Түркияда күні кеше конституцияны өзгертуге байланысты өткен бүкілхалықтық референдумның нәтижесі жарияланған болатын. Президент Реджеп Тайып Ердоғанның осынау бастамасын қолдағандар 51,4 пайызбен жеңіске жетіп, мемлекеттің басты құжатына өзгеріс енгізуге қол жеткізді. Ал, жеңілген қарсы тарап Стамбұл көшелеріне шығып, наразылық акцияларын өткізіп жатыр деп жазады Франс-Пресс.
Агенттіктің хабарлауынша, қаланың Бешикташ ауданында мыңға жуық адам бас көтерген. Тағы 2 мың адам Стамбұлдың азиялық бөлігінде көтеріліс ұйымдастырды. Әзірге құқық бұзушылықтар туралы хабар жоқ. Белгілісі, шерушілердің қатары артып келеді.
Айта кетейік, конституциялық өзгеріске сәйкес, Түркия билігі парламенттік басқарудан президенттік басқару жүйесіне өтеді. Яғни, премьер-министр лауазымы жойылып, оның функцияларының басым бөлігін президент өзі атқармақ.