Шымкенттік өрт сөндірушілер су құбырын жарып жіберіп, қаланың жартысын ауыз сусыз қалдырды. Төтенше жағдай 30 шілде күні кешке Жангелдин көшесінде орын алған деп жазады "Отырар" телеарнасы. Атқылаған судың биіктігі көпқабатты үйдің биіктігіндей болыпты.
"Біз өмірімізде мұндай фонтан көрген емеспіз. Судың қысымының мұндай болатынын білмеппіз", - деп куәгерлер таңданыстарын жасырған жоқ. Ал, сол маңдағы көліктерді су тұтастай шайып кеткен.
Оқиға орнына жеткен мамандар Әл-Фараби ауданының бірнеше көшесін сумен қамтитын құбырды бекітіп тастады. Салдарынан 4 шағынауданның тұрғындары бірнеше сағатқа сусыз қалған. Тек қысым бәсеңдегеннен кейін ғана жарылған құбырды алмастыру жұмыстары жүргізіліпті.
Телеарна тілшілерінің мәліметінше, өрт сөндірушілер Молдағұлова көшесінде орналасқан сауда үйін сөндіруге асыққан екен. Көліктеріне су толтырып алу үшін олар Жангелдин көшесіндегі гидрантты пайдаланбақ болған. Алайда, темір құбырдың аузын бекітеміз деп оны сындырып жіберіпті.