АҚШ алғаш рет ең қуатты ядролық емес бомбасын әскери мақсатта пайдаланды деп хабарлайды РИА Новости. Пентагонның негізгі мақсаты — Ауғанстандағы "Ислам мемлекеті" лаңкестік ұйымының базаларын жою болған.
"Әуе соққысы бейсенбі күні Нангархар провинциясындағы Ачин ауданына жүргізілді. Мақсат — ДАИШ және оның жерасты тоннельдерін жою. Ол үшін GBU-43 бомбасы қолданылды", - делінген Пентагонның баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Пентагон өкілдерінің айтуынша, аталған бомба АҚШ-тың бұрын-соңды қолданған жарылғыш заттарының ішіндегі ең қуаттысы екен. Оны жерге МС-130 ұшағымен тастаған.
АҚШ-тың Ауғанстандағы әскерилерін басқаратын Джон Николсонның сөзінше, қуатты бомба жерасты жолдарын жоюға арнап жасалған. Ауғанстандық лаңкестер әдетте осындай тоннельдер арқылы қозғалады дейді ол.
Қуатты әуе бомбасының салмағы 9,5 тоннаны құрайды. Оның құрамында гексоген, тротил және алюминий ұнтағының қоспалары бар және ол спутник арқылы басқарылады. АҚШ әскерилерінде мұндай бомбаның тек 15 данасы ғана болған екен. Оның бірін кеше пайдаланды.