$ 498.34  519.72  4.85

Түркістан тұрғыны: Тайғазанды Ресейден әкелген біз!

Йассауи кесенесіндегі кейбір гидтер Тай­қазанды әкелген деп оған тіпті де қатысы жоқ адамдардың аттарын атап жүрген көрінеді. «Бұл деген – тарихқа жасалған қиянат қой!» деген Түркістан тұрғыны өзінің бұл жәдігерді әкелуге атсалысқандардың бірі екен айтты, деп жазады zamana.kz.

Редакциямызға Түркіс­тан қаласының тұрғыны Роза Пірмашевадан хат келді. Ол кісі өзін тол­ғандырып жүрген  мынадай мәселе жөнінде жазыпты:

«Тайқазанның 1989-жылы Ленинградтағы Эрмитаждан Түркістанға қайта әкелінуіне азды-көпті атсалысқан жандардың бірімін. Құрамында Кеңес Одағының Батыры Есет Расулов, Жоғарғы Кеңес депутаты Людмила Акбарова, мен және сол кездегі Түркістан қалалық атқару комитетінің төрағасы Еркін Жорабеков бар делегация ел атынан Мәскеуге бар­ғанбыз. Қалада бірнеше күн қона жатып, үлкен жұмыстар атқардық. Тайқазанды Түркістанға қайтару жөніндегі көптеген адамдардың қолы қойылған хатты апарып тапсырған едік. Мүмкін осы еңбегіміздің жемісі болар, арада көп өтпей Тайқазан өзінің тарихи Отанына,  Йассауи кесенесіне оралды.

Сөзіме дәлел ретінде редакцияларыңызға хатпен бірге сол кезде түскен суретімізді жолдап отырмын.

Естуімше, бүгінде Йассауи кесенесіндегі кейбір гидтер Тай­қазанды әкелген деп оған тіпті де қатысы жоқ бір адамдардың аттарын атап жүрген көрінеді. Бұл деген – тарихқа жасалған қиянат қой!»

 Р.Пірмашеваның бұл хатын оқып, таныс­қасын  онда көрсетіл­ген телефон нөмірі ар­қылы ол кісінің өзімен хабарластық.

 Білгеніміз – Роза апаның жасы қазір 79-да, ол кісі «Халықтар дос­тығы» орденінің иегері, кезінде зауытта аппаратшы болып жұмыс істеген, еңбек озаты ретінде қалалық Кеңестің депутаты, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болған екен. Жары Махамбеттен ертерек айырылып, 7 баласын қатарынан кем қылмай өсіріпті. Қазір ұрпағынан тараған немере-шөберелерінің қызығын көріп отырған жан.

 «Жалпы, өз басым артық әңгімені онша жарата бермейтін жанмын. Тайқазан Түркістанға тек біздің арқамызда әкелінді деп жар салудан да аулақпын. Ақиқаты ғана  айтылса екен деймін. «Гидтер Тайқазанды әкелді деп оған еш қатысы жоқ адамдардың атын атап жүр. Сіз білесіз ғой, неге шындықты айт­пайсыз?» – дейді кей таныстарым. Енді... еш еңбек сіңірмей абырой жинағысы келген ондай адамдар расында да бар болса, өздерінің ар-ұяты білсін. Сіздер тиісті жайларды анықтап, ақиқатын жазсаңыздар екен.

 Біз ол кісі айтқан мәселе бойынша Түркістандағы А.Йас­сауи қорық-мұражайының баспасөз қызметіне хабарластық, ол арқылы мұражайда гид болып қызмет ететін Данияр Садуақасовпен байланыстық.

 «Негізі біз келген адамдар­ға онда қойыл­ған жәдігерлерді қысқаша ғана таныстырамыз. Оның барлығын ұзын-сонар айтып жатуға уақыт жетпейді. Тайқазанның тарихы да солай, қысқаша таныстырылады. Оның қай кезде, қалай құйылғаны, кім жасатқаны жөнінде айтып өтеміз. Қоғам қайраткері Өзбек­әлі Жәнібековтің бастамасымен, атсалысуымен әкелінгені айтылады. Оны әкелуге атсалысқан деп басқадай адамдардың атын атағанды өз басым естімеппін.

 Ал, жалпы, Тайқазанды әкелуге қатысты іс-шараларға атсалысқан адамдардың тізімін білгісі келгендер оны қала әкімдігінен сұрағаны дұрыс. Қала активінен қатыс­қан адамдардың аты-жөнін солар білуі керек», – дейді Д.Сәдуақасов.

 Ендеше, Түркістан қаласы әкімдігінің бұл мәселе төңірегінде тиісті жұмыстар жүргізуі керек-ау. Тайқазанның Түркістанға оралуына қандай да бір еңбегімен атсалысқан адамдар болса, жұрттың оларды біле жүргені жөн ғой. Сондай-ақ көпшіліктің оған еңбегі сіңбесе де «атсалысқан» атанып жүргендер жөнінде білгені де артық етпес.

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары