Ақмола облысының Жалтыркөл ауылында орналасқан N44813 әскери бөлімі тасқын су астында қалды деп жазады "Интерфакс-Қазақстан". ҚР Қорғаныс министрлігіне қарасты мекеменің казармасын, асханасын, жатақханасын, штабын, қонақ үйін және клубын су шайып кеткен.
Ақмола облыстық ТЖД өкілдерінің хабарлауынша, ғимараттың жертөлесіндегі судың тереңдігі 1 метрден асып қалған. Қазір құтқарушылар мен әскерилер тасқын суды сору жұмыстарымен айналысып жатыр. Сондай-ақ, қолдан арық қазып, құм толтырылған қаптармен бөгет жасауда.
Күні кеше Төтенше жағдайлар жөніндегі комитет мамандары Ақмола облысындағы тасқын судың көлемі екі күннен кейін артатынын болжаған болатын. Өңірдегі 10 елдімекен қауіпті аймақ қатарына жатқызылды. Атап айтқанда, Атбасар, Астраханб және Целиноград аудандарындағы бірнеше елдімекен су астында қалуы мүмкін. Атбасар ауданында қазір Есіл мен Жабай өзендері арнасынан асып, қызыл су ауылдарға қарай беттеді.