07.04.2017, 09:29

Қырғыздардың Құрманбек Бакиевтен құтылғандарына 7 жыл толды

Қырғызстан бүгін - 7 сәуір күні Құрманбек Бакиевті президенттіктен кетіругә мәжбүр еткен Сәуір төңкерісіне жеті жыл толғанын атап өтіп жатыр деп жазады Centralasian.org.

Төңкеріс нәтижесінде Құрманбек Бакиев пен оның туыстары және оған жақын бірқатар шенеуніктер елден қашып кеткен.

2010 жылы 7 сәуірде Бішкекте оппозицияның президент резиденциясы алдындағы алаңда өткізген митингісі кезінде полицияның шерушілерге атқан оғынан 86 адам қаза тауып, 100-ден астам адам жараланған.

Бүгін президент Алмазбек Атамбаев, премьер-министр Сооронбай Жээнбеков, парламент спикері Чыныбай Турсунбеков және парламент депутаттары мен үкімет мүшелері "Ата-Бейит" мемориалдық кешенінде өтетін еске алу шараларына қатысады. Билік өкілдері құрбандар мен зардап шеккендердің туыстарымен бірге 7 сәуір құрбандарына арналған ескерткішке гүл қойып, құран бағыштайды.

Бұдан соң төңкеріс құрбандарының ескерткішіне гүл қою рәсімі "Ала-Тоо" алаңында жалғасады. Президент аппаратының ақпараттық қамтамасыз ету бөлімінің жетекшісі Алмаз Үсеновтің айтуынша, бұл шараға да президент қатысады. Түстен кейін орталық алаңда сахналанған қойылым көрсетіліп, одан соң мерекелік концерт болады. Кешке мереке отшашумен аяқталады.

Төңкерісті атап өту шаралары бүгін Қырғызстанның басқа да облыстары мен аудандарында өтеді. 7 сәуір Қырғызстанда ресми түрде мейрам күні деп жарияланған.