Алеппо қаласында орын алған лаңкестік салдарынан қаза тапқандар саны 70 адамға жетті деп хабарлайды РИА Новости.
Жанкешті жарылғыш зат тиелген көлігін Рашидин қаласындағы жанармай бекетіне келіп жарып жіберген. Жарылыс болған жерде салоны адамға толы автобустар тұрған екен. Олар Фуа мен Кефрая қалаларынан қауіпсіз жерге шығарылған тұрғындар болып шықты. Алдымен 20 адамның көз жұмып, 50 адамның жараланғаны айтылса, араға бірнеше сағат салып қаза тапқандар саны 70 адамға жеткені хабарланды.
Айта кетейік, босқындар мінген автобустар колоннасы Джибрин қаласына барар жолда Рашидинге тоқтаған. Қазір олардың жартысы осы елдімекеннен кете алмай отыр.
Фуа мен Кефрая қаласының тұрғындарын эвокуациялау мәселесін Сирия билігі мен қарулы оппозиция басшылары өзара келісіп шешкен болатын.