Астана тұрғыны Жандос Құрманбаев мемлекеттік Туды үйінің терезесінен шығарып ілгені үшін «мемлекеттік символдарды заңсыз қолдану» бабы бойынша 200 АЕК көлемінде айыппұл салынып, 400 мың теңге төлейтін болды. Бұл туралы 28 ақпан, сенбі күні tengrinews.kz сайты хабарлаған болатын.
Бұл іс көп адамның наразылығын қозғады. Оппозициялық саясаткер Жасарал Қуанышәлі: «Бұл − барып тұрған есуастық! Бұл − диктаторлық режимнің Бірінші басшысы ғана емес, түгел алжығандығын көрсететін масқара жағдай. Жалпы, бұл режимнің Жаңаөзен-Шетпеде 2011 жылдың 16-18-і күндері, яғни, тура Тәуелсіздік мейрамы үстінде бейкүнә еңбек адамдарына жасаған қанды қырғынынан соң-ақ, одан бәрін күтуге болатыны белгілі болған. Демек, мұндай нақұрыс биліктен тезірек құтылу үшін барлық күшті жұмылдыру қажет. Әйтпесе, ол әлі еш ақылға сыймайтын талай сорақы іс-әрекеттерге барады», − деді skifnews сайтының журналисіне. Ақын Болат Жетекбай: «Суретіне қарағанда, сәл бей-берекеттеу, жауапсыздау ілінген екен. Соны ескертіп, заң бойынша тек тиісті мекемелер төбесіне ғана ту тігілетінін айтса да жеткілікті еді. Мынасы − шаш ал десе, бас алу, сондағылардың сорақы ісін паш еткен ұят тірлік», − десе, тарихшы Мақсат Алпысбес: «Өз басым туды ілгені үшін азаматқа айып салу қисынсыз іс деп білемін, ал құқықтық тұрғыда оның мəн-жайын зәңгерлер артық білер деймін», − деді.
Skifnews ақпарат