$ 446.49  475.38  4.79

Малайзия ұшағын іздестіру қайта жалғасты

Малайзиялық Air Asia компаниясының жоғалған жолаушылар ұшағын іздестіру жұмыстары бүгін қайта жалғасты, деп хабарлайды «Азаттық радиосы».

Желтоқсанның 28-і күні таң ата ондаған әскери кеме, тікұшақ пен ұшақтар Airbus-320-200 ұшағы құлауы мүмкін делінген Индонезияның Белитунг аралы маңына аттанды. 

Австралия мен Корея Республикасы Индонезияның жерүсті қызметі радарынан жоғалып кеткен Airbus А320-200 ұшағын іздеу жұмыстарына қосылды. Австралиялық қорғаныс ведомствосының өкілдері мәлім еткендей, AP-3C Orion әскери-көлік ұшағы құтқару операциясы өткізілетін ауданға ұшып шыққан. 

Бұдан бұрын ел премьер-министрі Тони Абботт AirAsia компаниясы лайнерінің қайда екенін анықтау үшін Индонезияға «кез келген көмекті» көрсетуге дайын екенін мәлім еткен болатын. 

Оңтүстіккорейлік өкілдер де таяудағы екі күнде іздеу жұмыстарына ұшақ жөнелтетінін хабарлады, қазіргі таңда 6 мемлекетпен келіссөздер жүргізіліп жатыр, деп ақпарат таратты ИТАР-ТАСС.

Сингапур екі С-130 «Геркулес» әскери-теңіз ұшағын, сондай-ақ ӘТК-нің екі кемесін жөнелтті. Бұған қоса, жоғалып кеткен ұшақты іздеу операциясына Малайзияның ӘТК мен ӘӘК де қосылды. Олар операция өткізу аймағына үш кеме, сонымен бірге әскери-теңіз ұшағын бағыттаған. 

Аталмыш ұшақпен байланыс Индонезияның жауапкершілік секторында жоғалғандықтан, лайнерді іздеу жұмыстарын осы ел басқаруда. 

Жексенбі кешке күннің қараңғылануы мен ауа райының нашарлауына байланысты іздеу операциясы уақытша тоқтатылды. 

Естеріңізге сала кетейік, AirAsia әуе компаниясының рейсі кеше таңертең Яванский теңізінде жоғалып кеткен болатын. Ұшақпен байланыс әуеге көтерілгеннен кейін 42 минуттан соң үзіліп кеткен. Әуе компаниясының мәліметінше, ұшақ бортында 162 адам: 155 жолаушы(17 бала), екі ұшқыш, бортинженер және төрт бортсерік болған.

Бұл оқиға Малайзия әуе компанияларына ауыр тиген 2014 жылдың соңында болып отыр. Malaysia Airlines ұлттық компаниясы биыл екі ұшағынан айырылып, біреуі табылмады, екіншісінің жолаушылары қаза тапты. Наурыз айында бортында 239 жолаушысы болған MH370 рейсімен Куала-Лумпурден Пекинге ұшқан жолаушылар лайнері ізім-ғайым жоғалып кеткен еді. Ұшақтан сол күйі хабар жоқ.

Ал шілде айында бортында 298 жолаушысы бар MH17 рейсімен ұшқан жолаушылар лайнері сепаратистер мен Украина үкіметі арасында қақтығыс болып жатқан аймаққа құлады. Жолаушылар түгел қаза тапты. Кейіннен ұшақты "атып түсірген" деген болжам жасалды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары