$ 444.22  476.38  4.82

«Министрліктер үйінің» тұрағына кіру қанша тұрады?

Астанадағы министрліктер үйінің тұрағына кез-келгеннің көлігін кіргізе бермейтіндігі анық. Әрбір тұрақтың аузында полиция посты бар, ол ережеге сәйкес тек рұқсаты бар көліктерді ғана аулаға жібереді. Ал, рұқсат осындағы меморгандардың қызметтік көліктеріне және санаулы қызметкерлерге ғана берілуі тиіс. Мұның бәрі әрине, қауіпсіздік үшін жасалып жатқан шаралар. Онда біздің дауымыз жоқ.

Дегенмен, аталған тұрақта арнайы рұқсаты жоқ автокөліктер де жетерлік. Олар бар мәселені постта отырған тәртіп сақшысымен шешіп алатын көрінеді. Мұны осында кіріп-шығып жүрген көлік жүргізушілерінің өздері айтып жүр. «Айына 5-10 теңгенің арасында, әрине егер танысың болса ғана» дейді олардың бірі. Алғашында сенбеген едік, алайда, сол постта отырған полицейдің сөзі ойландырып тастады. «Тізімде болмасаңыз тез жолды босатыңыз. Мұнда кіретін 700-ден астам автокөліктің әрқайсына бас қатыруға уақыт жоқ» дейді ол. Бұл күніге көз көріп жүрген 13, 14, 15 кіреберістің ауласындағы постта болған әңгіме.

Осы әңгімеден кейін дәл сол ғимаратта қанша меморган бар, олардың әрқайсына Президент Іс басқармасы қанша орыннан бөлді екен деп сұрастырып көрдік. Білгеніміз, мұндағы меморгандардың саны 5-тен, ал олардың әрқайсына бөлінетін автотұрақ саны 20-дан аспайды екен. Яғни, рұқсат етілген көлік саны тиісінше 100-ден аспауы тиіс. Сонда қалған 600-ден астам автокөлік Министрліктер үйінің ауласына қалай кіріп жүр? Мәселенің 5-10 теңгемен шешілетіні рас қой сонда?!

Егер рас болса мына есепке назар аударыңыз:

600 емес, 500 көлік дейік, олардың әрқайсысы 10 мыңнан емес, 5 мыңнан берді делік. Сонда ай сайын бұл тұрақ кемі 2,5 миллион теңге табыс табады екен. Бұл тек бір ғана посттан түсетін ақша. Ал, Министрліктер үйінде барлығы 4 пост бар (артқы блокты санамаған кезде), яғни жоқ дегенде айына 10 миллион теңге.

Ауадан ақша істеу деген осы болар бәлкім. Ал, ай сайынғы жиналатын 10 миллионның кімнің қалтасына кетіп жатқаны тағы белгісіз.

 Skifnews.kz.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары