Қазақстанда түн ортасына дейін жұмыс істейтін тағы екі ХҚКО пайда болды. «Азаматтарға арналған үкіметтің» ХҚКО-лардың түн ортасына дейінгі жұмысы бойынша пилоттық жобасы жалғасуда. Енді мемлекеттік қызметті алуға өтініш беру немесе дайын анықтаманы алу мүмкіндігін тек астаналықтар ғана емес, Алматы және Шымкент қалаларының тұрғындары да ала алады.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Басқарма төрағасы Абылайхан Оспановтың айтуынша, алғашқы рет түнгі сағат 12-ге дейінгі жұмыс кестесі іске қосылған Сауран, 7 мекенжайындағы астаналық Халыққа қызмет көрсету орталығы қазіргі кезде баршаға танымал. «Біз пилоттық жобаға мұқият мониторинг жүргіздік. Оны іске қосқан сәттен бастап сағ. 20:00 мен 24:00 аралығы кезеңінде мемлекеттік қызмет көрсетуге шамамен екі мың өтініш қабылданып, 506 құжат берілген. Осындай сұранысты көріп, біз түн ортасына дейінгі жұмыс кестесін Шымкент және Алматы қалаларындағы бөлімдерде де енгізуді шештік, себебі бұл екі қала халық саны бойынша ең үлкен қалалар», - деді А.Оспанов. Жұмыс кестесі дүйсенбі мен жұма аралығында сағат 08:00-ден 24:00-ге дейінгі фронт-офистер Астана қаласы Сауран 7, Алматы қаласы, Әуезов ауданы, Жандосов көшесі, 51, Шымкент қаласы, Қаратау ауданы, Нұрсат мөлтек ауданы, 24 мекенжайлары бойынша орналасқан. Айтпақшы, қызметті алушыларға ыңғайлы болу үшін, мемлекеттік баж салығын осы бөлімдерде сағ. 24:00-ге дейін төлеуге болады, себебі кассалар да түн ортасына дейінгі жұмыс режиміне ауыстырылған. Сенбі күні бұл бөлімдер сағ. 20:00-ге дейін жұмыс істейді.