$ 443.85  474.3  4.8

Көкшетауда судьяның өліміне қатысты жаңа деректер айтылды

Ақмола облыстық соты судья Жанна Бердіқұлованың өліміне қатысты пікір білдірді деп жазады Tengrinews.kz. Облыстық соттың баспасөз хатшысы Күләш Домалақованың айтуынша, Ж.Бердіқұлова оқиға болардан бір күні бұрын денсаулығына шағымданып, жұмыстан ертерек кетіп қалған екен.

12 маусым күні судья әріптестеріне қан қысымының жоғарылап кеткенін, өзін жағымсыз сезініп жатқанын айтып, жұмыс уақыты аяқталмай үйіне қайтып кетіпті. Ертесіне ол қызмет орнына келмеген. Жамандықты сезген сот қызметкерлері дереу Бердіқұлованың үйіне барғанда, жуыну бөлмесінде марқұмның денесін тауып алыпты.

Әріптестері алғашында Жаннаны ауырып қайтыс болды деп ойлаған. Дереу жедел жәрдем шақырыпты. Алайда, ауруханадағылар қайтыс болған адамға жедел жәрдем емес, полиция шақыру керектігін айтып, кеңес беріпті. Ал, сот-медициналық сараптамадан кейін судьяның кісі қолынан қаза тапқаны анықталды. Оны қылқындырып өлтірген.

46 жастағы Жанна Бердіқұлова үйде жалғыз өзі тұрған. Соңғы сот істерінің ешбірі ұсталған күдіктімен байлансты емес дейді әріптестері.

Еске салайық, Ақмола облыстық соты қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының төрағасы Жанна Бердіқұлованың мәйіті 13 маусым күні таңертең өз үйінде табылған болатын. Полицейлер күдіктіні ізін суытпай ұстады. Ол - 1984 жылғы Көкшетау қаласының тұрғыны. Бұрын бірнеше рет сотты болған. 2006 жылы адам өлтіргені үшін қамалған екен. Қазір оның үстінен ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы (Адам өлтіру) бойынша ісқозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары басталып кетті. Күдікті қамауда.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары