Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон азаматтарды хиджаб кимеуге, сақал өсірмеуге шақырды. Душанбеде сөйлеген Рахмон осыдан он жыл бұрын қабылданған "Салт-дәстүрлер мен тойларды реттеу туралы" заңды жоғары бағалады деп жазады centralasian.org.
Рахмонның айтуынша, хиджаб кию және әйелдердің қара киімге тұмшалануы елдің ұлттық дәстүріне қайше келеді, ал сақал қою - діншілдіктің негізгі белгісі емес. Ол азаматтарды "Жаратушыға жүрекпен бас июге" шақырды.
Рахмонның пікірінше, азаматтар "тәжіктердің мәдениетін" сақтап, "өзге мәдениеттер мен дәстүрлерге" қарсы тұруы керек. Рахмон үкіметі елде зайырлы қағидалардың үстемдік құруын қалайды. Сегіз миллион тұрғыны бар республика халқының дені - мұсылмандар.
Тәжікстанда бұған дейін мектептерде орамал тағуға және балалардың мешітке баруына тыйым салынды. Өткен жылдары шетелдегі мұсылман оқу орындарынан мыңдаған тәжік студенті елге қайтарылды.