Ташкенттің бас имам-хатибі Әнуар-кори Тұрсынов алтын сағат тақпайтынын айтты. Оның қолындағы "қымбат сағат" әлеуметтік желіде пікір-талас туғызды. Бірқатар қолданушылар имамның 20 мың доллар тұратын сағат тағуын сынаған деп жазады centralasian.org.
Имамның айтуынша, Ийд ал-Фитр мерекесі қарсаңында оның қол сағаты сынып қалған. "Сол кезде менің қасымда таныс кісі тұрған. Ол маған өзінің сағатын сыйлады. Ол сағатты 200 долларға сатып алғанын айтқан. Енді 20 мың доллардың сағатын тағып жүр деп жамандап жатыр. Мен өмірімде алтын сағат таққан емеспін", - деді бас имам.
Сонымен бірге имам өзінің қарапайым өмірі туралы айтып берді.
"Мен әкемнің үйінде тұрам. Бай емеспін. Оны өз көзіңізбен көрсеңіз болады", - деді Тұрсынов.
Бірқатар әлеуметтік желі қолданушылар имамның BMW 6 маркалы автокөлікпен жүретінін жазған. Бірақ Тұрсынов бұны да жоққа шығарды. 59 жастағы Әнуар-кори Тұрсынов Өзбекстандағы танымал дін қызметкерлерінің бірі.