден азып-тозған, ашыққан. Үстінде киімі де болмапты. Оны орманнан алып кеткенде маймылдар қарсылық танытып, адамдардың артынан біразға дейін ілескен көрінеді. Қыздың өзі де қашып кетуге әрекеттенген.
Қызды тексеру барысында оның сөйлей алмайтыны, төрт "аяқтап" жүретіні және тамақты жерден алып жейтіні анықталған. Қазір ол ауруханаға жеткізіліп, тиісті емін қабылдап жатыр. Полицейлер болса «маугли-қыздың» орманға қалай кетіп қалғанын анықтамақшы.