25.02.2015, 14:42

Президент сайлауы 26 сәуірде өтетін болды

Елбасы 2015 жылы 26 сәуірде кезектен тыс президент сайлауын өткізу туралы жарлыққа қол қойғанын 25 ақпанда Қазақстан халқына жолдаған видео үндеуінде  мәлімдеді.

Видео үндеуде Елбасы: «Бүгін мен Парламент Сенаты мен Мәжілісінің жетекшілерімен, ҚР Премьер-министрімен және ҚР Конституциялық Кеңесінің төрағасымен консультациялар өткіздім. Президенттік және парламенттік сайлаулардың күнтізбелік мерзімі 2016 жылға сәйкес келеді және іс жүзінде бірігіп кетеді. Конституция бұған рұқсат етпейді. Менің конституциялық өкілеттігім де 2016 жылы бітеді», - деді. 

Елбасының айтуынша, халық екі ұсыныс айтып жатыр - Президенттің кезектен тыс сайлауын өткізу және Президенттің өкілеттігін ұзарту жөнінде референдум өткізу. «Екі ұсынысты да іске асыруға болады, бірақ анағұрлым дұрысы - Конституция талаптарына сай келетіні - сайлау өткізу. Сондықтан халықтың мүддесі үшін, олардың маған арналған ұсынысын ескере отырып, көпшіліктің еркі бойынша, негізгі заңды мүлтіксіз орындау мақсатында мен Конституцияның 41-бабының 3-1-тармағына сәйкес, кезектен тыс президент сайлауын өткізуді 2015 жылдың 26 сәуіріне белгілеу туралы Жарлыққа қол қойдым», - деді Елбасы. 

Кезектен тыс президент сайлауын өткізу туралы бастаманы 14 ақпанда Астанада өткен кеңесте Қазақстан халқы ассамблеясы көтерген болатын. Ассамблея ұсынысын парламент мәжілісі мен сенаты, саяси партиялардың көпшілігі қолдағандарын мәлімдеген.

 

Skifnews.kz ақпарат