Атбасардағы апатқа кінәлілерді іздеу басталып та кетті. Ішкі істер министрлігі бөгеннің жарылуына қатысты қылмыстық іс қозғады. Онсыз да ескі плотина дұрыс пайдаланылмаған деген күдік бар. Соның кесірінен, топырақ бөгет судың арынын қайтара алмай, жүздеген үйді су шайып кеткен. Жабай өзенінен келген залал жалғыз Атбасарды емес, Сандықтау жұртын да әбігерге салуда. Тіпті, үйінен шыға алмай қаза тапқандар да бар деп мәлімдеді КТК телеарнасы.
Апат болғалы талау уақыт өтсе де Атбасардағы жағдай әлі реттелмей тұр. Мұнда су басқан 200-ден астам үйден 450 адам көшіріліпті. Ағын су республикалық маңызы бар тасжолды басып, қатынас та тоқтаған. Ал бөгеттің жарылуына оның дұрыс пайдаланылмауы себеп болған сыңайлы. Ішкі істер министрлігі осындай баппен қылмыстық іс қозғап, тексеруді де бастап кетті.
Атбасардың астан-кестеңін шығарған Жабай өзені Сандықтаудағы жұртты да сабылтып қойды. Мұнда 40 үй белуардан суда тұр. Тасқын төтеннен келгенде тұрғындар тек қара бастарын әрең құтқарыпты. Ал, үйінен шығып үлгірмеген 60 жастағы Науша Сұрағанова жертөледегі суға тұншығып өлген.
Аудан орталығы Балкашин поселкесінде де тура осы жағдай. 150 үйге белуардан су кірген. Ағысқа төтеп бере алмай, құлаған үйлер де баршылық. Жалпы аудан бойынша 729 адам қауіпсіз жерге көшіріліпті. Барар жері жоқтар оқуы тоқтатылған мектеп ғимаратына орналасқан. Ал жергілікті билік болса, апаттың айтпай келгенін алға тартып, ақталады.
Екпіні қатты болған өзен суы осылайша екі бірдей елді мекеннің тұрғындарын әуре сарсаңға салды. Дегенмен Жабай өзені әлі мұз құрсауынан толық босай қойған жоқ.Соған қарағанда күн күрт жылына жағдай екінші мәрте қайталануы мүмкін дейді тұрғындар.