$ 498.34  519.72  4.85

Алматы облысында «Алтын белгіге» үміткер 565 түлек бар

Алматы облысының әкімі Амандық Баталов Талдықорған қаласындағы дарынды балаларға арналған үш тілде оқытатын № 20 лицейдің оқушылары мен бітірушілерін соңғы қоңырау мерекесімен құттықтады.

Оқу жылының аяқталуымен және жазғы демалыс мерзімінің басталуымен мектеп ұжымын, оқушылар мен ата-аналарды құттықтаған облыс әкімі Амандық Баталов мектеп бітірушілерге ақ жол тіледі.

- Құрметті түлектер! Бүгінгі күн сендер үшін қуанышты да толқынысты сәт. Соңғы қоңыраудың соғылуы балалық шақпен қоштасып, үлкен өмірге қадам жасаған маңызды шақтың уақыты келгенін білдіреді. Көпшілігің болашаққа жоспар құрып, мақсаттарыңды айқындап та қойған боларсыңдар. Сол асыл армандарың мен ізгі мақсаттарыңа жетулеріңе тілектеспін. Ең бастысы, өздеріңе сенімді, қиындыққа мойымайтын, алға қарыштап қадам жасай алатын елжанды азамат болыңдар. Ата-аналарың мен ұстаздарың сендерге бар тәлім-тәрбиесі мен білімін аямай бойларыңа дарытты. Енді сендерге еліне еңбек етер азамат болар деген үлкен үміт артамыз. Ақ жол болсын, жас түлектер! – деді А.Баталов.

Қалыптасқан дәстүр бойынша салтанатты жиында үздіктер, түрлі олимпиадалар мен спорттық жарыстардың жеңімпаздарына құрмет грамоталары мен дипломдар берілді.

Мектеп бітірушілерін мектеп директоры Салима Мамлеева құттықтады. Лицей президенті Диас Мұхамед пен осы мектептің 5, 10 сынып оқушылары лицейдің қалыптасқан игі дәстүрлерін сақтауға және құрметтеуге салтанатты түрде ант етті. Мұнан соң түлектер ұстаздарына алғыс айтып, мектеп вальсін орындады. Жиналғандар соңғы қоңырауда шертілген әсем әуенмен түлектерді соңғы сабаққа шығарып салды. Түлектердің соңғы сабақтарына облыс әкімі Амандық Баталов та қатысты.

Жалпы, биылғы жылы Алматы облысында 14 177 оқушы мектеп бітіреді. «Алтын белгі» белгісіне 565, ерекше үлгідегі аттестатқа 366  бітіруші үміткер. Олардың 10-ы - үш тілде оқытатын дарынды балаларға арналған № 20 лицейдің оқушылары.  Бұл туралы облыс әкккімі қатысқан «соңғы қоңырау»  шарасында облыстық білім беру басқармасының басшысы Л.Базарқұлова мәлімдеді. 

Д.Жұмақұлова

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары