Елбасы белгілеп берген үлкен бағыттардың бірі – тіл реформасы. Ал тілдік реформа – рухани жаңғырудың өзегі. Сондықтан, Жамбыл облыстық тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен өткен дөңгелек үстел жиынының «Мемлекеттік тіл және Елбасы» деп аталуы бекер емес.
Дөңгелек үстел басына жиналған ғалымдар, тіл жанашырлары мен зиялы қауым өкілдері латын графикасына ауыстырылған қазақ тілінің болашағы жайында әңгімеледі. Латын қарпінің енгізілуіне қарай, соған сәйкес емле ережеміз де өзгеруі тиіс. Тіл мамандары қазіргі қолданыстағы ережелердің көбін қажетсіз деп танып отыр. Өйткені, кирилицадағы таңбалар арқылы қазақ тілінің артикуляциялық, фонетикалық және грамматикалық заңдылықтары бұзылған. Сол себепті, алдағы уақытта шамамен ереженің 20-25 пайызы алынып тасталуы мүмкін. Осы мақсатқа сай елімізде 4 жұмыс тобы құрылды. Әр топтың құрамында 20 ға жуық адам еңбек етеді. Бірінші - орфографиялық жұмыс тобы. Мұндағылар жаңа әліпбидің негізінде қазақ тілінің емле ережесін дайындайды. Ал әдістемелік топ мүшелері жаңа әліпбидің білім жүйесіне енгізілуін, қоғамдық ортада қолданылу аясын кеңейтуге күш салады. Нәтижесінде...
«Біріншіден, қазақ тілінің заңдылығына сәйкес, жаңа үлгідегі әліпби пайда болады. Екіншіден, сол әліпбидің дыбыстарының айтылуы мен жазылуын қамтамасыз ететін орфографиялық, орфоэпиялық сөздік пайда болады. Терминологиялық жұмыс тобы қазір 30 том салалық сөздік жиналған 350-360 мың сөздік қоры бар. Солар біздің тілімізге аударылады. Жаңа термин саны мен жаңа қағидаттар қалыптастырылады. Компьютерде қазақ клавиатурасы пайда болады», - деді Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының директоры Ербол Тілешов.
Тіл жанашырлары Тараз мемлекеттік университетінен кейінТараз инновациялық гуманитарлық университетінде де кездесу өткізді. Мұнда жастарға «Латын қарпіндегі Қазақ әліпбиіне көшу-заман талабы» тақырыбында дәріс оқылып, мәні мен маңызы жан-жақты түсіндірілді. Ал ғалымдар Елбасының Жарлығымен қабылданған жаңа әліпбиді қолданысқа енгізсек, ұтарымыз көп деп отыр.
«Латын әліпбиіне көшуді пайдаланып қалуымыз керек. Біріншіден қазақ тіліндегі төл дыбыстардың басын ажырата алмай отырмыз.Сапырылысып кетті кирил әріптері. Екіншіден егер қазіргі емле ережесінің өзі де қым-қуыт болып кетті.Сөздің үндестік әуезділігі бұзылып жатыр, сөздің морфем талдауы бұзылып жатыр.Тіптен тасымалдаудың өзін дұрыс жатқан жоқпыз. Өйткені әріп бір жақта, дыбыс бір жақта қалып жатыр», - деп атап өтті филология ғылымдарының докторы, профессор Әлімхан Жүнісбек.
Қазіргі күні осы мәселе бойынша ғалымдар кешенді бағдарлама әзірлеу үстінде. Бұл бағдарлама аясында алдағы уақытта Алматы және Астана қалаларымен еліміздің 14 облысын қоса алғанда, 16 мектепте латын қарпіне басымдық берілген тәжірибелік сыныптар ашылады.