$ 444.32  473.33  4.76

«Soyle.kz» жобасының мобильді қосымшасы іске қосылды

Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде Мемлекеттік тілді дамыту қорытының директоры Азат Шауеев қазақ тілін тегін үйрететін «Soyle.kz» мобильді қосымшасын таныстырды, деп хабарлайды Skifnews.kz ҚР Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.

«Былтыр, желтоқсан айында, Тәуелсіздік мерекесінің қарсаңында Мемлекеттік тілді дамыту қоры Қазақстанда тұңғыш рет қазақ тілін онлайн режимінде тегін оқытатын «Soyle.kz» атты интернет порталын ашқан болатынбыз. Бұл жобамыздың жүзеге асуына біздің қордың бас құрылтайшысы – Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президент қоры қолдау көрсетіп келеді. Сонымен қатар, «Самұрық Қазына» әл-ауқат қоры мен «SAMSUNG» компаниясы да осы жобаға қолдау көрсетті», – дейді Мемлекеттік тілді дамыту қорының директоры Азат Шауеев

Оның айтуынша, интернет портал ашылғаннан бері бір жылда оны 250 мыңнан астам адам пайдаланған. 

«Осы интернет портал ашылғаннан бергі бір жылда оны әлемнің әр қиырынан 250 мыңнан аса адам пайдаланған. Қазіргі таңда порталға тіркеліп, қазақ тілін үйреніп жатқандардың саны 15 мыңнан асты», – дейді А.Шауеев. 

Ал, енді пайда болған «Soyle.kz» порталының мобильді қосымшасы қазақ тілін үйренем деушілер үшін үлкен мүмкіндік болмақ. 

«Soyle.kz мобильді қосымшасы пайдаланушыларға мемлекеттік тілді тегін, өздеріне қолайлы уақытта әрі жылдам үйренуге мүмкіндік беріп отыр. Мобильді қосымшаны пайдалану арқылы кез келген адам арнайы тіл курстарына кететін алтын уақытын үнемдейді. Мобильді қосымшаға Soyle.kz порталының барлық бөлімдері және 3500-ге жуық сөз бен 700-ден астам тілдесу үлгілері толықтай дыбысталып, «Тақырыптық сөздік» атты атаумен беріліп отыр. Сонымен қатар, «Soyle.kz» порталына қосымша ретінде балаларға арналған «Bala.soyle.kz» порталын да іске қостық», – деп атап өтті Мемлекеттік тілді дамыту қорытының директоры.

Айта кетейік, «Soyle.kz» мобильді қосымшасын әзірге Android OЖ-мен жұмыс істейтін смартфондарға жүктеп алуға болады. Ал 2015 жылы қосымшаны iOS платформада да шығару жоспарланып отыр. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары