$ 444.22  476.38  4.82

Алматының Наурызбай ауданында «Қауіпсіз аудан» жобасы арқасында қылмыс саны азайған

Бүгінде Алматының аудандарында «Қауіпсіз аудан» атты жаңа жоба іске қосылып, жергілікті тұрғындардың қауіпсіздігі жіті бақылауға алынып отыр. Осы жобаның жүзеге асуы нәтижесінде Наурызбай ауданында қылмыс саны азайған. Бұл туралы аудан прокуроры Нұржан Серікұлы халықпен кездесу барысында мәлімдеді.

Бұл шараның мақсаты  - түнгі уақытта көше безіп жүрген кәмелеттік жасқа толмағандарды анықтап қана қоймай, балаларын  қараусыз жіберген ата-аналар мен табысқа кенелу үшін балаларды клубтарына заңсыз кіргізетін басшыларды жауапкершілікке тарту.

Прокурорлармен бірге халыққа есеп беріп, түсіндіру жұмыстарын жүргізуге аудан әкімі Сайран Сайфеденов, аудандық ІІБ басшысы Д.Өтебаев та атсалысты. Олар «Қауіпсіз аудан» жобасының мақсатын және жүзеге асу тетіктерін жергілікті тұрғындарға түсіндіріп, ауданда орын алып жатқан қылмыстар жайында айтып берді.

«Ең негізгі мақсатымыз - ауданымызда болып жатқан қылмысты азайту және тоқтату. Профилактика ретінде. Кездесуде халық ұйымдастырылып жатқан акцияны қолдады. Сондықтан халық қолдап жатқан кезде бұл міндетті түрде нәтижесін береді», - деді Наурызбай ауданының әкімі Сайран Сайфеденов журналистерге берген сұхбатында.

Ал, полицейлердің айтуынша, көпқабатты үйлердің арасына қойылған бейнекамералардың арқасында бүгінде аудандағы қылмыс саны 22 пайызға дейін азайған.

Аудандағы 9 қабатты тұрғын үйдің жеделсатысын қайта қалпына келтіру үшін 3 миллион теңгеге жуық қаражат қажет дейді пәтер иелері кооперативінің жетекшісі Бақтыбай Өтегенов. Жуырда ұрылар лифтінің бағалы металдарын қолды қылыпты. Дәл осындай ұрлық әрекеттері бұл ауданда жиі орын алады екен. Қылмысты алдын алу үшін бейнебақылау камераларын орнатуды алға тарқан әкімдік бастамасын тұрғындар бір ауыздан қолдаған. Қазіргі уақытта аталған үйдің ауласына 5 бейнебақылау камерасы орнатылыпты. Енді тағы да бірнеше құрылғыны іске қосу жоспарланып отыр. Тәулік бойы жұмыс істейтін камералар әкімшілік құқық бұзушылыққа да тосқауыл болған.

«Қоқыс тастаған тұрғындар бейнебақылау кемераларына түсіп қалады. Бір-екі адамға ескерту жасалса, қалғандары да ауланы ластамайтын болады», - деді ПИК төрағасы Бақтыбай Өтегенов.

«Қауіпсіз аудан» жобасының тиімділігін сезінген тұрғындар ендігі кезекте балаларға арналған ойын аландарына да бейнебақылау камераларын орнатуды қолға алмақшы. Аталған жоба Наурызбай ауданның өзге де аймақтарында жүзеге асыру мақсатында әкімдік пен құқық қорғау органдарының өкілдері халық арасында түсіндіру жұмыстарын одан әрі жалғастырмақшы.

Айта кетерлігі, қазіргі таңда аудан аумағында барлығы 172 көпқабатты және 14980 жеке тұрғын үйлер орналасқан. Аталған тұрғын үйлердің аумағында жалпы саны 865 сыртқы бақылау камералары орнатылған. Ағымдағы жылы сыртқы бақылау камераларының арқасында 22 қылмыс уақытында әшкереленді. Оның ішінде: 1 – адам өлтіру, 1 – зорлау әрекеті, 15 – тонау, 5 – бұзақылық.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары