10.02.2015, 07:29

Ол өзін «Соңғы қазақ» деуші еді...

сурет: dat.org.kz

Бүгін қалың қаралы қауым М.Әуезов атындағы мемлекеттік академиялық драма театрында қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, белгілі қаламгер Герольд Бельгерді ақтық сапарға шығарып салды. Қоштасу рәсімінде қазақстандық қоғам қайраткерлері, қаламгерлер, Германия елшілігінің өкілдері сөз сөйлеп, қаламгердің жақындарына көңіл айтты. Олар жазуышының Қазақстандағы неміс халқының өміріне және қазақ, неміс және орыс тілдерінің дамуына қосқан үлесі туралы айтты. Жазушы Кеңсай зиратына жерленді. Өмірін жазушылыққа арнап, адал еңбет еткен марқұмның отбасына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев көңіл айтып, жеделхат жолдады.

 Кенжебай АХМЕТОВ, жазушы, аудармашы:

− Бүгінде қазаққа «жанашыр» көп. Түймесін басып қалсаң, «қазағым!» деп сайрап қоя береді. Алайда сөзі жүрегіңе жетпейді.

Гер-ағаңның жөні мүлде бөлек. Ол шын ниетімен қазақ боп қуанатын, қазақ боп жаны ауыратын. Бұл қасиеті ақсақалдың әр пікірінен, әрбір әрекетінен айқын танылатын. Қазақтың жағымсыз мінездерін сынағанның өзінде, оның жүрегі қан жылап тұратынын сезуге болатын және қазақтың келешегіне еш уақытта күмәнданбайтыны анық аңғарылатын.

Герольд Бельгер – қазақты қазақ қалпында сүюдің нағыз үлгісін өз өмірі арқылы көрсетіп өткен қазақтың ұлы перзенті.

 Қуандық ШАМАХАЙҰЛЫ, журналист, филология ғылымдарының кандидаты, доцент:

Герольд Бельгер – аты алман демесең (неміс дегім келмейді), заты қазақ еді ғой. Ол өзін «Соңғы қазақ» деп атады. Әрине, шартты түрде айтылса керек. Белгілі бір дәуірдің өкілі болғанын, ол кезеңнің енді қайталанбайтындығын меңзеген болса керек. Үш тілді меңгерген адам қалай десек те, ой-өрісі кең, рухани мәдениеті бай адам ғой. Жазған туындыларынан, берген сұхбаттарынан оның нағыз «алтын сандық» екендігі аңғарылып та тұратын. Қазақты ол шын сүйді. Олай дейтін себебім, негізі, халыққа расымен жаны ашыған адам ғана сын айтады. Ол жағынан келгенде, Герағамыз аянып қалған жоқ. Ол кісінің сынын ешбір қазақ көңіліне ауыр алмады. Әйтпесе, біздің қазақтың сынға келгенде асаулығы жетеді ғой. Ондай сынды әрине, қазақтың өзі емес, өзге ұлт өкілі айтып жатса, ерін бауырына алып тулайтындай-ақ жөніміз бар. Бірақ, дәл Герағаң айтқан сынға тулаған қазақты көрмедік. Неге? Мұның екі түрлі себебі бар. Біріншіден, ол кісі қазаққа деген жанашыр сырларын, ащы сынын көбінесе анатілімізде айтты. Екіншіден, барша қазақ Герағаңды еш жатсынбады, ұлты алман деп те қарамады. Өз ағамыз, абыройлы ақсақалымыз деп қабылдады. Сондықтан, ол кісінің ащы айтқанының өзін бәріміз «енесі тепкен құлынның еті ауырмайды» деп қабылдайтын едік.

Жалпы, көңілі ақ, ниеті адал адамды халық жазбай таниды. Шындықты көріп, оны еш алаңсыз, боямасыз айта білген адам қашан да елдің ықылас-құрметіне бөленетіні заңдылық қой. Егер жауырды жаба тоқып, жоғарғы билікке жағымпазданып, өтірік мүләйімсіп отырса, ондай жазушының, ондай екіжүзді ақсақалдың барынан жоғы демей ме? Халық жазушы адамнан жақсы туынды ғана емес, шындық сөзді күтеді. Халықтың естігісі келген шындықты Герағаң өз деңгейінде ашық, айқын айта білген адам. Сол қасиетімен ақсақал халықтың жүрегінен өз орнын алды. Өмірден өткенін естіген сәттен бастап, бүкіл қазақтың қоғадай жапырылып жоқтауы кездейсоқтық болмаса керек. Герағаң өмірден өтсе де қазақжанды бауырластары аман-сау болсын. Ендігі бізге маңыздысы, Герағаңның артында қалған мол қазына − әдеби мұрасын зерттеп, тану болмақ.

                                                                                                                                                                                     Ырысбек Дәбей