$ 448.56  478.03  4.79

"Каспий банктен" ұрланған ақшаның орнын банк өз есебінен жабады

Алматы облысы Талғар ауданындағы "Каспий банк" бөлімшесінен ұрланған қаражаттың орнын банк өз есебінен жабатын болды. Бұл туралы қаржы компаниясының баспасөз хатшысы Ербол Азанбек өзінің Facebook-парақшасында мәлімдеді.

Оның айтуынша, банктен тоналған қаражат сомасы бұған дейін БАҚ беттерінде жарияланғандай 60 миллион емес 40 миллион теңгені құрайды екен.

"Қылмыстың қалай жасалғаны туралы видеоны бәріңіз көрдіңіздер. Ақпарат таратуда біз барынша ашық болдық және ары қарай да ашықпыз. Банк құқық қорғау органдарына қажетті мәліметтің бәрін берді. Іздеу жұмыстары жүргізілуде. Табылады деп сенеміз", - деп жазды Е.Азанбек.

Ол сондай-ақ, қылмыскерлер туралы ақпарат бергендерге 5 миллион теңге сыйақы тағайындалғанын да мәлімдеді.

"Қолды болған қаражат толықтай банктің өз есебінен жабылады. Біз үшін ең маңыздысы – клиенттер мен қызметкердің өмірі мен денсаулығы. Клиенттер болмаған, ал қызметкерлеріміз аман-есен. Қалғаны орны толатын нәрселер. Басымыз бүтін, деніміз сау болсын!" - дейді банктің баспасөз хатшысы.

Естеріңізге салайық, 22 тамыз күні таңертең суық қаруланған екі адам Талғардағы банк бөлімшесіне шатыр арқылы еніп, екі қызметкердің аяқ-қолын байлап, ірі көлемдегі қаражатты қолды қылған болатын. Күдіктілер әлі ұсталған жоқ.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары