Осыдан бірнеше күн бұрын кейбір БАҚ «Омбы облысының губернаторы Виктор Назаров елімізге күтпеген өтініш жасап, Ресейдің Русская Поляна ауылына жету үшін Солтүстік Қазақстан территориясын басып өтуге мәжбүр болған Омбы тарабы жер алмасуды сұрады. Есесіне, құнарлылығы жағынан кем түспейтін Ресей жерінің дәл сондай бөлігін Қазақстанға бермек. Қазақ халқына тиесілі жерді көрші мемлекет меншігіне беру мәселесі бойынша облыс әкімі бастаған бір топ делегация тіпті Омбыға барып, екі тарап кездесу өткізген» деген ақпарат таратқан.
Ол кездесуде Омбы облысының губернаторы Виктор Назаров: «Бүгінде шекаралық аймақтарда демаркация жүргізіліп отыр. Егер бұл жерді Омбы губерниясына берсеңіздер, біз дәл сол көлемдегі табиғаты, климаттық жағдайы сәйкес келетін аумақты Қазақстанның территориясына тапсырамыз», - деген ұсынысын қойған. Ал оған Солтүстік Қазақстан облысынң әкімі Ерік Сұлтанов: «Виктор Ивановичпен бұл мәселені арнайы қарайтын комиссия құруды жоспарлап отырмыз. Сосын, ұсынысымыз демаркация жөніндегі үкіметаралық кеңесте қаралатын болады. Мәселені шешу солардың құзырында. Ал, біз жергілікті билік ретінде толық картинаны беруіміз керек», - деп жауап та берген.
Бүгін (23 ақпан) ҚР Сыртқы істер министрлігі Ресейдің Қазақстанға өзара жер алмасу жөнінде ұсыныс жасағаны туралы ақпараттарға қатысты түсінік берді. Министрліктің баспасөз хатшысы Нұржан Айтмаханов РФ мен ҚР арасындағы мемлекеттік шекараны демаркациялау мәселесінің тек қана Мемлекеттік шекараны демаркациялау мәселелері жөніндегі Қазақстан-Ресей бірлескен комиссиясының құзырында екенін айтып, ресми ақпарат таратты. "РФ делегациясы аталған комиссияға мұндай ұсыныспен өтініш жасаған жоқ. Ресей тарапы ұсыныс жасаған жағдайда мәселе қалыптасқан келіссөздер үдерісіне және халықаралық тәжірибеге сәйкес мұқият қарастырылатын болады", - дейді Нұржан Айтмаханов.
Skifnews.kz ақпарат