$ 439.43  473.31  4.82

Бұрымы ең ұзын ару Өскеменде тұрады

Сәнді етіп көрсетуге тырысып ұзын шашты қылтитып қиып, онымен қоймай сарала, көкала ғып басқа түске бояп тастап жүрген қыз-келіншектер Лаураның арқасында ойнаған қос бұрымын көріп қалса сөз жоқ сүйсінер еді, деп жазады altaynews.kz порталы.

Өскемендік Лаура Аипованы көшеден, қоғамдық көліктен, басқа да жерлерден көріп қалған жандардың көпшілігі оны әңгімеге тартып, жақынырақ танысқысы келіп жатады. Мен Лаурамен оның өзінің жұмыс орыны- Өскемендегі «ОблШығысЖол» мекемесінде таныстым. Осы ұжымда кеңсе хатшысы болып қызмет етіп жатқан Лаура Марқакөл өңірінің тумасы, ШҚМТУ-дың түлегі екен.

«Шашымды 5-сыныпта оқып жүргенімде қысқа етіп қидырып тастағаным есімді. Содан кейін ұзын шашыма қайшы тигізіп көрген емеспін. Жерге түсіп, шаң болмас үшін ғана ұшын аздап қысқартып қоямын» , – дейді Лаура.

Сұлулықты бұрымға сидырып «Таудың көркі –тас, қыздың көркі-шаш» деп жататын қазақ халқының ұғымында шаш әйел затының, қазақ қызының сәні, көркі деп бағаланып келеді. Лаураның сүмбіл шашына таңданбаған, көзі түспеген жан кемде –кем. Кейде аялдаманың өзінде оның теріс қарап тұрғанын пайдаланып, ұялы телефонға «сыртылдатып» суретке түсіріп алып жататындар да көп екен.

«Мен шашымды көбінесе түйіп жүремін. Бірақ кейде көшеге әдейілеп өріп қойып шығатын кездерім де болады. Ондай кездері әрине маған көрсетіліп жататын құрмет те, ілтипат та, ізет те айырықша. Шашымды өріп шығуым мақтанайын немесе көзге түсейін дегендіктен емес. Қыздар, ата-аналар шашымды көріп, өздерінің де шашын, өз қыздарының да шашын осылай күтіп, баптап өсірсін деген оймен. Қыздар өздерінің шашын аяласа, өзін аялағаны деп білемін» – деген Лаура тіл, көз тимес үшін киіміне түйреуіш тағып қоятынын да жасырған жоқ.

Лаураның бұрымының ұзындығы қазір 1,5 метрден асыпты. Жерге жетуге аз-ақ қалған оның ерекше бұрымын анадайдан байқаған ақ жаулықты апа көшеде кетіп бара жатқан жерінен тоқтай қалып, қолын жайып ақ батасын беріпті. Қолаң шашты қызымызға біз де елінің көркі бола беруін тіледік.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары