17.04.2017, 03:19

Түркиядағы референдум: конституцияны өзгертуді қолдаушылар жеңіске жетті

Түркияда кеше өткен референдумда конституцияны өзгертуді қолдаушылар жеңіске жетті. Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Сади Гювен ресми мәлімдеді деп жазады ТАСС.

«Бюллетеньдерді санап, алдын ала нәтижелерді шығардық. Ол бойынша, конституцияны өзгертуді қолдап дауыс бергендер саны қарсылас тараптан 1,25 миллионға көп», — деді ОСК басшысы.

Anadolu агенттігінің мәліметінше, өзгерісті қолдағандар дауыс берушілердің 51,2 пайызын құраса, 48,8 пайызы қарсы болған.

Конституцияны өзгертуге қарсы шыққан оппозиция өкілдері дауыс берудің әділ өтпегенін айтып отыр. Яғни, дауыс беру учаскелерінде мөр басылмаған бюллетеньдер де саналды дейді олар. Енді Ұлттық-республикалық партия мен Халықтар демократиясының партиясы наразылық акцияларын ұйымдастыруды жоспапрлап отыр.

Айта кетейік, референдум конституцияның 18 бабына өзгерту енгізуді көздейді. Егер өзгеріс енгізілсе елде премьер-министр лауазымы мүлдем жойылмақ. Ал, президент болса вице-президенттерді, министрлерді және жоғары шенді өзге шенеуніктерді өз бетінше тағайындай береді. Сондай-ақ, президент өздігімен төтенше жағдай жариялап, жарлықтар шығара алады.