Арнайы тергеу тобы Зырян аудандық ішкі істер басқармасының экс-басшысы мен Өскемен қалалық прокуратурасының аға прокурорын ұстады. Бұл туралы ШҚО прокуратурасы өткізген брифинг барысында мәлім болды.
"Өткен жылдың қазан айынан бері ШҚО-ның прокуратурасы заңсыз ойын бизнесімен айналысу дерегін тексеріп жатыр. Белгілі болғаны, қылмысты трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топ жасаған. Оның ұйымдастырушысы - Ресей Федерациясының азаматы. Сондай-ақ, қылмыстық топқа Зырян АІІБ-нің бұрынғы басшысы мен Өскемен прокуратурасының аға прокуроры көмектескен. Көрсеткен қамқорлығы үшін олар қылмыскерлерден ақшалай сыйақы алып отырған", - дейді ШҚО Бас прокуроры орынбасарының міндетін атқарушы Болатхан Нұрышкенов.
Құқық қорғау органдарының екі қызметкері де қылмыстық топқа көметкескені үшін ұсталып, қамауға алынған. Олар қазір уақытша ұстау абақтысында.
"Олардың ай сайынғы сыйақысы 150 мыңнан 800 мың теңгеге дейін жетіп отырған. Өкінішке қарай, бұл ұстаулар тек басы ғана болғалы тұр. Тергеу тобы қазір істі тексеріп аяқтағалы жатыр. Құқық қорғау органдарының өзге де қызметкерлері бұл іске қатысы болуы мүмкін", - деді Болатхан Нұрышкенов.