26 жастағы Мейрамбек Танеевті жұмыс уақытында 2 жігіт 10 жерден пышақтаған. Абырой болғанда таксист қашып құтылыпты. Қазір ол ауруханада емделіп жатыр деп жазады Uralskweek.kz.
Мойнына бірінші жарақатын салғанда өзін құтқармақ болған Мейрамбектің сол қолын алмас кесіп кеткен.
«Түнгі 3 шамасында Пугачева көшесіндегі аялдамадан екі жігіт қол көтерді. Күн суық, апарып тастайын деді. Біреуі алдынғы орындыққа, екіншісі арт жаққа отырды. Сөйтіп, «38-ші аудандағы мектепке барып, бір қызды алуымыз керек» деді. Діттеген жерге жеткен соң, алда отырғаны сыртқа шықты да бір мунут болмай жетіп келді. Есікті ашып, қайта жапты. Айналып келіп, «Ол қыз шықпайтын болды» деді. Қатты ашуланып тұрғаны анық көрініп тұр еді. Сағат бұл кезде 4-тен кетіп қалған. Содан маған арт жақта отырған жігіт пышақ ұрды. Түк түсінбей қалдым. Тек «Неге?» деп сұрадым. Болды. Өзімді қорғауға тырыстым. Әлім жеткенше алыстым», – деп еске алды Мейрамбек сол күнгі жағдайды.
Мейрамбек негізі «Юнисерв» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қоймасында жұмыс істейтін көрінеді. Тек қосымша табыс ретінде ол анда-санда адам тасиды.
Жәбірленушінің қайырымдылықпен айналысатын әйелінің досы оны Аяз Ата болуға шақырыпты. Мейрамбек енді 27 желтоқсанға дейін жазылып, балаларға қуаныш сыйласам дейді.