$ 447.4  477.55  4.76

Жамбыл облысында «Елбасы – ел тірегі» атты жастар форумы өтті

ҚР Тұңғыш Президент күні мерекесі биыл елімізде алтыншы жыл қатарынан тойланып келеді. 2011 жылдың 10 желтоқсанында Парламент Сенатының депутаттары әр жылдың 1 желтоқсанын мемлекеттік мереке етіп бекіту туралы заң жобасын бірауыздан мақұлдаған болатын. Бүгінде осынау мейрам тек мемлекеттік деңгейде ғана емес, жалпыхалықтық сипатқа ие болып отыр.

Айтулы мерекені Жамбыл облысының халқы да жаппай атап өтуге кірісіп кетті. Мейрам қарсаңында облыс орталығы мен аудандарында ондаған іс-шара өтуде. Солардың бірі Жамбыл ауданында өткен аудандық жас патриоттар форумы. Айтулы шара ҚР Тұңғыш Президент күніне орай және Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында жүзеге асып отыр.

Жас патриоттар форумы аудан әкімдігінің «Жастар ресурстық орталығының» ұйымдастыруымен өтті. Форумның мақсаты – жастардың бойына патриоттық тәрбие сіңіру, Елбасының саясатын жас ұрпаққа ұғындыру. Жиын барысында аудан әкімінің орынбасары жастарды мерекемен құттықтады. Сонымен қатар, облыс, республика көлемінде жетістіктерге жетіп, топ жарып жүрген бірқатар белсенді жастар аудан әкімінің арнайы алғыс хатымен марапатталды.

«Өзіне сенім артқан жұртты ешқандай қантөгіссіз өркениетке жетелеп, әлеуетті мемлекеттердің алдыңғы қатарына қоса білген Ел Президентінің орны ерекше.Бүгінде әлемдік саяси аренада Қазақстан деген атпен танылып, өзіндік орнын айқындаған, Европа мен Азияның жүрегіне айналған мемлекетіміз өз тарихында жастар бастамаларымен жүзеге асқан көптеген істердің куәсі болды.Жастар –елдің болашағы.Ертеңгі күннің жарқындығы, сәулелі болуы соларға байланысты.Аға ұрпақтың орнын бүгінгі Тәуелсіздіктің белбалалары болады» деді Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары Үміткен Қапанқызы.

Жалынды жастар: «Азаттықтың ақ таңы атқалы, талай кезеңдерден сүрінбей өтіп, елімізді кемел келешекке жетелеген мемлекет басшысы тек құрметке лайық» - дейді. Сондай-ақ, олар форум барысында Елбасына деген ыстық ықыластары мен зор сенімдерін білдірді.

«Елбасымыздың өзі айтқандай: Елдің ертеңі, елдің тұтқасын ұстар – жастарға үлкен үміт артып отыр.Сол үмітті ақтау жолында ауданымыздың жастары еш аянып қалып жатқан жоқ. Сондай керемет іс-шараға бүгін біз куә болып отырмыз», - дейді форумға қатысқан белсенді жастардың бірі Сағи Сағынғалиұлы.

Мерекелік шара концерттік бағдарламаға ұласып, патриоттық әндер шырқалды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары