$ 448.15  483.46  4.86

Неге бұлар медиамагнат болмады?

Америкалық Forbes журналы жыл сайын әлемдегі ең дәулетті адамдардың тізімін жасайтыны белгілі. Бұл рейтингте кәсіпкерлермен бірге алпауыт медиамагнаттар да көп. Яғни, бұқаралық ақпарат құралдарын шетелдіктер біздегі секілді «саяси қару» ретінде ғана емес, табыстың  көзі ретінде де пайдаланады.

«Әлі жаспыз, біздің елде медиа саласы дұрыс дамымаған» деп айтудан кетіп қалдық. Өйткені, соңғы бірнеше жылда Қазақстанда медиа-холдингтердің жеті атасы құрылыпты. «Нұр-Медиа» дей ме, «Қазконтент» дей ме, әйтеуір аттары дардай алпауыттар. Әр қайсысында оннан аса БАҚ өкілдері бар. Оған әр облыстан құрылып жатқан медиа-холдингтерді де қосып қойыңыз. Бұлар мемлекеттің миллиардтарын игеріп отырған мекемелер. Алайда, қанша миллиард игерсе де олардың иелерінің байып, халықаралық деңгейге көтерілгенін көрген жоқпыз. Әлемдік деңгейді айтуға ерте әрине, бірақ посткеңестік елдер арасында да Қазақстаннан шыққан медиамагнат жоқ.

Біздің осынау холдингтер шетелдегі секілді жеке адамдардың қолында емес, мемлекеттің иелігінде болғандықтан медиамагнат атануға министрлер мен ірі шенеуніктердің мүмкіндіктері зор. Бірақ, неге екені белгісіз, олар халықаралық деңгейге шығуға құлықсыз. Бәлкім, соншама байлығын жария етуге қорқатын да болар. Әйтпесе, осыншама миллиардтардың үстінде отырып медиамагнат атанбау ақылға еш қонбайтын «құбылыс». Ал, біз сіздерге сол шенеуніктерді атын атап көрсетуді жөн көрдік.

Мұхтар Құл-Мұхаммед. Қазақтаннан халықаралық деңгейдегі бір медиамагнат шықса, ол «үшінші дәрежелі оралман» (бір орынға үш рет оралған дегеннен шығып отыр) Мұхтар Құл-Мұхаммед болуы керек еді. Алайда, ол өресін орта мектептің баспагерлігінен асыра алмай, республиканың аумағында қалып қойды. Қазір аты есіңе түссе өте ыңғайсыз жағдайға түсіретін «запастағы министр».

Ермұхамед Ертісбаев. Кезінде «Ақорданың бұлбұлы» атанған Ертісбаевтан да медиамагнат шығуы керек еді. Бірақ, ол министр кезінде мәдени орталықтардың басшыларын ауыстырудан қолы босаған жоқ. Тіпті, орынбасарларына «азу» көрсетемін деп, таланып қалғаны да есімізде. Ел аузында сөз тұрыпты ма, жұрттың айтуынша 2010 жылы ОБСЕ саммиті кезінде Ертісбаев мырза ішімдікке тойып, Ақпарат комитетінде жұмыс істейтін қыздардың омырауына алдымен көзін, кейін қолын жүгірткен көрінеді. Бірақ, біз мұны өтірік деп есептейміз, білдей министрдің мұндай жағымсыз қылыққа баруы мүмкін емес. Десе де, Ертісбаевтан медиамагнат шықпады.

Асқар Жұмағалиев. Медиамагнаттыққа сұранып тұрған келесі министр Асқар Жұмағалиев еді. Бірақ Асекең мамандығы гуманитарияға қатысы болмағандықтан ба, әлде «смищник» болып абырой таппаспын деді ме, кім білсін, әйтеуір жеке басын БАҚ-пен байланыстырмай-ақ қойды. Алайда, ол журналистика тарихында газеттерді жабушы («қағаз нұсқаға жаны қас») шенеунік ретінде есте қалмақ. Мерзімді басылымдарды интернет порталдарға ауыстыру науқанын Жұмағалиев әлі жалғастырып келеді. Ал, олардан қаржылай пайда тауып, халықаралық деңгейдегі магнат атануға бүгінгі вице-министрдің зауқы жоқ.

Дархан Мыңбай. Ақпарат саласаның құлағын экс-министр Дархан Мыңбай да ұстап көрген. Бірақ, мұнысы ұзаққа созылған жоқ. «Баруынан қайтуы тез болды» демекші, Мыңбай министрдің орынтағында отырып мардымды істер атқарып үлгермеді.  Тіпті, ол медиамагнат атануға ұмтылған да жоқ. Бір жыл бойы «сен тимесең мен тимейміннің» кебін кешті.

Алтынбек Сәрсенбаев. Кезінде бүкіл қазақстандық БАҚ-ты алақанында ұстаған марқұм Алтынбек Сәрсенбаев тірі болса бәлкім Қазақстанның бірінші медиамагнаты атанған болар ма еді. Әй қайдам, бірақ, ол кісі кәсіпкерліктен гөрі саясатқа жаны жақын адам еді ғой.

Сіз бұл ретте Дариға Назарбаеваны немесе Болат Өтемұратовты неге айтпадың деуіңіз мүмкін. «Бірінші кісінің» еркелеріне айналған бұл екеуі расымен де магнат, бірақ медиа саласында емес. Оның үстіне, халықаралық деңгейге де шықпаған.

Сонымен, Қазақстанға Руперт Мёрдок болмаса да Османов Әлішер сияқты медиамагнаттарға тіресе алатын тұлғалар қажет-ақ. Әзірше бұл орын вакантты болып қала бермек...

Еркін Журналист.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары