$ 447.4  477.55  4.76

Шымкентте өткен «Шабыт шеруіне» 15 мың оқушы қатысты

Оңтүстік Қазақстан облысының орталығы - Шымкент қаласында балалар мен жастардың музыкалық оркестрлері мен ансамбльдерінің «Шабыт шеруі» атты мерекелік іс-шарасы өтті. 1 маусым - Халықаралық балаларды қорғау күніне орай ұйымдастырылған шараға облыстан 15 мың оқушы мен 210 студент қатысты деп хабарлайды ОҚО әкімдігінің баспасөз қызметі.

Шерудің ашылу салтанатында сөз алған Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев балаларды мерекемен құттықтап, болашақ ұрпаққа берілетін білім мен тәрбиенің маңыздылығына тоқталды.

«Оңтүстікте соңғы жылдары бала санының арта түсуі бізді айырықша қуантып отыр. 2016 жыл 80 мыңға жуық нәрестенің дүниеге келіп, аймағымыз демографиялық көрсеткіштермен көш бастады. Өңірде мектеп жасындағы балалар саны 611 мыңнан аса оқушыны құрап, республикалық көрсеткіштің 21 пайызына жетті. Сонымен бірге жыл сайын мектептердегі оқушылар саны шамамен 30 мыңға артуда. Осыған орай, алдағы 5 жылда 205 жаңа мектептің құрылысын жүргізуді жоспарлап отырмыз», - деді Жансейіт Қансейітұлы.

Бүгінгі таңда облыста өнерлі жастардың шабытын шыңдайтын 26 арнайы мектеп қызмет жасайды. Оларда 15 мыңға жуық оқушы білім алуда. Дәл мұндай музыка мектебі өзге ешбір мемлекетте жоқ. Аталған оқу орындарының жетістігі де көңіл қуантады. Өңірдің өнерлі өрендері 6 мәрте республикалақ сайыстарда бас жүлде жеңіп алса, 9 мәрте халықаралық жарыстардың жеңімпазы атанған. Атап айтсақ, Отырар ауданы саз мектебінің оқушысы Бағдәулет Нұрланұлы Түркиядағы ЭКСПО-2016 халықаралық «Балалар және гүлдер» байқауының 1-орын иегері, - Бәйдібек ауданы саз мектебінің оқушысы Сыздық Асан Түркиядағы халықаралық «Бала әлемі» байқауының гран-при иегері, Шымкент қаласы №1 саз мектебінің оқушысы Мурин Николай Фраучи атындағы 13-ші Халықаралық конкурстың 1-ші орын иегері атанды.

«Шабыт шеруі» іс-шарасы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Мәңгілік ел» жалпыұлттық идеясын іске асыру мақсатында қолға алынып отыр. Бұл күні облыстық әкімшілік іскерлік орталығының алаңында барабаншылар отряды, үрмелі аспаптар оркестрі мен ансамбльдер, мажореткалар, черлидерлер, хор және би ұжымдары жүріп өтті.

Бұл шара алғаш рет өткізіліп отырғандықтан, республиканың мәдени өмірінде бірегей оқиға болып есептеледі. Қызықты репертуар, музыкалық инструменттердің әртүрлілігі, шығармалардың түпнұсқалығы, бірнеше түрдегі музыкалық қызметтің бірігіуі музыкалық-театрландырылған шеру мерекелік қалып тудырып, әсерлі тыныс берді.

Шараға облыс орталығындағы барлық мектеп оқушылары қатысты. Әр білім ошағының балалары жүріп өткен кезде сол мектептің жетістіктері айтылды. Бұл жас буынның бойында мақтаныш сезімін тудырып, олардың отансүйгіштік рухын оятары сөзсіз.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары