21.06.2017, 04:53

Гүлен жақтастары Берлиндегі "либералды мешітке" қатыстары жоқ екенін мәлімдеді

Күні кеше Германия астанасы Берлинде гейлер мен лесбилерге арналған мешіттің ашылғаны туралы ақпарат жұрттың жағасын ұстатқан болатын. Шіркеу ішінен ашылған мешітте ешкімге ешқандай шектеу қойылмайды: әйелдер мен ерлер бір сапта тұрып намаз оқуға, әйелдердің орамалсыз келуіне рұқсат етілген. Тіпті гомосексуалдар да келіп құдайға құлшылық ете береді.

Қызығы сол, мұндай мешітті түрік діндары Фетхулла Гүленнің шәкірттері ашыпты деген ақпарат та тараған болатын. Алайда, Гүлен жақтастары бұл мәліметтің жалған екенін айтып, Түркия билігін тағы айыптады. «Open News» порталында жазылғандай, аталған ақпаратты түркиялық «А Haber» телеарнасы ойдан құрастырған көрінеді.

«Аталған телеарна мешіттің ашылуына Гүлен ізбасарларының бірі, Хизмет қозғалысының өкілі, «Диалог және білім» қорының президенті Эрджан Каракоюн қатысты деп мәлімдепті. Кейін бұл ақпарат өзге БАҚ беттерінде жарияланған. Алайда, «А Haber» арнасының Каракоюн деген адамы Фрайбург педагогикалық университетінің мұғалімі, ұлты араб Әбдел Хакім Оургхи болып шықты. Мұны Каракоюн өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазған», - делінген порталда жарияланған мақалада.

Айта кетейік, гомосексуалдарға арналған мешітті Германиядағы танымал түрік заңгері, әйелдер құқығын қорғаушы Сейран Атес ашып отыр. Ол әйелдер мен еркектер арасында ешқандай бөлінушілік болмауы керек, гейлерге де исламнан орын табылады деп есептейді. 

«Новая Эпоха» порталы болса Эрджан Каракоюн туралы мүлдем жазбаған. Аталған БАҚ өкілдері мешітті ашқан Сейран Атес пен оның серіктері Фетхулла Гүленнің жақтастары деп мәлімдеп отыр.