Астанада алғаш рет өзге ұлт өкілдері аруларының арасында «Мисс Ассамблея – 2017» байқауы өтеді. Мәдени шара 23 маусым күні кешкі сағат 19:00-де басталмақ. Шара ұйымдастырушысы – Қазақстан халқы ассамблеясы.
Байқауға қонақ ретінде ҚР Парламентінің депутаттары, Астана қаласы мәслихатының депутаттары, мемлекеттік орган қызметкерлері, ҚХА өкілдері қатысады деп күтілуде.
Шараның мақсаты – Қазақстандағы өзге ұлт өкілдерінің мәдениеті мен құндылықтарын насихаттау болып табылады.
Байқау шартына сәйкес, қатысушы арулар алдымен өздерін таныстырып, кейін ұлттық және сәнді киімде дефиле өткізеді. Сондай-ақ, шығармашылық байқауда сынасып, өздерінің өнерлерімен қазылар алқасын таң қалдыруға тырысады.