Оңтүстік Қазақстан облысында кәсіпкерден 1 млн доллар бопсалап, оның 9 млн теңгесін алған күдікті ер азамат қолға түсті. Бұл туралы ОҚО ІІД баспасөз қызметі хабарлап отыр.
Оқиға Сайрам ауданында тіркелген. Жергілікті кәсіпкер аудандық полиция бөліміне арызданып, танысының 1 миллион доллар бопсалап жатқанын айтқан. Аталған жайт СДБТР тіркеліп ҚР ҚК 194 бабы «Қорқытып алу» қылмыстық іс қозғалыпты.
Жедел іс-шаралар жүргізу барысында ОҚО ІІД Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері күдікті 1963 жылы туылған Сайрам ауданының тұрғынын өз үйінде 9 миллион тенгені қолма-қол алу барысында құрықтады. Полиция қызметкерлері күдіктінің үйін қарау барысында 9 дана атыс, жарақат салатын, пневматикалық қаруларды және мыңға жуық әр түрлі калибрлі оқ дәрілерді тәркіледі.
Аталған жайт СДБТР тіркеліп ҚР ҚК екі бабымен қылмыстық іс қозғалды: 194 бабының 4 тармағы «Қорқытып алу», 287 бабының 2 тармағы «Қаруды, оқ-дәрiлердi, жарылғыш заттарды және жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткiзу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру». Сот қаулысымен ұсталған азамат 2 айға қамауға алынды.
Қазіргі таңда тәртіп сақшылары оқиғаның мән-жайын анықтауда. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.