Милиция қызметкерлері мен тәжік ОМОН-ның экс-командирі, қазір "Ислам мемлекеті" (ИМ) экстремистік тобының жетекшілерінің бірі Гулмурод Халимовтың туыстары арасындағы төбелесте қашқын полковниктің 4 туысы мен бір милиция қызметкері қаза тапқан деп жазады centralasian.org.
Оқиға өткен түнде Восей ауданында, «Ходжа Мумин» тауынан 10 шақырым жерде болған.
Кулябтағы милиция бөлімшесінің сенімді дереккөзі 5 шілдеде милиция қызметкері Анвар Хусейнов пышақ жарақатынан қаза тапқанын айтты.
«Гулмурод Халимовтың екі бауыры және екі немере інісі қаза тапты. Олардың денесі Кулябқа сараптама жасауға жіберілді», - дейді дереккөз.
Дереккөздің мәліметіне қарағанда, Гулмурод Халимовтың 53 жастағы ағасы Султонмурод Халимов бастаған бір топ туыстары Восей ауданындағы Ибрати қышлағында милиция қызметкерлеріне қарсылық көрсеткен. Осыдан кейін милиция қызметкерлері оларға оқ атқан.