$ 444.22  476.38  4.82

Қазақ хандығының 550 жылдығына орай ғылыми зерттеулер жүргізіледі

2015 жыл елімізде Қазақ хандығының 550 жылдығы атап өтіледі, осы мерейтойға орай көптеген ғылыми зерттеулер жүргізіледі. Бұл туралы бүгін Халықаралық түркі академиясының қызметімен танысу барысында БАҚ өкілдеріне ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіхалықова мәлімдеді, деп хабарлайды Bnews.kz.

«Келесі жылы үлкен мерейтойлар бар. Қазақ хандығының 550 жылдығы, Қазақстан халқы Ассамблеясы жылы, Конституциямыздың 20 жылдығы, Ұлы Жеңістің 70 жылдығын атап өтеміз. Осы мәселелердің барлығы, әрине, тарихи, ғылыми тұрғыдан зерттеуді қажет етеді. Осы зерттеулерде Қазақстанда құрылған халықаралық түркі академиясы аса маңызды рөл атқарады. Бұл академия Әзірбайжан, Қазақстан, Қырғызстан және Түркия елдері басшыларының қолдауымен құрылып, биыл елімізде арнайы келісімшарт ратификацияланды», – деді Г.Әбдіхалықова. 


Мемлекеттік хатшы Елбасының түркі елдерінің, Еуразия кеңістігіндегі мемлекеттердің интеграция мәселесіне үлкен көңіл бөліп отырғанын атап өтті. 

«Осы интеграциялану, әсіресе, мәдениет, тарих мәселелері бойынша түркі академиясының атқарар істері көп. Келесі жылы Қазақ хандығының 550 жылдығына байланысты көптеген зерттеулер болады, тарихты шынайы көрсету керек. Сонымен қатар, түркі елдерінде көптеген конференциялар өтеді. Америка, Еуропа, ЮНЕСКО-ның штаб пәтерінде тарихқа байланысты кездесулер өтеді. Осының бәрін өткізу академияның құзырында», - деді Мемлекеттік хатшы. 

Гүлшара Әбдіхалықова халықаралық түркі академиясында бірегей ғылыми орталықтың ғылыми-зерттеу қызметімен танысты. Сондай-ақ, Мемлекеттік хатшы түркі халықтарының тарихи музейі мен 32 мың кітап қоры бар академия кітапханасын аралап көрді. Осыдан кейін Гүлшара Әбдіхалықова академияның ғалымдары мен қызметкерлерімен кездесу өткізді.

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары